Ақтөбеде басталды, Байқоңырда жалғасады
Олимпиада
Сейсенбіде Достық үйінде ел Тәуелсіздігіне 20 жыл және тұңғыш ғарышкер Юрий Гагариннің ғарышқа ұшқанына 50 жыл толуына орай VII Азия-Тынықмұхиттық астрономия олимпиадасының ашылу салтанаты өтті.
Облыстық планетарий ұжымы ұйымдастырған ауқымды олимпиаданы ең әуелі облыстық әкімшілік қолдады. Астанадан «ҚазҒарыш» агенттігінің өкілі, ғарышкер-сынақшы Айдын Айымбетов, Алматыдан жазушы-фантаст Жүніс Сахиев келді.
Олимпиаданың Орталық комитетінің төрағасы Михаил Гаврилов Азия-Тынық мұхит елдері арасында кеңінен танымал олимпиаданың тарихына қысқаша тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ашылу салтанатынан соң олимпиадаға қатысушылар «ҚазҒарыш» агенттігінің өкілі, ғарышкер-сынақшы Айдын Айымбетовпен кездесті. Бұйырса, алдағы уақытта ғарышқа ұшатын үшінші қазақ оқушыларға «ҚазҒарыштың» тыныс-тіршілігі жайында дәріс оқыды.
Облыстық планетарийдің директоры Қорлан Бөлековтің айтуынша, 8 қарашада басталған білім сайысына қатысқан 65 жас астроном екі топ бойынша сынға түсіп жатыр. Бірінші топта 7-8-9 сыныпта оқитын оқушылар, ересектер тобында 10-11 сынып оқушылары бар.
Кеше қатысушы оқушылар олимпиада бағдарламасына сәйкес Байқоңыр ғарыш айлағына саяхаттап кетті.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



