Су тасқыны

Тасқын судан зардап шеккен нұралықтарға 11 мердігер компания үй салып жатыр

Сарыобада үйлерді салуға кіріскен мердігерлерге құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау міндеттелді. 

Өңір басшысы Асхат Шахаров пен Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов Ырғыз ауданына жұмыс сапары барысында мердігерлерге құрылыс қарқынын арттыруды тапсырды. Айтып өту керек, қажетті техника бар, құрылыс материалдары да жеткілікті.

Жаңа үй тұрғызылатын жерді Нұра ауылының тұрғындары өздері таңдады. Жер учаскесі биікте орналасқан. Қазіргі уақытта мұнда салынып жатқан 74 үймен қоса, көгілдір отын, ауыз су мен жарық тартылуда.
«Су тасқынының зардабын жою жұмыстары – Мемлекет басшысы қатаң бақылауында. Қазіргі таңда облыс бойынша 517 жаңа үй салынады. Құрылыс жұмыстары осы Нұра ауылында кеш басталды. Дегенмен, қарқынды арттырып, барлық жұмыс күшін жұмылдырып, уақытылы аяқтау керек. Ешқандай мәселе жоқ екенін айттыңыздар. Қандай көмек қажет, жан-жақты қолдауға дайынбыз. Шығынның бәрі өтеледі», – деді облыс әкімі мердігерлермен кездесуінде.

Айтып өтейік, Ырғыз ауданында 167 үй су астында қалды. Тасқынның салдарын жою жұмыстары аясында 134 баспана жаңадан бой көтереді. 27 дайын үйге отбасылар қоныс аударды. 6 үй жөнделмек.

Облыс басшысы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкеновпен бірге Ырғыз ауылындағы құрылыстың басында да болды. Мұнда 50 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Тартылған 11 компания тұрғын үйлердің іргетасын құю, сыртын кірпішпен қалау жұмыстарын жүргізуде. Құрылысшыларға «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының сарбаздары көмекке тартылған.

Қазіргі таңда өңірде эвакуациялық пункт Ырғыз ауылында ғана бар. Онда 58 тұрғын  тұрып жатыр. Өңір басшысы Асхат Шахаров тұрғындармен кездесіп, олардың өтініштерін тыңдады, сұрақтарына жауап берді, оларды шешу бойынша аудан әкімі мен салалық басқарма басшыларына тапсырмалар берді.

Нұралықтарды суы кепкен үйлерден жарамды материалдарды алу сияқты мәселелер толғандырады. Заттарды алуға тек комиссия шешімімен келіскен жағдайда рұқсат етіледі.

Сарыоба жерінде мектеп салу мәселесі де күн тәртібінде тұр. Нұра ауылындағы ескі мектепке оқушылар автобуспен тасымалданып оқытылуы мүмкін. Қыс кезінде жолды қардан тазартатын арнайы көлік бар дейді аудан әкімдігі.

Облыс әкімі тұрғындарға сабырлық сақтап, түсіністік танытқандары үшін алғысын білдірді. Кездесуде көтерілген әрбір өтініш бақылауға алынып, тиісті жұмыс жүретінін жеткізді.

А.ІЛИЯС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button