Спорт

Ақтөбеде гірді ерекше көтеруден ел біріншілігі өтті

Триатлон саябағында Астана күніне орай «Shoiyn cup»атты гірді ерекше көтеруден ел біріншілігі өткізілді.

Бірқатар кәсіпкердің демеушілігімен және облыстық спорт басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған дүбірлі додаға еліміздің біраз қаласынан келген білекті жігіттер қатысты. Бірінші рет өтіп жатқан жарысты қызықтаушы жанкүйер де көп болды.

Гірді ерекше көтеруден өткен «Shoiyn cup» жобасының авторы — облыстық белбеу күрес федерациясының вице-президенті, еліміздегі танымал асабалардың бірі, кәсіпкер Ерлан Отарбаев. Оның өзі де білекті, гірді ерекше көтерудің шебері, салауатты өмір салтын ұстанады, сонысымен айналасындағы жастарға үлгі.

Жоба авторы Ерлан Отарбаевгірді ерекше көтерудің ережелерін Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, профессор Еркін Жетімековпен ақылдаса отырып, бірге жазыпты.

Спорттық іс-шараның сәні болған кеш қонақтары —ел мақтанышы, ауыр атлетикадан әлем мойындаған спортшы Илья Ильин мен гір спортынан 13 дүркін әлем чемпионы Евгений Гончаровгірді ерекше көтеруден өткен Қазақстан біріншілігіне төрелік етті. Олар білек күшін сынға салған 50 үміткердің өнерін тамашалады.

Жарыс соңында 16 келілік гір тасын 57 рет көтеріп, өзгелерден оқ бойы алға шыққан Бердібек Келдібаев чемпион атанып, алтын медаль мен алтын белбеуге және 1 миллион теңгенің сертификатына ие болды. Мәртөк ауданынан келген Нұрдәулет Базарбаев гір тасын 56 рет көтеріп, күміс медаль мен күміс белбеу тағып, 600 мың теңгелік сертификатты иеленді. Ел біріншілігінеауыр атлетикадан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионы Нұрғиса Әділетұлы арнайы Шымкенттен келіп қатысты, ол гір тасын 54 рет көтеріп, қола медаль мен қола белбеуді және 400 мың теңгенің сертификатын місе тұтты.

«Shoiyn cup» турнирінің өтуіне мұрындық болған бас cеріктес — «Rakhmet group» құрылыс компаниясы. Сонымен қатар жобаны қолдап, демеушілік көрсеткендер — мұғалжар жылқысын өсірумен айналысатын «Айжарық» шаруа қожалығы, «Perfekt dental» стоматологиясы, «Тобыл» құрылысдүкенінің басшылары, «La Coffee» кофеханасы мен«№1 фотобумага», «Моносеть» компанияларыныңұжымы.

Жарыс барысында Орал қаласынан келген қатысушы 51 жастағы Нұржан Хамидуллинмен тілдестік.

— Гірді ерекше көтеруден бірінші рет ұйымдастырылып отырған жарыс болған соң, қызығушылық танытып, арнайы қолдау көрсетіп келдік. Жарыс өтетіндігі туралы хабарландыруды жоба авторы Ерлан Отарбаевтың әлеуметтік желідегі парақшасынан көрдік. Дайындық аз болып қалды. Тыңғылықты дайындалып жүрмеген соң орынға ілікпедік. Жарыс әділ өтті. Мұнда қолдың, білектің күші сыналады. Білезікке салмақ түседі. Біріншілікте кімнің күші мол, қайратты, сол жеңді. «Shoiyn cup» жобасы жалғасын таба берсін! — дейді Нұржан Хамидуллин.

Жүлдегерлерді марапаттау рәсімінде жоба авторы Ерлан Отарбаев шақыруын қабыл алған кеш қонағы Илья Ильинге және жобаны қолдап, демеушілік көрсеткен кәсіпкерлер мен спорт жанкүйерлеріне ризашылығын білдірді.

— «Shoiyn cup» жобасы мұнымен тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта жалғасын табады, бұйырса, Алматы, Астана, Ақтау қалаларында ұйымдастыратын боламыз, — деді ол.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button