Денсаулық

Нитрат қалдықтарымен  уланудың алдын алу

Сақ болыңыз!

Ақтөбе облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тағамнан уланудың алдын алу мақсатында кәсіпкерлік субъектілері мен тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Көктемгі және жазғы уақытта тамақтан улану қаупі артады. Себебі көше бойында тез бұзылатын тағамдарды, көкөністер мен жеміс-жидектерді сататындар көбейеді. Ал бұндай жерде санитарлық ережелер сақтала бермейді.

Сондай-ақ көкөністерде, жеміс-жидектері мен бақша өнімдерінде нитрат мөлшерден тыс анықталуы әбден мүмкін. Ауылшаруашылық өнімдерінің пісуін жеделдету үшін құрамында нитраттары бар тыңайтқыштар қолданылады.

Топырақта  нитраттар артық мөлшерде болғанда, олар толығымен өңделмейді, өсімдік  өнімдерінде  жиналып, адам ағзасына түседі. Асқазан-ішек жолында  нитраттар  азотты  қышқылының тұздарына нитриттерге айналады да, организмді улайды. Нитриттер гемоглобинмен  әрекеттесіп, метгемоглобин  қалыптастырады. Бұл зат тыныс алу жүйесіне зардабын тигізеді.Нитраттардың ең үлкен концентрациясы көкөністерде, әсіресе олардың жапырақтарында, тамыр жемістерінде болады.

Нитратпен улану белгілері — жүрек қағысының  жиілеуі,  ентігу, асқазан-ішек жолдарының бұзылуы, эпигастрийдегі ауырсыну, құсу, диарея,   бауырдың  үлкеюі.

Нитрат қалдығынан уланудың алдын алу шаралары:Ерте піскен көкөністерді, жеміс-жидектерді, бақша өнімдерін көшеден сатып алмау. Сатып алған өнімдердің сапасын және қауіпсіздігін растайтын құжаттары болуы қажет (токсикологиялық зертхана сараптамаларынан өткендігі жөнінде анықтамасы, Кеден одағының сәйкестігі жөнінде декларациясы). Өнімдердегі нитраттардың мөлшері термиялық өңдеу процесінде азаяды. Көкөністер мен шөптерді суға батырып жақсылап жуу да улану қаупін азайтады.

Райхан ҚОЙШАНОВА,

Ақтөбе облысының санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау департаментінің басшысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button