«Сол жемнен мен де су ішкем…»
Тобық — 90
Жалынды жүрегі өмір күйін шертіп өткен аяулы азаматтардың бірі — жазушы Тобық Жармағамбетов. Ол әдебиет әлемінде жарқ етіп көрінді де, бойындағы барын сарқып бере алмай, ерте дүние салды. Соңғы сөзі қаламның ұшында қалды.
Тобық Жармағамбетов 1934 жылы 15 қазанда Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Жарқамыс ауылында дүниеге келген. 1957 жылы С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген соң, ауылында орта мектепте мұғалім болды. «Жаңа өмір» аудандық газетінде жауапты хатшы, редактордың орынбасары, ал 1960 жылдан бастап Ақтөбе телестудиясының аға редакторы жұмысын атқарды. Ақтөбе облыстық «Коммунизм жолы» газеті редакциясында және өмірінің соңғы кездерінде мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамында қызмет істеді. Тобық Жармағамбетов проза жанрында, теледраматургия саласында еңбек етті. Тобық Жармағамбетов — КСРО Жазушылар одағының мүшесі, КПСС мүшесі. Талантты жазушы ауыл жастары өмірінен көптеген очерк, әңгіме, повесть жазды. Оқырман оның туындыларын әрқашан жылы қабылдап отырды. Өкінішке қарай, дарын иесінің шығармашылық және өмір жолы қысқа болып, 1973 жылы 30 қыркүйекте көз жұмды.
Жазушының 1956-1994 жылдардағы жеке тектік құжаттары ең алғаш 1995 жылы мемлекеттік архивке сақталуға түсті. Сонымен қатар архивте партия құжаттарының арасында жазушының партияға қабылданғаны туралы жеке істері де сақталған.
Т.Жармағамбетовтің жеке тектік қорындағы шығармаларына тоқталайық. Тобықтың бірінші кітабы «Жазушы» баспасынан 1966 жылы «Нәзік бұлттар» деген атпен жарық көрді. Талантты жазушы қысқа ғұмыры ішінде «Екі жүрек», «Нәзік бұлттар», «Қызыл ай», «Сентябрь түні», атақты суырыпсалма ақын Н.Байғанин туралы «Бәйтеректің жас шағы» атты прозалық кітаптарын шығарды. «Нәзік бұлттар» — Тобықтың ақындарға тән аса нәзік сезімталдықпен беріле жазған, өлеңдей өріліп, жібектей есілген шынайы шығармасы (осы шығармалардың қолжазбалары Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінде сақтаулы тұр).
Архив мәліметтерін зерделей қарағанда, Тобық Жармағамбетовтің талғампаз оқырман қауымның рухани қажетін өтейтін, ойына орнығатындай тамаша туындылар жазғанын көреміз. Уақыт сынынан өтетін ондай шуақты шығарма ойы терең, қиялы ұшқыр, құлашы кең, жаны жомарт нағыз сөз зергерінің қолынан келеді. Жазушы Тобық Жармағамбетов сондай тума талант болатын. Адамның басынан кешкен ғұмыры жылжып өткен жылдармен емес, оның болашақ ұрпаққа қалдырған ізі, мұрасымен өлшенетіні сияқты ол өзінің қамшының сабындай қысқа өмірінде ұрпақтан-ұрпаққа ұласа беретін адамгершіліктің асыл қасиеттерін дәріптейтін тәрбиелік тағылымы мол, өлмелі қарияның өмір табалдырығынан жаңа аттаған жас буынға айтқан ақыл-кеңесі сияқты асыл қазыналарымыздың бірі болып қала беретін 7 повесть, 18 үлкенді-кішілі әңгімелерін қалдырған жазушы. Бұл — оның тек баспа бетін көрген шығармалары. Тобықтың әңгімелерінің ең тылсым табиғаты ерекше дүниесі — «Эмигранттың өлімі». Бұл әңгімеге көз тіккенде бүгінде өзіміз күнделікті баспасөзден оқып, теледидардан көріп жүргендей туған жерден жырақта жүрген бауырларымыз атамекенді бір көруге зар болып жүрген жағдаяттары есімізге түседі.
Тобықтың жеке тектік қорында оның тырнақалды туындысы — «Екі жүрек» әңгімесі де бар. Ол бұл дүниесін 1957 жылы университетті бітіріп, ауылға кетіп бара жатып «Жұлдыз» журналының редакциясына тапсырып кеткен екен. Бұл әңгіме студенттік өмір хақында алғашқы жазылған туындылардың бірінен саналады. Тобықтың алғашқы шағын әңгімесінің өзінде-ақ өмір шындығын, мөп-мөлдір суреттегені сондай, тіпті сол кездегі студент жастардың қолынан тастамай сүйіп, сүйсініп оқитын шығармасына айналған. Тобық «Нәзік бұлттар» повесін соқыршек болып операция жасатқаннан кейін жазған. Дәрігерлер столға отырып жұмыс істеуге рұқсат етпеген. Дегенмен зердесінде пісіп, дайын тұрған дүниені бас-аяғы бір айда қағазға түсіріп үлгерген. «Нәзік бұлттар» — өлеңдей өріліп, жібектей есілген шынайы лирикалық шығармасы.
Айтулы Нұрпейіс Байғаниннің аса дарынды халық ақыны болғаны баршамызға белгілі. Ал оның қандай орта, қай кезеңде қалай ақын аталып танылғаны көбімізге беймәлім. Жазушының «Бәйтеректің жас шағы» деген повесінде халық ақынның өмірі, өмір сүрген дәуіріндегі тірлік, дәстүр, салт-сана жан-жақты суреттеледі³.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ауыл өмірі Жармағамбетов шығармаларында кеңінен суреттеледі. Әдебиетімізде ұл-қызын майданға аттандырып, шиеттей бала-шағаны бағып қалған аналар туралы үлкенді-кішілі шығармалар көп жазылды. Жазушының «Қара жаңбыр» атты повесі — соның айғағы. Кейіпкер характерін мүсіндеу, олардың жан тебіреністерін небір құбылыстарына дейін ыстық табын суытпай дәл беруі жағынан, әсіресе ұлы майданда мерт болған ана қасіретін және оның ұлылығын бейнелеу жағынан туған әдебиетіміздің мұндай туындыны табу қиын шығар. Осының бәрінен биік поэзияның, мөлдір бұлақтың лебі еседі.
Қаламгердің қай әңгімесін алмаңыз, ол оқушысын бейтарап қалдырмайды, сүйсіндіреді, тебірендіріп, сендіреді, ойландырады. Оның туындылары тұтас тұрған бір өзінше қызықты әлем. Т.Жармағамбетов шығармаларын оқыған мезетте адам көркемдік қуат, көркем ләззат алып қана қоймайды, сонымен бірге адам баласына тән не қилы мұң мен сырдың арманын аралап жүре береді. Жазушы мен оқушы арасындағы белгілі бір байланыс іштей сабақтасып жатады. Тірі жүрсе ендігі оның талай әдемі, кең тынысты, идеялық-көркемдік дәрежесі жоғары шығармаларының жарық көргеніне куә болып, қуанар едік.
Жазушының басқа шығармаларының көшірмелері, қолжазбалары, т.б. құнды әрі мағыналы құжаттары — облыстық архив қызметкерлерінің қастерлеп ұстап, көзінің қарашығындай сақтап отырған, алтын қорына айналған құжаттардың бірі. Бұл құжаттар өзіндік тартымдылығымен, құндылығымен оқырман назарын еріксіз өзіне аудартады. Жалпы адам өмірі жылжып өткен жылдармен емес, халқы үшін төккен терімен, еткен еңбегімен, артына қалдырған асыл мұрамен, адами болмыс-бітімімен өлшенеді. Бұл тұрғыдан алғанда жазушы өмірі мен шығармашылығы кейінгі ұрпаққа мол өнеге, қандай құрметке де лайық. Ал мұндай өмірдің жылдар өткен сайын көмескіленбей жаңғырып, жасарып отыруы да заңды. Оның шығармалары мен өмір жолы ерекше зерттеуді, аянбай тер төгіп, көп еңбек сіңіруді қажет етеді.
Шарбану МҰХТАРОВА,
облыстық мемлекеттік архив
ұлттық архив қоры құжаттарын есепке алу
және сақтауды қамтамасыз ету бөлімінің басшысы.