Ақтөбеде су тасқыны салдарынан апатты деп танылған үйлерді демонтаждау (сүріп тастау) жұмыстары басталды
Новостройка бау-бақша ұжымы аумағында су тасқыны кезінде қираған үш үй бұзылды.
Сүріп тастаған үйлердің жері мемлекет қорына қайтарылады. Бұл шаралар үй иелерінің жазбаша келісімімен жасалуда. Оларға құлаған үйлерінің орнына жаңа пәтерлер беріліп жатыр.
Бүгінгі таңда бағалау комиссиясының қорытындысы бойынша су тасқыны салдарынан 190 үй апатты деп танылды, оның 75-інің тұрғындары жаңа баспанаға көшірілді. Қор арқылы пәтер сатып алып беріп, көшіру шаралары жалғасып жатыр.
Ал үйлері апаттық емес тұрғындарға жөндеу үшін өтемақы төленіп жатыр.
«Су тасқыны салдарынан бұзылған үйлерді демонтаждауымыз керек. Себебі, ол құлағалы тұрған үйлер осы маңда тұратын өзге тұрғындарға қауіп туғызады. Әзірге жаңа пәтерлерге көшірілген 75 отбасының апатты үйлері сүріліп, жерлері мемлекет қорына қайтарылады», – деді қала әкімінің орынбасары Сұлтан Аманчин.
Тұрғындарға үйлерін бұзбас бұрын бір ай уақыт берілді. Олар өздеріне қажетті мүліктерін, демонтаж кезінде құрылыс материалдарын алып кетуге құқылы.
«Бізге қалада салынған жаңа үйден пәтер берді. Ризамыз. Бұрынғы жылдары да үйіміз суға кетті. Бірақ мұндай нақты көмекті бірінші рет көріп отырмыз. Еліміз бойынша су тасқынынан зардап шеккендерді қолдап жатқан ел Президентіне алғысымыз шексіз», – деді Новостройка бау-бақша ұжымы тұрғындарының бірі Күләш Күләпова.
А.ІЛИЯС.