Мың баланың қуанышы
Облыстағы су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың мыңнан астам баласы еліміздің әр өңірінде орналасқан оқу-сауықтыру орталықтарында тегін демалды.
Атап айтсақ, 343 бала Алматы, Ақмола, Түркістан, Жамбыл, Қарағанды облыстарында орналасқан сауықтыру орталықтарында демалды.
Дәлірек айтқанда, Алматы облысындағы «Тау Тұран» сауықтыру орталығында 100 оқушы, Жамбыл облысындағы «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығында 50 оқушы, Ақмола облысындағы «Балдәурен-Щучинск» республикалық оқу-сауықтыру орталығында 75 оқушы, Түркістан облысында орналасқан «Балдәурен-Түркістан» оқу-сауықтыру орталығында 28 оқушы, Алматы облысындағы «Балдәурен-Қонаев» республикалық оқу-сауықтыру орталығында 48 оқушы, Қарағанды облысындағы «Балдәурен-Балқаш» оқу-сауықтыру орталығында 42 оқушы орналасып, сауықтырылды.
Сонымен қатар «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығында Қобда және Ойыл аудандарының 8 оқушысы демалды.
Тағы бір айтып өтерлік жайт, су тасқыны салдарынан зардап шеккен ауыл балаларына «Талант тур» жобасы жүзеге асырылды. Жоба 2 ауысымға жоспарланып, Әйтеке би, Ойыл, Ырғыз,Темір, Қобда және Мұғалжар аудандарынан 500 баланың демалысы ұйымдастырылды. Ал «Жаздық жолдама» жобасы аясында 36 бала қамтылды.
Биыл сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ демеушілігімен тасқыннан зардап шеккен отбасылардың балаларына арналған «Туған елге саяхат» экскурсиясымен 24 бала қамтылатын болады.
Д.ҚАЗИХАН.