Су тасқыны

52 отбасы баспаналы болды

Мұғалжар ауданында су тасқынының салдарын жою бойынша ауқымды іс-шаралар атқарылып жатыр. Жақында 52 отбасы баспаналы болды.

Баспаналы болған 52 отбасы — көктемгі су тасқынында зардап шеккен Ембі қаласының, Жағабұлақ, Бірлік, Басшилі, Қаракөл, Шеңгелши ауылдарының тұрғындары. Оларға Болат Өтемұратовтың, «Қамқор-Ақтөбе2024» және «Dar Charity» қоғамдық қорлары арқылы барлығы 910 миллион 851 мың теңгеге қайталама нарықтағы үйлер сатып алынып берілді. Сатып алынған үйлердің біріне

Бірлік ауылының тұрғыны Аймұхан Ахметов көшіп барған.

— Көктемгі су тасқыны кезінде үйімді су басып жарамсыз болып қалды. Қиын сәтте мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, Болат Өтемұратов қоғамдық қоры арқылы Қандыағаш қаласынан 6 бөлмелі үй алдым. Тасқынның салдарынан үйсіз, далада қалған жандардың баспаналы болуына жағдай жасап жатқан билік өкілдері мен үй алуға атсалысқан барлық азаматқа айтар алғысым шексіз. Қуанышымда шек жоқ, — дейді Аймұхан Ахметов.

Табиғи сипаттағы төтенше жағдайдан зардап шеккен отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында қазіргі таңда Жағабұлақ ауылында 9 үй, Бірлік ауылында 5 үйжаңадан салыныпжатса, 7 үйге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екі ауылдағы құрылыс жұмыстарын «Айлин Строй Проект» ЖШС қолға алған.

Зардап шеккендерге көмек көрсету және баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында жүргізіліп отыр.

Бұған дейін де хабардар еткеніміздей, Мұғалжар ауданы бойынша су тасқыны кезінде барлығы 76 үй мен 3 коммерциялық нысанға зақым келіп, 8 шаруа қожалығы шығындалған. Су тасқынынан зардап шеккендерге 26 миллион теңгеден астам біржолғы көмек көрсетілді.

Жандос АЙТЖАН,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button