Мәдениет

Әке арманын орындаған Қуанышгүл

Жақында Беларусь еліндегі Гродно қаласында Ұлттық мәдениеттердің XIV республикалық фестивалі өтті. Мәдени іс-шараға «Атамекен» халықаралық қоғамдық бірлестігінің өкілдері, сол елде білім алып жатқан студент жастар қатысқан. Олардың қатарында біздің елден, соның ішінде Ақтөбеден облыстық халық шығармашылығы орталығының әншісі, «Әдеп» халықтық тобының мүшесі, мәдениет саласының үздігі Қуанышгүл Серікбаева да бар. Осы ретте біз домбырасын арқалап, қазақтың мәдени мұрасы мен ұлттық өнеріншет жерде де насихаттап жүрген дәстүрлі әншімен әңгімелескен едік…

— Әңгімемізді осы фестивальден бастасақ…

Беларусь елінің Гродно қаласында өткен ХIV Халықаралық ұлттар мәдениеті фестивалінеқатысып келдім. Ол жаққа баруым да қызық болды. Одан бұрын мен Башқұртстанға барып өнер көрсеткен болатынмын. Сол кезде Орынбор облысының қазақ тілі қоғамының басшысы Сәуле Дулати Башқұртстанда көрсеткен өнерімді бірнеше елдің өкілдері отырған өздерінің чатына салған. Сол жерден өнерімді тамашалаған Беларусь елінің өкілі өздерінің Гродно қаласында өтетін ХIV халықаралық ұлттар мәдениеті фестиваліне қатысуға шақырту жіберді. Шақырту келген кезде маған облыс әкімі, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы, халық шығармашылығы орталығының басшысы барлығы бірауыздан қолдау білдірді.

Жан-жақтан келген өнерпаздарды Беларусь елінің Сыртқы істер министрі күтіп алып, қонақ қылды. Республикалық фестивальге «Атамекен» халықаралық қоғамдық бірлестігінің өкілдері мен Беларусьтің жоғары оқу орындарында білім алып жатқан біздің елдің бозбалалары мен бойжеткендері қатысты. Беларусь Республикасының Мәдениет министрлігі, республикалық ұлттық мәдениеттер орталығы, сондай-ақ Гродно облыстық атқарушы комитеті ұйымдастырған іс-шараға сол елдің әр өңірінен келген 36 ұлттың мыңнан астам өкілі жиналды. Фестиваль барысында сол елдегі қазақ диаспорасы Қазақстанның Беларусьтегі Елшілігінің қолдауымен қазақ халқының бай мәдени мұрасын таныстырды. Театрландырылған шеруден басталған мәдени іс-шарада ұлттық рәміздерін қолына ұстап, дәстүрлі киімдерін киген қазақ диаспорасының өкілдері музыкалық, хореографиялық және аспаздық өнерлерін көрсетті. Сол күні қаланың бас сахнасында гала-концерт өтті. Сол жерде мен де домбырамен қазақтың белгілі ақыны Қадыр Мырзалиевтің «Қазақ осы» әнін орындадым. Фестивальдің екінші күні Гродно көшелерінде 19 ұлттық аула ұсынылды. Мұнда Беларусь еліндегі қазақ диаспорасының өкілдері мен сол жақта оқитын біздің елдің ұл-қыздары ұлтымыздың мол мұрасы жайында мағлұмат берді. Қатысушылар мен қонақтар қазақ ауласындағы ұлттық дастарқаннан қазы, бауырсақ, құрт, жент, қазақстандық шоколадтар және тағы басқа ұлттық тағамдар мен тәттілерден дәм татты. Фестиваль қонақтары мен қатысушылары қазақ ауласының қонақжайлығына тәнті болды. Сол жақтағы Қазақстан Елшілігіне барып, музейіне соқтым. Сол жерге арнайы апарған «Ер Едіге» кітабын тарту еттім.

— Өзіңіз туралы айтсаңыз?

1975 жылы Қызылорда облысындағы Қармақшы ауылында дүниеге келдім. Сол ауылдағы он бір жылдық мектепті бітірдім. Оқушы кезімде мектеп қабырғасында өткен мәдени іс-шаралар мен түрлі байқауларға қатыстым. Әкем Қалым — қарапайым жұмысшы, анам Ұлжан үй шаруасының адамы болатын. Отбасында 8 бала боп өстік. Анам ауыр дертке шалдығып,1993 жылы 52 жасында өмірден озды. Әкеміз 8 баламен қалып қойса да, бәрімізді жетілдіріп, ешкімнен кем қылмай өсірді. Әкем 83 жасында дүние салды.

— Домбыраны кімнен үйрендіңіз?

Домбыраға бес жасымнан қызықтым. Бақытбек, Жұмагелдідеген ағаларым домбырамен ән салатын. Домбыраның әліппесін сол ағаларымнан үйрендім. Әкемнің бір арманы балаларының бірін өзінің туған жеріне апарып оқытып, әнші қылу еді. Мен өзімді әке арманын орындаған қызбын деп есептеймін.

Бала күнімде көрші әрі туысқан боп келетін журналист Амангелді Суханберді дейтін ағамыз болды. Сол кісі кішкентайымнан өнерімді байқап, Қызылордадағы радио, телеарнаға апарып, мені ылғи эфирге шығарып отыратын. 7-8 сыныпта оқып жүрген кезімде тіпті шопандар слеті секілді аудандық іс-шараларға да қатысқаным бар. Мектепте жүргенде «Ауылым», «Туған жер» секілді патриоттық әндерді, ана-әке туралы әндерді жиі айтатынбыз. Ол кезде термелерді көп білмейтінмін.

Ақтөбе өңірі — атақонысымыз. Себебіәкем Ойыл ауданы Бабатай ауылында туған. Ол кісі әке-шешеден ерте қалып, Қызылорда облысы Қазалы ауданындағы балалар үйінде тәрбиеленеді. Сосын анам екеуі бас қосып, сегіз баланы өмірге әкеліп, өсіп-өнді.

Қазақтан шыққан тұңғыш генерал-лейтенант Жансен Кереев — менің әкемнің туған нағашысы. Керей, Биман, Оспан, Мұса, Қуаныш, Қайырлы және Несіп бір туған. Менің әкем — Несіптің баласы, ал Жансен — Керейдің ұлы.

Әкемнағашысы Жансеннің домбырасын қолынан тастамағанын, ән айтатынын, қайда жүрсе де, балалығы мен жастығы өткен Шұбарқұдыққа жиі барып тұрғанын әңгімелеп отыратын. Бізді Ақтөбеге оқуға әкелген кезде әкем үнемі облыстықтарихи-өлкетану музейіне соғып, нағашысы Жансен Кереевтің киімін, домбырасын басқа да ұстаған дүниелерін көрсетіп:«Мені өгіз арбаға мінгізіп, әке-шешемнің жоқтығын білдірмейтін еді», — деп еске алып, көзіне жас алатын. Маған осы домбыра тарту әкемнің нағашыларынан дарыса керек.

Бірде Жансен Кереевтің өмірі туралы кітап жазған Абай Орынбаевпен арнайы барып, кездестім. Сұхбаттастық. Кейін Абай аға Жансен Кереевтің немересі Арсен Артурұлымен таныстырды. Осылайша Арсенмен аралас-құралас боп кеттік. Айтпақшы, менің әкем бір немересінің атын Жансен деп қойды. Ол немересі «Жас ұлан»республикалық мектебін бітіріп, әскерге барды.

— «Әкем Ақтөбеге оқуға әкелген кезде…» дедіңіз. Қай оқу орнында оқыдыңыз?

— Мектепті бітірген соң арман қуып Ақтөбе қаласындағы Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыка колледжінің домбыра класына оқуға түстім. Оқуға түсуіме ауылдағы Исағали Жұмағұлов дейтін азамат ықпал етті. Себебі музыкалық білімім болмаған соң оқуға түсу маған қиын болды. Ауылымызда музыкалық мектеп болмады. Нота танымаймын. Сөйтіп, домбыра тартып, ән айтатынымды білетін Исағали ағай кеңшардың есебінен оқуға түсуіме көмектесті.

Музыкалық колледжде Марат Жанғазыұлынан, дәстүрлі ән мұғалімдері Света Мырзабаева, Хайдар Өтеғалиевтен дәріс алдым. Колледж табалдырығында жүргенде Ақтөбедегі біраз мәдени іс-шараларға қатыстым. Колледжді 1996 жылы бітірген соң,сол кездегі облыстық мәдениет басқармасының басшысы Еркін Құрманбеков халық шығармашылығы үйіне жұмысқа қабылдаған болатын. Содан бері облыстық халық шығармашылығы үйінде еңбек етіп келемін.

— Сізді көпшілік «Әдеп» халықтық тобының мүшесі ретінде таниды. Топ туралы айтыңызшы, қашан құрылды?

— Облыстық халық шығармашылығы жанынан құрылған «Әдеп» халықтық тобының жетекшісімін. Қасымдағы құрбым — дәстүрлі әнші Құралай Әленова.

Құралай — Сыр елінен, Аралдың қызы. Ол да облыстық халық шығармашылығы орталығында 20 жылдан астам дәстүрлі әнші болып жұмыс істейді.

2020 жылы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай халықаралықбайқау ұйымдастырылды, сол байқауда Құралай екеуміз Абайдың әндерін шебер орындап, гран-при жүлдесін жеңіп алдық. Бұл — «Әдеп» халықтық тобының алғашқы жетістігі. Қаламызда өтетін ақын-жазушылардың мерейтойларында, басқа да мәдени іс-шараларда ән-жырдан шашуымызды шашып жүреміз. Репертуарымызда халық әндері, халық композиторларының әндері бар. Сонымен қатар соңғы шыққан әндерді де жұрт сұрап жатады, олардың да кейбірін жаттап, ән қорымызға енгіздік. Сондай-ақ Ақтамберді, Нұрым, Базар жыраудың өсиет-термелерін орындаймын. Биыл «Әдеп» тобының құрылғанына бес жыл болады. Бұйырса бесжылдықты қорытындылап концерт бергіміз келеді.

— Шәкірт тәрбиелеп жүрсіз бе? Мүмкін балаларыңыз жолыңызды қуған болар?

— Шәкірт тәрбиелеп жүргенім жоқ. Үнемі гастрольдерде, концерттерде жүреміз, өзіміз ізденеміз. Жастарға үйретуге уақыт керек. Бірақ егер біреу келіп: «Маған мына әнді үйретіп жіберіңізші, мына жерін көрсетіп жіберіңізші» — десе, көрсетуге, көмектесуге дайынмын.

Аллаға шүкір, екі баланың анасымын. Үлкенім Аслан — 25-те, спортқа бейім, футболды жақсыойнайды. Ал 13 жастағы Абылайханым қаламыздағы №1 саз мектебінде дәстүрлі ән сыныбында оқып жүр. Өнердің соңына түсер-түспесін болашақ көрсетеді.

А.БАЛЖАНАЙ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button