Басты жаңалықтар

Хромтауда индустриялық аймақ құрылады  

Хромтау ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Асхат Шахаров «Қазавтожол» мекемесінің Ақтөбедегі өкілдері және «Сине Мидас Строй» ЖШС мердігер ұйымымен кездесіп, жұмыс барысын көрді. Сонымен бірге өңір басшысы «Бұқара-Орал» газ құбырының құрылысын қарап, аудандағы кәсіпорындардың жұмысымен танысты.

Самара-Шымкент тасжолын қайта жаңғырту жұмыстары басталды  

Жаңа автомобиль жолын салу жұмыстары Ақжар және Жазық (Просторное) ауылдары аумағында басталды. Құрылысшылар Самара-Шымкент тасжолының 791-819 шақырым аралығын салады. Облыс әкімі Асхат Шахаров «Қазавтожол» мекемесінің Ақтөбедегі өкілдері және «Сине Мидас Строй» ЖШС мердігер ұйымымен кездесіп, жұмыс барысын көрді.

Қысқы мерзімді қоспағанда, 34 айдың ішінде халықаралық маңызы бар 28 шақырым жол қайта жаңғыртылады. «Сине Мидас Строй» ЖШС жолдың жер төсемін салу және нығыздауға кірісті. Алты карьер дайындалған: бес топырақты және бір қиыршық тас шығаратын. Құрылыс бригадалары екі ауысымда жұмысі стеуде.

— Учаскеде 89 бірлік техника және 120 адам жұмыс істеп жатыр. Жұмысты жеделдету үшін қосымша техника мен жұмысшыларды тартамыз. Биыл барлық жер жұмыстарын аяқтауды, сондай-ақ жол бойында еріген қар суын өткізетін құбырларды салуды жоспарлап отырмыз. Бұл учаскеде 2 көпір, 2 көпір өткелі болады. Оның біреуі Тассай ауылының тұсында салынады. Жоба бойынша 39 құбыр тартылады, 16 қиылыс, бір демалыс аймағы болады, 4 автобус аялдамасын орнату қарастырылған, —деді «Қазавтожол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының басшысы Айбол Данағұл.

Айта кету керек, Самара-Шымкент трассасын қайта жаңарту екі кезеңде өтеді. Бірінші кезеңде жаңа автожолдың құрылысы басталды, екінші кезеңде қолданыстағы ескі тасжол жаңартылмақ. Жұмыстар трассаның жеті учаскесінде жүргізілетін болады. Жоба 2028 жылға дейін есептелген. 2024 жылы істелетін жұмыстарғареспубликалық бюджеттен 8 млрд теңге қаржы бөлінді. Авторлық қадағалауды Алматы инженерлік орталығы, ал техникалық қадағалауды «KZ Стройэксперт» ЖШС мекемесі жүзеге асырады.

Облыс әкімі күре жолдағы жұмыстарды қарап шығып, қайта жаңғырту мерзімін сақтауды, құрылысты сапалы жүргізуді тапсырды.

«Бұқара-Орал» газ құбырының құрылысы қарқынды  

Ақтөбе облысында «Бұқара-Орал» магистралды газ құбыры үшінші желісінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Хромтау ауданы аумағындағы жұмыстар былтыр шілде айында басталған-ды. Құрылысты 2025 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

«Отау-Строй» ЖШС өкілі өңір басшысын атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. 200-ден астам адам құрылысқа тартылған.   Газ құбырының ұзындығы 165 шақырымдықұрайды, жылдық қуаты — 2,4 млрд текше метр. Жалпы құны 43 млрд теңгені құрайды.

— Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін айрықша маңызға ие жоба Президент тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда. Сондай-ақ газ құбырының салынуы Ақтөбедегі тұрғын алаптарды көгілдір отынмен қамтуға мүмкіндік береді. Өнеркәсіптің өркендеуіне де септігін тигізеді.Сондықтан газ құбырының пайдалануға берілуін күтіп отырмыз. Белгіленген мерзімде тапсыру шарт. Сапасына да мән беру керек. Ол аса маңызды,— деп атап өтті Асхат Шахаров.

Хромтау жылыту маусымына дайын ба?

Бүгінде өндірісті моноқала жылыту маусымына дайындықты бастап кетті. «Қазхром» АҚ, Дөң кен байыту комбинатының «Энергоцехі» Хромтауды жылумен қамтып отыр.Жылу трассасының жалпы ұзындығы — 45,6 шақырым, олардың тозуы 55 пайыздан асады. Биыл 6,6 шақырым жылу желісіне күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда. Кәсіпорын жылу желілерін жаңғыртуға 398 мың теңгеден астам қаражат бөлді. Жылу трассасы мен қазандық жабдықтарын күрделі жөндеу жыл сайын жүргізіледі. Сонымен қатар кәріз-сорғы стансасында жабдықтар жөнделуде. Осы мақсатта 61,8 млн теңге қарастырылған. Сондай-ақ 470 млнтеңге сомасына ұзындығы 6,4 шақырым су құбыры желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде.   Су құбыры желілерін жөндеу аяқталды. Жалпы сомасы 230 млн теңгеге 2,6 шақырым желі ретке келтірілді. Хромтауды аралау кезінде Асхат Шахаров ДКБК балансында тұрған кәріз-тазарту құрылыстарының жұмысын бағамдады. КТҚ арқылы Хромтау қаласы мен комбинаттың өндірістік алаңдарының ағынды сулары өтеді. Тәулігіне 12 мың текше метр, су тасқынында олардың деңгейі тәулігіне 17-19 мың текше метрге жетті.

Индустриялық аймақ тұжырымдамасы әзірленіп жатыр

Хромтау моноқаласында индустриялықаймақ Премьер-Министрдіңтапсырмасы бойынша құрылуда. Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тілеумұратовтың сөзінше, индустриялық аймақты құру үшін ауданның өнеркәсіптік аймағының аумағында 150 га жер бөлінген. Жақын маңда Дөң-Бадамша тасжолы бар. Мұнда «Өркен» өңірлік бағдарламасы аясында қолдау тапқан өндірістік нысандарды орналастыру жоспарлануда. Сонымен қатар аудандағы өнімі тұрақты сұранысқа ие үш ірі кәсіпорын да осы аумақта орналастырылмақ. Қазіргі уақытта индустриялық аймақты рәсімдейтін тұжырымдама әзірленуде.  

Өңір басшысы индустриялық аймақ көптеген жергілікті компанияларды бір жерге шоғырландыру үшін жақсы алаңға айналатынын атап өтіп, инвесторларды тарту жұмыстарын қолға алуды жауапты тұлғаларға тапсырды.

Хромтау ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Асхат Шахаров индустриялық аймаққа бөлінген аумақты қарап шықты. Сонымен қосабірқатар кәсіпорынды аралады.

Аудан кәсіпорындарының тынысы

Ауданға сапары барысында өңір басшысы Хромтауда орналасқан кәсіпорындардың жұмысымен де танысты.

Дөң тау-кен байыту комбинатының «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 10 жыл 2-кезеңі» шахтасы қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Кеніште шахтаның екінші кезегінің құрылысы жүріп жатыр. Жобаның құны – 877,6 млрд теңге, ERG қаражаты есебінен жүргізілуде. Нысан іске қосылған кезде 2961 адам жұмысқа орналасады. Сонымен қатар кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 6 мың тоннаға дейін артады. Жұмыстар 2025 жылы аяқталмақ. Өндірілген кеннің көп бөлігі Ақсу мен Ақтөбедегі ферроқорытпа зауыттарына жеткізіледі.

Облыс әкімі Дөң тау-кен байыту комбинатының шламды қайта өңдеу зауытына да барды. 2023 жылы іске қосылған өндіріс орны екі маңызды мәселені шешуге ықпал етті. Бірі өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу, екіншісі кәсіпорынның шикізат базасын қолдау. Жаңа зауыт шикізат ретінде Дөң тау-кен байыту комбинатында 1973 жылдан бастап сақталған шламдарды пайдалануда. Олардың құрамында 18-ден 34 пайызға дейін хром оксиді бар.

— Мемлекет басшысының алдымызға қойған тапсырмаларының бірі — қоршаған ортаның ластану қаупін азайту. Бұл, ең алдымен, өнеркәсіптік кәсіпорындарға қатысты. Сондықтан бұл тұрғыда шлам өңдеу зауыты — біздің өңір үшін қажетті жобалардың бірі,— деді облыс әкімі.

Асхат Шахаров кірпіш зауытында және «MilkyLand» сауда белгісімен сүт өнімдерін шығаратын «Агрофирма ТАУ» ЖШС-дағыөндірісті көрді. Алдағы уақытта кәсіпорын өндірісті кеңейтіп, сүзбе жасайтын цехті іске қосуды жоспарлап отыр. Облыс әкімі жергілікті кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау болатынын алға тартып, өнімдердің сапасы мен нарықтық бағасын қадағалауды тапсырды.

 М.ТАБЫН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button