Соңғы минуттағы соққы
Конференция лигасы
«Ақтөбе» (Қазақстан)-«Сараево» (Босния және Герцеговина) — 0:1
Сонымен, «Ақтөбе» тағы да Еурокубок ойындарына кірісті. Бұл жолы Конференция лигасының бірінші іріктеу кезеңінде ойнайтын жерлестеріміздің жеңіске жететіндігіне кәдімгідей сенімді болғанбыз.
Рас, аздаған күдіктер де болды. Әсіресе ішкі чемпионаттың соңғы турларында жерлестеріміздің «Елімаймен» тең ойнауы (2:2), «Тобылдан» жеңіліп қалуы (3:4) көңілдерге көріксіз ойлар әкелген. Дегенмен жылына бір оралатын мына еуропалық додада «Ақтөбе» алғашқы кездесуін жеңіліспен бастайды деген үмітсіздіктен ада едік.
Әрине, еуропалық клубтардың қай-қайсысы да осал емес. Әйтсе де олардың чемпионаты басталып жарытпаған мына шақта тұтас жылдық кездесулерінің тең жартысынан астамын ойнап үлгерген, төрт ойында қарсыластар қақпасына 3 голдан соғып тастаған ақтөбеліктер соншама дәрменсіздік көрсетеді деп ешкім болжамаған секілді еді.
Рас, «Ақтөбе» ойынды шабуылмен бастады. Қарсыластар қақпасына қарай жорықтар ұйымдастыруды бірден қолға алды. Әсіресе 19-минутта қарсыластар футболшыларының ортасын бұза-жара кірген Максим Самородовтың жасаған соққысы жойқын болды. Әттең, доп қақпа бағанасына тиіп кейін серпілді. Өйтпеген күнде бұл допқа қарсы босниялық қақпашының жасайтын еш айласы жоқ еді. Ол қиыс ұшқан допты көзбен шығарып қана салды.
Жалпы, бірінші таймда Дорни Ромеро, Уче Агбо, ойынның екінші бөлігінде Ыдырыс Умаев тәрізді футболшыларымыз қолайлы сәттерді пайдалана алмады. Оған қосымша айтсақ, біздің жігіттер бағыттаған доптар екі рет бағанаға, бір рет маңдайшаға тиіп, кері қайтты.
Қалай болғанда да, ақтөбеліктер 90-минут бойы басымдықпен ойнады. Әттең, не қақпаның қасына келіп тұрып, не айып алаңының сыртында жүріп футболшыларымыз сол қақпаны дәл нысанаға ала алмай діңкеледі. Тіпті қақпаға бағытталған соншама көп доптың біреуі абайсызда еніп кете салмады.
Ақыр аяғында не болды? Ақыр аяғында 90-минутта «Сараево» футболшысы әжептәуір алыс тұстан тамаша соққы жасап, Игорь Шацкийді қапы қалдырды.
Ал ойынның соңғы сұхбатында бас бапкер Дмитрий Парфенов бұл жеңілістің себебін нақтылап айта алмады, екінші ойында есе қайтаруға тырысатындарын мәлімдеді де қойды.
Расында да, өзімізге айбарлы көрінетін «Ақтөбенің» тіпті мына бірінші іріктеу кезеңінен өткен күнде де әрі қарай қаншалықты ұзап бара алатынын елестету қиын боп қалды. Қазақ футболының ардагері Болат Есмағамбетов қазақстандық командалардың бірінші кезеңді сәтсіздікпен бастауының үш себебін айтқан болатын. Сонда екінші себеп ретінде футболшылардың қысқа мерзімді келісімшартпен ойнайтынын ескерткен еді. Жыл сайын жаңа команда жасақталады да жатады, сондықтан тұрақтылық та жоқ. Өйткені ойыншылар бірімен-бірі ұғысып та үлгере алмайды. Біздің биылғы көрсеткіштерімізге қарасақ, сұрмергендеріміздің арасында былтырғы фамилиялар кездесіп жарытпайды да екен. Өткен жылы 4-5 голдан соққан Шина, Сантана, Филиповичтар биыл жоқ. Бас бапкерлер өзіне қолайлыларды ғана емес, жалпы Ақтөбе футболына шын жанашыр бола алатын ойыншыларды іздесе қайтеді екен?
Дегенмен мына ойында жерлестеріміздің, расында да, басым болғанын ерекшелеп айтпауға болмайды. Ақтөбеліктер 128 рет шабуыл жасаса, босниялықтардың шабуылы 80 болды. Қауіпті шабуылдар: 89 — 56, қақпаға тура бағытталған соққылар: 7 — 2. Сол себепті де ойын барысында уақыттың 60 пайызы бойы доп «Ақтөбенің» билігінде жүрді, босниялықтар 40 пайызбен шектелді. Тіпті бірінші таймда жерлестеріміз 70 пайыз бойы билік жасағанын да жолшыбай ескерте кетелік. Бірақ, амал не, соңғы минуттағы соққы қонақтарды жеңіске жеткізді.
Әйтсе де біржола үміт үзбейік. 18 шілдеде сырт алаңда өтетін қарымта кездесуде ең болмағанда осы деңгейімізде ойнасақ, бәлкім, екі ойынның қорытындысы бойынша келесі кезеңге өтіп те кетерміз.
«Ақтөбе» (Қазақстан)-«Сараево» (Босния және Герцеговина) — 0:1
Гол авторы: Франсис Кьереме, 90-минут (0:1)
Ескерту қағазын алғандар: Дмитрий Бессмертный, 65-минут, Әділхан Таңжарықов, 80-минут («Ақтөбе»), Мирза Мустафич, 24-минут, Неманья Анджушич, 30-минут, Винко Солдо, 55-минут, Амар Беганович, 78-минут, Франсис Кьереме, 90-минут («Сараево»).
«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Игорь Шацкий (қақпашы), Богдан Вэтэжелу, Габи Кики, Матео Барач, Дмитрий Бессмертный (Әділхан Таңжарықов, 71-минут), Уче Агбо (Арман Кеңесов), Леонел Струмия, Хосе Севальос (Бауыржан Байтана, 71-минут), Амаду Думбия (Ыдырыс Умаев, 61-минут), Максим Самородов (Жан Жайро, 85-минут), Дорни Ромеро.
Бас бапкер — Дмитрий Парфенов.
11 шілде 2024 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы орталық стадион.
* * *
Бұл алғашқы кездесулерде біздің басқа командалар да аса шеберлік көрсете алмады.
Былтырғы чемпионымыз «Ордабасы» Чемпиондар лигасында өз алаңында Молдованың «Петрокуб» командасымен тең ойнаса (0:0), «Тобыл» Еуропа лигасында сырт алаңда Словакияның «Ружемборок» командасынан 2:5 есебімен ұтылып қалды.
Ендігі үміт — қарымта кездесулерде.
* * *
УЕФА 12 шілдеде клубтар рейтингісін жария етті.
Бірінші орында ағылшындық «Манчестер Сити» тұр. «Реал Мадрид» (Испания) екінші орынға шықса, үшінші орын — «Баварияның» (Германия) еншісінде.
Қазақстандық клубтар арасында «Астана» жоғары тұр, олар 144-орында. Ал «Тобыл» 176-орынға жайғасса, «Ордабасы» 345-орынға шығыпты. «Ақтөбе» 365-орынмен қанағаттаныпты.
Е.АХАТҰЛЫ.