Басты жаңалықтар

Қауын-қарбыз санитарлық талапқа сай ма?

Қазір қала базарларында  қауын-қарбыздың саудасы қызып тұр. Әсіресе Орталық базар секілдіжұртшылық жиі баратын сауда орындарында бау-бақша өнімдерінен көз сүрінеді. Сатушылар менкөкөніс тасушылар ерте піскен жемістер мен көкөністердің қауіпсіз екендігін айтады.Ал мамандар не дейді?

Маусым айының ортасынан бастап бақша өнімдері қаламызға оңтүстік өңірлерден әкеліне бастады. Қазір жұртшылық жиі баратын Орталық базар, «Алтай» базарларында бау-бақша өнімдерін сатып тұрғандар көп. Әсіресе тау болып үйілген қауын мен қарбыз көз тартады. Қызығып сатып алушылар да көп. Сатушылар да бірінен-бірі өтіп, лыпылдап тұр. Қасына жақындағаннан-ақ өнімдерін мақтай жөнеледі.  Бірі алдындағы үйілген қарбызын көрсетіп, «алыңыз, іші қып-қызыл» десе, екіншісі «балшекер», «тас қауын» деп аталатын қауындарын алдыңа тартады. Орталық базар алдында қауын-қарбыз сатып тұрғандар өнімді 41-разъездегі көтерме базардан алатындарын айтады. Ал бұл жаққа өнім еліміздің оңтүстік өңірі мен Өзбекстаннан келеді екен.

— Сауда нүктелерімнің барлығын қосып есептегенде, күн сайын шамамен 15 тоннадай қауын-қарбыз өтеді. Бір апта бұрын Қызордадан 30 тонна қарбыз әкелінді. Қарбыздың келісін 160 теңгеден сатсақ, қауынды 350-400 теңгеден беріп жатырмыз. Көтерме базардамамандар өнімді санитарлық тексеруден өткізеді.Ал саудамызды осы жерде қыздырамыз, алушылар көп.Бұзылған, сырты тесілген өнімдерді сатпаймыз,  дейді Лидия.

Базарда қауын-қарбыз алып жатқандардың қарасы көп. Бірі қымбат десе, енді бірі бағаның көңілінен шығатынын айтты.

— Орталық базардың қасында тұрғандықтан үйге қажетті азық-түліктің барлығын осы жерден аламын. Ал қауын-қарбызды шілденің басынан сатып ала бастадым. Шыны керек, одан бұрын келген өнімдердің сапасына күмәнмен қарадым. Қанша дегенмен ерте піскен өнімде нитрат көп боладыдейді ғой. Ал бағаны арзан деп айта алмаймын. Бір қарбыз алсаң, 1000 теңгеден көп төлейсің, — деді Айман есімді тұрғын.

Ал Мақсат есімді тұрғын қазіргі бақша өнімдерінің сапасына көңілі толмайтынын, қауын-қарбыздың дәмі бұрынғыдай емес екенін айтты.

Аралда туып-өстім.Бала кезімізде ауылға қарбызды тарктордың тіркемесіне тиеп әкелетін. Ол кездегі қауын-қарбыздың дәмі тіл үйіретін еді. Әсіресе ыстық күндері қып-қызыл қарбыздың бір тілімін жеп алсаң, шөлің  басылады әрі дәмі тәтті болатын. Қауындар шекер татып тұратын, жей бергің келетін еді. Ал қазіргі қарбыздардың дәмі жоқ әрі таудай үлкен. Бір қарбызды ірі денелі менің өзім әрең көтеремін және жыл сайын көлемі үлкейіп барады. Соған қарағанда тыңайтқыштарды көп қосады-ау. Ал біздің жас күнімізде қарбыз кішкентай болса да, тәтті еді, — деді.

Майра есімді тұрғын бақша өнімдерінің бағасы нарықтағы өзге тауарлармен салыстырғанда қымбат емес екенін айтты.

— Қазір сауда орталықтарына барсаң, баға күн айын өсіп жатыр. Киім-кешектің құны  тіпті ұшып тұр.  Азық-түлік те қымбаттап жатыр. Осылармен салыстырып қарасақ, бақша өнімдерінің бағасы аса қымбат емес. Күзде тіпті арзандайды. Осы кезде ұзақ сақтауға болатын жеміс-жидектерді мол қылып аламын да, мұздатқышқа салып тастаймын. Тіпті қарбызға дейін қысқа сақтап қоямын, — деді Майра.

Орталық базарда картоптың келісі 180 теңге болса, пияз 120 теңгеден сатылып жатыр. Қырыққабат — 130, сәбіз200 теңгеден саудалануда.

Сатушылар да тыңайтқыштардың күшімен өсетін қауын-қарбыздардың болатынын жасырмады. Алайда ондай өнім көбіне сәуір-мамыр айларында кездеседі екен.

Ал мамандар тұрғындарға көше бойынан, жол жиегінен  қауын-қарбыз сатып алмауды ескертеді. Өйткені қарбыз ав­то­көліктерден шығатын улы газ­ды бірнеше сағаттың ішінде өздеріне сіңіріп алады екен. Бұндай қарбыздар түрлі жұқпалы ішек ауруына соқтыруы әбден мүмкін.

Тұрғындар қауын-қарбызды шілде айының соңы мен тамыз айында сатып алғандары жөн. Бұл — өнімнің нағыз пісетін уақыты. Әрі осы кезде жергілікті өнімдер де саудаға шығады. Сондай-ақ қауын-қарбызды көтерме және бөлшек сауда орындарынан сатып алған дұрыс.Тағы бір ескеретін жайт, базардағы сатушыларда қауын-қарбыздыңсапасы мен қауіпсіздігін растайтын және құрамындағы нитрат деңгейін анықтайтын ілеспе құжаттар болуы керек. Өнімнің сапасынан күдіктенген тұрғын, осы құжаттарды сұрауы қажет. Жалпы қала бойынша қауын-қарбыздан улану дерегі тіркелген жоқ. Басқарма мамандары тұрғындардан шағым түспесе, өздігінен барып тексере алмайды.

Тұрғындар жеміс-жидек, бақша өнімдерін сатып аларда бірінші сыртқы түріне назар аударуы керек. Түсі, қабағының бүлінбеген болуы маңызды әрі жеміске тән исі болады. Сондай-ақ шіру белгілерінің жоқтығына көз жеткізген жөн. Жидектер мыжылған немесе езіліп кеткен, піспеген, шірік болмауы керек. Ондай жемістер мен көкөністерден ішек инфекциялары жұғады. Кез келген жерден қарбыз-қауын, жеміс-жидек сатып алмаған дұрыс. Жол бойындағы  жайма сауда орнындарынан тіпті алмау керек.  Қарбыз, қауын, жеміс жидектерді тұтыну алдында ағынды сумен жақсылап жуып, қайнаған сумен шайып алу қажет.

Қазіргі таңда басқарма тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кәсіпкерлерге, адам көп жиналатын қоғамдық орындарда мамандар санитарлық ағарту жұмыстарын жүргізіп, көпшілікке тамақтан уланудың алдын алу туралы кеңінен түсіндіреді, — деді Ақтөбе қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының санитариялық-гигиеналық бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Алишер Насигазиев.

Маманның айтуынша, қауын-қарбыздан уланған адамның алдымен іші ауырады. Жүрегі айнып, құсады. Дене қызы көтеріліп, әлсіздік пайда болады, қалтырайды. Буындары ауырып, тамаққа тәбеті қашады. Егер осындай белгілер байқалса, бірден жедел жәрдем шақыру керек.

 ҚАРБЫЗДАН УЛАНБАС ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

– Қолданар алдында қарбызды жақсылап жуу;

– Суық суға жарты сағатқа салып қою;

– Қарбыздың қабығының жанындағы мәйегін жеуге болмайды, өйткені онда нитраттар ең көп мөлшерде жиналады;

– Сатып алған жерлерде жуылмаған жемістерді тұтынбаңыз және жидектердің піскенін тексеру үшін ешқашан кесіп алмаңыз, өйткені көп жағдайда лас пышақтар қолданылып, жидек мәйегіне ішек инфекцияларының қоздырғыштары түсіп бактерия жұқтыруына әкелуі мүмкін;

– Қарбыздың құрамында нитрат бар-жоғын тексеру керек. Ол үшін оны жеудің алдында мәйегінен кесіп алып, бір стақан суға салып қою керек. Егер су лайланудың орнына қызғылт түске айналса, онда оның құрамында нитраттардың көп екенін білдіреді.

– Жеміс сатып алғанда, қабығының бүтіндігіне назар аударған жөн.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button