Спорт

Жолдамалар саны 80-ге жетті

Парижде өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының басталуына бір айдан да аз уақыт қалды. Қазақстан бұл Олимпиадаға әзірге спорттың 24 түрі бойынша 80 жолдама ұтып алды. Ал Парижге қамданып жатқан спортшылардың саны — 70.

Бір өзінде — 7 жолдама

Жолдама мен спортшы санының арасындағы айырмашылыққа келсек, біздің ұлттық құрама сапында бір өзі бірнеше жолдама жеңіп алғандар бар. Айталық, гимнаст Милад Карими 7 бірдей жолдамаға иелік етіп отыр. Ол Парижде спорттық гимнастикадан көпсайыс, еркін жаттығу, ат снаряды, қол тіреп секіру, т.б. жаттығулар түрінен жүлдеге таласады.

Милад Алматыда туып-өскен. Ол — өткен жылы Антверпенде өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері. Айта кетейік, бұл медаль — еліміз үшін тарихи жүлде, өйткені оған дейін аталған спорт түрінен ел қоржынында әлем біріншілігінің жүлдесі болмаған. Сонымен қатар биыл Ташкентте өткен Азия біріншілігінде де ол 1 алтын, 3 күміс медаль жеңіп алды.

Сондай-ақ байдарка мен каноэде есуден жұптық сайыста жолдама алған спортшылардыңәр жұптан бір адамнан жекелей сайыста да бақ сынауға хақы бар. Яғни жұптық сында алынған үш жолдама екі еселеніп отыр.

Ал дзюдо, семсерлесу, садақ ату секілді спорт түрлерінен жекелей сынға жолдама алған спортшыларымыздың кейбірі командалық сындарға да қатысып, екінші мүмкіндікке ие болмақ.

Егіздерге ақ жол!

Бокстан ерлер құрамасы — Парижге толық құраммен баратын бірден-бір ұлттық командамыз.

Олимпиада бағдарламасына сай, боксшылар ерлер арасында — 7, қыздар арасында да 7 салмақтан бақ сынайды. Қазақстанның ерлер құрамасы әлем бойынша қажетті жолдаманы түгелдей иеленген екі команданың бірі болса, екіншісі — Өзбекстан құрамасы.

Біздің құрама сапында 92 кг салмақ дәрежесінде жолдама иеленген Айбек Оралбай мен 80 кг салмақ дәрежесінде сынға түсетін Нұрбек Оралбай — егіздер. Айбек — 2022 жылғы Азия чемпионы болса, Нұрбек биылғы Олимпиадаға әлем чемпионы дәрежесінде бара жатыр. Жуырда ғана екеуі 24 жасқа толды. Олардың әкесі Рахат та спортпен, оның ішінде күреспен айналысады. Ұлдарын да күрес секциясына қатыстырмақ болып спорт мектебіне алып барғанда, алдарынан бокс жаттықтырушысы Асқар Еркебаев кездесе кетіп, екі ұлды өз үйірмесіне қатысуға шақырыпты.

Айта кетсек, қазақ боксындағы даңқты тұлғалардың арасында егіздің сыңары баршылық: олар — Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионатының күміс жүлдегері (1982 жыл) Серік Қонақбаев (Ерік Қонақбаев); Афины Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионы (2003 жыл) кәсіби бокста ел даңқын асырған спортшымыз, ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин (Максим Головкин), Афины Олимпиадасының қола жүлдегері, 1998 жылы жастар арасында әлем чемпионы атанған Серік Елеуов  (Берік Елеуов); кәсіби бокстаәлем чемпионы атанған (2017 жыл) Жанат Жақиянов (Азамат Жақиянов); 1997 жылғы Азия чемпионы Қанат Сиқымбаев (Марат Сиқымбаев), 2006 және 2010 жылдарыәлем чемпионатының қола жүлдегері атанған Назгүл Боранбаева (Наргүл Боранбаева).

Егіздің сыңары болып дүниеге келген боксшыларымызға тек Олимпиада алтыны ғана жетпей тұр екен. Бәлкім, Парижде оның да сәті түсер…

Жолы болғыш көршілер

Ашық дереккөздерден білгеніміздей, Олимпиадаға баратын спортшылардың арасында бір ауылдан, тіпті бір көшеден шыққан жандар да бар.

Мысалы, садақшылар Ильфат Абдуллин мен Дәулеткелді Жаңбырбай Жетісу облысы Ескелді ауданының Қарабұлақ ауылында бір көшенің бойында тұрады екен. Садақ атумен шұғылданғанға дейін екеуі де басқа спорт түрлерін жағалапты. Ильфат 4 жыл футболға барып, сосын жарақат қаупі аз спорт түрін іздеп, садақ ату секциясына келіпті. Ал одан 7 жас кішілігі бар Дәулеткелді еркін күреске, одан соң көгалдағы хоккейге барып жүрген кезінде, үйіндегілер Ильфатқа еріп, садақ атумен шұғылдануға кеңес беріпті. Сөйтіп, 12 жастағы бала садақ атумен айналыса бастаған. Одан бері 7 жыл өтті. Қазір екеуі бір арманның — Қазақстан тарихында садақ атудан алғашқы Олимпиада жүлдесіне қол жеткізу — жолында тер төгіп жүр.

Ал Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, 2021 жылғы әлем чемпионы, боксшы Сәкен Бибосынов пен қазақ қыздары арасынан шыққан мықты дзюдошылар Әбиба Әбужақынова мен Есмигүл Куюловалар бала күнгі көршілер болып шықты. Үшеуі де Өзбекстанның Шыршық ауданындағы Табақсай ауылында дүниеге келген. Сәкен мен Әбиба — бір жылдың түлектері (1997 жыл), ал Есмигүл олардан 5 жас кіші. Айта кетейік, 2022 жылғы жазғы Азия ойындарында қола жүлде иеленген Есмигүл Куюлова іріктеу жарыстарында жинаған ұпай санымен Олимпиадаға тікелей жолдама ала алмаған болатын. Бапкерлер Есмигүлді аралас командалық сайысқа қатыстыру үшін ғана Парижге апаруды көздеген еді. Алайда жақын күндері ол халықаралықдзюдофедерациясыныңқосымшажолдамасына ие болып, өз салмақ дәрежесінде (63 кг) жекелей сынға қатысуға да мүмкіндік алды.

Үштен екісі алғаш рет барады

2021 жылы Токиода өткен Ойындар ел тарихындағы ең сәтсіз жазғы Олимпиада болғаны белгілі. Токиода біздің спортшылар 8 қола медаль алды. Бірде-бір алтын не күміс жүлдеге қол жеткізе алмай, ресми емес жалпыкомандалық есепте бұрын ешқашан түске де кірмеген 83-орынға бір-ақ сырғыды.

Одан бергі аз жылда елімізде спорттың көп түрінде буын алмасқаны байқалады: Париж Ойындарына жолдама алғандардың үштен екісі — Олимпиадаға алғаш рет бара жатқан спортшылар. Ең жасы үлкен спортшы семсерлесуші Эльмир Әлімжанов екен. Ол 37 жаста. Ең жас спортшы, таэквондошы Батырхан Төлеуғалидың жасы 17-де.

Ал ескекші Владислав Яковлев (академиялық есу, 31 жаста) — қазақстандықтар қатарындағы Олимпиадаға ең көп, яғни төртінші рет қатысқалы отырған спортшы. Оның бүгінге дейінгі ең үздік нәтижесі — 19-орын. Бұл нәтиже Токио Олимпиадасында тіркелген.

Дзюдошы Елдос Сметов (31 жаста) Олимпиадаға үшінші рет қатысады. Тәжірибелі спортшы іріктеу жарыстарының қорытындысы бойынша Олимпиадаға тікелей жолдама алуға жеткілікті ұпай жинағанымен, осы салмақта (60 кг) Парижге баруға ең лайықты қазақстандық дзюдошы екенін ішкі іріктеуде дәлелдеуге мәжбүр болды. Өйткені бұл салмақта басқа да дзюдошыларымыздың, атап айтқанда, Нұрқанат Серікбаев пен Мағжан Шамшадиннің де Олимпиадаға тікелей жолдама алуға ұпайлары жетіп тұрған болатын. Алайда әр елге тиесілі жолдама біреу ғана және оның тағдырын ұлттық құрама бапкерлері шешетін болғандықтан, шағын ішкі іріктеу турнирі ұйымдастырылып, Елдос жеңімпаз атанды. Өздеріңіз білетіндей, бұған дейінгі екі Олимпиадаға Елдос текке қатысып келген жоқ. 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында ол — күміс, төрт жылдан соң Токиода қола жүлде алды. Парижден де құр қол қайтпауға бекініп отыр. Нәтижесін тура бір айдан кейін білетін боламыз. Бұл салмақ категориясы бойынша дзюдошылар арасындағы ХХХІІІ жазғы Олимпиаданыңжүлдегерлері 27 шілдеде анықталады.

Парижде Олимпиада бағдарламасына алғаш рет өтіп отырған брейк-данстан қазақстандық Әмір Зәкіров бақ сынайды. Ол екі кезеңмен — Қытайда және Венгрияда — өткен іріктеу жарыстарының қорытындысы бойынша 6-орынға ие болып, елімізге Париж Олимпиадасының 80-жолдамасын әперген еді.

Жолдама алған спортшылардың тізімі әлі де толығуы мүмкін.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button