Басты жаңалықтарМереке

БАҚ өкілдеріне құрмет көрсетілген күн

28 маусым — Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні. Осы мерекеге орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, өңірдегі газет, телевизия және радио саласының білікті мамандары зор құрметке ие болды.

Салтанатты іс-шарадаоблыс әкімі Асхат Шахаров өңірдегі БАҚ өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

Журналистика саласы кәсібилік пен білімділікті қана емес, сонымен қатар батылдық пен табандылықты талап етеді.Сіздер маңызды тақырыптарды көтеріп, өткір мәселелерді жарыққа шығарасыздар, қоғамның көкейкесті мәселелеріне назар аударасыздар. Сіздердің еңбектеріңіз қоғам үшін аса маңызды, өйткені халыққа уақтылы және объективті ақпарат жеткізесіздер. Бүгінде облысымызда 42 бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істейді. Оның ішінде іргелі, өзіндік тарихы бар бұқаралық ақпарат құралдарыда бар. Олар да әлеуметтік желілер қарқын алып тұрған кезде жаңа жағдайда дамып келеді.Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Масс-медиа туралы» Заңға қол қойды. Бұл заң бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері үшін үлкен мүмкіндікке жол ашады, мемлекет, қоғам және бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтереді.Сіздерге шығармашылық шабыт, қызықты тақырыптар мен сәтті репортаждар тілеймін. Ақпарат аламанында алтын арқалап жүрген журналистердің әр күні жетістіктерге толы болсын, — деді өңір басшысы Асхат Шахаров. Одан соң бір топ БАҚ өкілдерінеел Президентінің Жарлығымен бекіген мемлекеттік наградаларды салтанатты жағдайда табыс етті. Мұнда журналистика мен телевизияның дамуына қосқан үлесі үшін облыстық «Ақтөбе» газетінің ардагері Аманқос Орынғалиевке — «Құрмет» ордені, «Диапазон» газетінің тілшісі Альмира Алишбаеваға «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды. Ал «Астана» телеарнасының операторы Нұркен Жалмұханов ел Президентінің Алғыс хатына ие болды.

Облыстық «Ақтөбе» газетінің тілшісі Нұрмұхамбет Дияров, «Казахстанская правда» газетінің бұрынғы меншікті тілшісіЖұбаныш Байгуринов, «Ақтөбе» газетінің ардагері Ардақ Қонақбаева, аудандық «Шалқар» газетінің редакторы Қыдырәлі Әлин Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Мәдениет және ақпарат министрінің «Құрмет грамотасына» «Ақтөбе» газетінің бөлім меңгерушісі Айбек Тасқалиев, «Актюбинский вестник» газетінің тілшісі Айжан Шаукулова, Қазақстан журналистер одағының «Алтын» медалібаспасөз ардагері Жақсылық Айжановқа табысталса, «Ақтөбе» газетінің тілшісі Индира Өтеміс «Қазақстанның құрметті журналисі» сондай-ақ бір топ журналистер «Ақпарат саласының үздігі» атанды.

Осы кеште марапатталғандардың бірі, облыстық «Ақтөбе» газетінің еңбек ардагері Аманғос Орынғалиев әріптестерін мерекесімен құттықтады.

Журналистік қызметке өмірімнің 54 жылын арнаппын. Биыл мен қызмет еткен «Ақтөбе» газетіне бір ғасыр толды. Президентгазетімізге өзінің Құттықтау хатын жолдады. Оны газеттің туған күнінде — 7 маусым күні облыс әкімі Асхат Берлешұлы өзі ұжымға келіп тапсырды. Қат қабат науқандық жұмысқа қарамастан, уақыт бөліп, газеттің ұжымымен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесті. Біз бұдан өңір басшысының газеттің қызметін бақылап отыратынын, ұдайы оқитынын аңғардық. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосып, мерекесімен құттықтап, журналистиканың мәртебелі мамандық екенін атап өтті. Мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет ететінін, ел тағдырын шешуге атсалысатынын, өйткені ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болғанын, қазір де солай екенін айтты. Жақында Президент «Масс-медиа туралы» Заңға қол қойды.Журналистің мәртебесі, мүддесі, құқықтары белгіленіп, нығайтылды. Осы жиынның өзі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне деген ерекше ықыласты байқатып отыр. Баспасөздің сөзі ешуақытта өлмейді. Бүгінгі марапатымды жанкешті еңбек еткен ардагер ағаларыңызға берілген зор құрмет деп бағалаймын. Бүгінгі басқосуды ұйымдастырған облыс басшысына алғысымды айтамын.

Бұқаралық ақпарат құралдарының абыройы арта берсін!— деді Аманғос Орынғалиев.

Одан соң бірқатар БАҚ қызметкерлеріне облыс және қала әкімдерінің Алғыс хаттары табыс етілді. Олардың қатарында әріптестеріміз — «Ақтөбе» газеті редакторының орынбасары Мейрамгүл Сатаева мен «Ақтөбе» газетінің тілшісі Арайлым Нұрбаева облыс әкімінің Алғыс хаттарына, ал «Ақтөбе» газетінің фототілшісі Хайреден Раушанов пен «Ақтөбе» газетінің тілшісі Айнұр Жалмағанбетова қала әкімінің Алғыс хаттарына ие болды. Сонымен қатар «Ақтөбеге-155 жыл» мерейтойлық медальдары журналистика саласының ардагерлеріне, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары басшыларына табыс етілді.

Мерекелік іс-шарада ойын-сауық бағдарламасы да ұйымдастырылды. Бұл күні БАҚ өкілдері нысананы көздеп, садақ атып, шиырып асық иіріп, мергендіктерін сынады, тоғызқұмалақ ойнады.

Іс-шара барысында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Байнешов бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында өткізілген спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады. Волейболдан меншікті тілшілер мен аудандардан келген әріптестер командасы — бірінші орын, «Ақтөбе Медиа» командасы — екінші орынға ие болды. Шағын футболдан өткен сайыста «Aqtobe» телеарнасы турнир жеңімпазы атанды.  «АқтөбеМедиа» үшінші орыннан көрінді.

Кешті Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның «САЗ» балалар студиясының өнерлі өрендеріәнмен әрледі.

А.БАЛЖАНАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button