Билік

Астанадан ақпараттық-насихаттық топ келді

Жолдау

Жұртшылықтың жүрегіне жылылық ұялатқан Елбасының Жолдауын талқылап, оның мәні мен маңызын түсіндіру үшін Астанадан ақпараттық-насихаттық топ келді.

Топтың құрамында Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев, Президент Әкімшілігі аппаратының мемлекеттік бақылау және аумақтық ұйымдастыру жұмыстары бөлімі меңгерушісінің орынбасары Оңдасын Оразалин, Экономика және минералдық ресурстар вице-министрі Әсет Мағауин, Индустрия және сауда министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жөніндегі комитет төрағасы Серік Нокин, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің экономика салаларын дамыту департаменті директорының орынбасары Серік Жанбеков, Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының сектор меңгерушісі Леонид Прокопенко және басқа лауазымды адамдар бар.

Ақпараттық-насихаттық топ мүшелері облыстық әкімдіктің мәжіліс залында облыстың активімен, ардагерлермен, жалпы, жұртшылық өкілдерімен кездесті. Кездесуді облыс әкімі Елеусін Сағындықов ашып, жүргізіп отырды.

– Жолдауда көрсетілген міндеттер мен бағдарламаларға сәйкес, облыста әлемдік қаржы дағдарысына қарсы нақты шаралар алынуда, – деді Елеусін Наурызбайұлы. – Елбасы міндеттегендей, дағдарысқа қарсы тұру және халықтың тұрмысын төмендетпеу үшін Үкімет тарапынан ауқымды бағдарламалар жасалды. Облыста «Жол картасын» жүзеге асыруға бағытталған республикалық бюджеттен 9,5 миллиард теңгенің бөлінуінің өзі үлкен қолдау болып табылады. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен 2 миллиард теңге бөлініп отыр.

Кездесуде ақпараттық-насихаттық топ жетекшісі Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев әлемдік дағдарыстың алдын алу үшін Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылдың күзінде-ақ әлеуметтік-экономикалық салалар бойынша қам жасау қажеттігін ескерткенін атап өтті.

– Әлемдік дағдарыстың кері әсерін тигізбеу үшін Елбасы әлем жұртшылығы алдында нақты бағыттарды ұсынды, – деді Жақсылық Ақмырзаұлы. – Әлемнің саясаттанушылары, экономист-ғалымдары біздің Президентіміздің дағдарысқа қарсы күрес жолы мен ұсыныстарын құптап отыр. Елбасы 2000 жылдардың басында ұлттық қор құруды қолға алғанда, кейбір адамдар арасында қорды неге халыққа таратып бермейді деген секілді түсінбестіктер болған еді. Бүгінгі әлемді шулатып отырған дағдарыс жағдайында сол ұлттық қордың пайдасын көрудеміз.

Денсаулық сақтау министрі Жолдауда көрсетілген бағыттарды кеңінен түсіндіре келіп, жұмыссыздықты болдырмау, мамандарды қайта оқытып, даярлау және басқа шаралар бойынша өзінің ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, ол кездесуге қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Кездесу соңында Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының сектор меңгерушісі Леонид Прокопенко облыс әкімі Елеусін Сағындықовқа Ассамблея мүшелігінің белгісін тапсырды.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button