«Таза Қазақстан»: «Экопатруль» іс-шарасы өтті
Ақтөбеде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында қалалық полиция департаменті мамандарының қатысуымен «Экопатруль» профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Іс-шара барысында полиция қызметкерлері абаттандыру ережесін бұзған қала тұрғындарына ескерту жасап, тәртіп пен тазалықты сақтауға шақырды.
№1 қалалық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Бауыржан Қыдырмағамбетовтың айтуынша, биыл 60-қа жуық әкімшілік хаттама толтырылған.
— Экологиялық акция басталғалы қаламыз күл-қоқыстан тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда, жеке тұрғын үй иелері тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастайды. Осы жылы «Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 505-бабына сәйкес, яғни, «қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою жәні бүлдіру» бабы бойынша 15-ке жуық жекеменшік мекеме иелеріне айыппұл хаттамалары толтырылды.
«Экопатруль» профилактикалық іс-шарасы аясында Сағадат Нұрмағанбетов көшесінде орналасқан «Акула бар», «Измир Кебаб» және басқа да жекелеген дүкендер мен тамақтану орындарына, тағы басқа жерлерде 200-ден астам үнпарақ таратылды. Қоқысты белгіленбеген орындарға тастайтын тұрғындарға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, жекеменшік мекеме иелеріне 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынатындығын ескертеміз, — деді полиция инспекторы.
Қала тұрғындары экологиялық мәдениетті қалыптастырылуға бағытталған акциялардың жиі өткізілгенін құптайды. Олар іс-шара аясында учаскелік полиция қызметкерлеріне көкейкесті сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді:
— Мен 20 жылдан бері қаладағы көппәтерлі тұрғын үйдің бірінде тұрамын. Өкінішке қарай кейбір тұрғындар экологиялық мәдениетті сақтай бермейді. Бөтелке мен шағын қораптың өзін қоқыс жәшігінің сыртына тасайды. Әсіресе маңайымыздағы дүкен иелеріне ескерту берілгендігін қалаймыз. Үй айналасы қоршалып, балалар ойнайтын алаң болмағандықтан, кез келген ауланың тұрғындары қоқыстарын біздің үйге тиесілі қоқыс жәшіктерінің айналасына бейберекет тастап кетеді. Осындай адамдарға әкімшілік жаза қатаңдатылуы тиіс, — дейді қала тұрғыны Гаухар Бисжанова.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.