Майлы дақыл: Шығымы мен шығыны
Азық-түлік
Соңғы жылдары ел бойынша дәнді дақыл алқабы азайып, керісінше, майлы дақылдардың көлемі ұлғайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі мамандарының тікелей араласуымен егіс алқаптарын әртараптандыру жүрді. Мұның себебі белгілі. Астық тәуір шыққан жылдары бидайдың бәсі түсіп кетеді. Оны өткізетін де, сақтайтын да жер жоқ. Сұранысы төмен астық дақылдарын майлы дақылдарға ауыстыру шаруаға тиімді көрінді.
Кейінгі бір-екі жылда майлы дақылдардың алқабы дәстүрлі бидай өсіруші тың өлкелерінде, оның ішінде, біздің аймақта да кеңейді. Егіншілікті әртараптандыру бағдарламасына сәйкес барлық өңірде көп болмаса да, дәнді дақылдар егу көлемі азайды. Республикада, оның ішінде біздің облыстың өзінде дәнді дақыл егісі өткен жылғыдан кем салынды. Есесіне тауар өндірушілер қымбат бағамен өтетін сұранысқа ие дақылдарды өсіруге бет бұрды. Майлы дақылдардың егісі алдыңғы жылы ел бойынша 1 млн. гектардан асса, былтыр 1 млн. 700 мың гектарға жеткізілді. Сол арқылы, мамандардың айтуынша, еліміз өсімдік майын өндіруге қажетті шикізатпен өзімізді толық қамтамасыз етті. Тек ішкі қажеттілікті қанағаттандырып қана қоймай, өңделген өнімді экспортқа шығаруға жол ашылды.
Қазақстан бойынша майлы дақылдардан ең көп егілетіні — күнбағыс. Майлы дақылдардың күнбағыстан өзге де түрлері молынан егіле бастады. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында рапстың алқабы екі есеге дерлік өсті.
Майлы дақылдардың ұлғаюы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймайды, мал шаруашылығын дамытуға да елеулі септігін тигізеді. Майлы дақылдардың өңдеуден кейінгі шрот және күнжара сияқты қалдықтары аса кенеулі, жұғымды мал азығы. Мұндай құрама жемге бордақыланған мал тез арада күп болып семіреді. Демек, майлы дақыл алқабының өсуі — мал азығының қорын да нығайтты. Ғалымдарымыз малды, мәселен, рапстың қалдығымен азықтандырса, тек бір мың бас малдың есебінен жылына 20 мың тонна жемшөпті үнемдеуге болатынын дәлелдеген.
Майлы дақыл алқабы, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, ел бойынша үздіксіз өсіп келеді. Биыл ол 1,8 млн. гектарға жеткізілді. Майлы дақылдарды өсіруге біздің облыста да ерекше маңыз берілді. Осы тақырыпта әңгімелеспек болып, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығы бөлімінің бастығы Жолтума Рахметовтің қабылдауына келгенбіз. Маман әлденеге қатты алаңдаулы екен. Кабинет терезесінен сыртқа көз салып: «Апырмай, қар аралас жаңбыр тағы басталды. Сонша уақыт жауыннан-жауын болып, үлкен әуремен дәнді дақыл егісін шақ аяқтап едік. Енді майлы дақыл егісін де жинатпайтын болды»,— деп қойды.
— Сіздерге күннің ашық болып, суытқаны дұрыс па сонда?
— Әрине. Былтырғыдан майлы дақыл егісі 2,3 есе өсті. Былтыр облыс бойынша майлы дақыл егісі 25 мың гектар ғана еді.
— Біздің аймақта майлы дақылдардың қандай түрлері егіледі?
— Негізінен күнбағыс. Шамалы мақсары, кендір бар. Олар ауыз толтырып айтатындай көп емес. Тек біздің жерімізге қалай шығатынын тексеріп көру үшін жекелеген шаруашылықтар егеді.
Біздің жеріміз үшін үйреншікті күнбағыс дақылының өзін де кейбір шаруашылықтар шығара алмайды. Мемлекеттік бюджеттен өсімдік шаруашылығына, оның ішінде майлы дақылдар егісіне де субсидия төленеді. Биыл облыс бойынша егілген майлы дақылдың 20 пайызы есептен шығарылды. Бұл мәселені қазір ауданның өзі шешеді. Кешегі кеңес кезінде егісті есептен шығару үшін кеңес атқару комитетінің қаулысы шығарылатын. Қазір шаруашылықтың өзі қожа. Ауданға шықпады деп хабарлайды. Егер егісін сақтандырса, сақтандыру агентін шақырады. Солар тексеріп қарап, ауа райының салдарынан болса, сақтандыру құнын төлейді. Егерде басқалай себеп болса, технологиядан қателік кетсе, төлемейді. Мұның бәрін комиссия шешеді. Биылғы есептен шығарылған майлы дақыл егісін солай комиссия қарап, мақұлдады.
Қазір облыстағы майлы дақыл егісінің 16100 гектары жиналды. Немесе ол барлық майлы дақыл егісінің 38 пайызын құрайды. Әзірге түсім облыс бойынша гектарына 4 центнерден айналып отыр. Майлы дақыл егісінің түсімі Мәртөк ауданында жоғары, Хромтау ауданында да жаман емес. Ақтөбе қаласының шаруашылықтары да тәуір өнім алуда. Қазіргі мақсат — ауа райы сәл мүмкіндік берсе, бар өнімді жерде қалдырмай тездетіп жинап алу.
— Майлы дақыл егісі де әдеттегі комбайндармен жиналады ғой.
— Әдеттегі комбайнды осы егіске ыңғайлап қайта жасақтайды. Өзінің арнаулы орағы болады.
— Алынған өнім қайда тапсырылады?
— Қаламыздағы өсімдік майын шығаратын «SavoIa foods CIS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі — «Туркуаз компаниясы тобы» зауытына әрбір шаруашылық өздері әкеліп тапсырады. Қазанның 27-сіне шейін салық төлейтін ауыл шаруашылығы құрылымдарынан тоннасын 50 мың теңгеден, салық төлемейтін шаруа қожалықтарынан 48 мың теңгеден қабылдап алды бұл зауыт. Бірақ одан бергі кезеңде бағаны өзгертті, түсірді. Шетел фирмасы ғой, әлемдік рынокқа байланысты деп дәлелдейді. Көрші мемлекеттерде бағаның түскенін айтады. Соған байланысты бұлар да бағаны түсіріп, майлы дақылдың тоннасына 45-42 мың теңгеден төлеуге көшті. Бізге фирма осы жағдайларды хабарлап, ресми қатынас түсірді. Ауа райына байланысты дәнді дақылдардың өзі кештеу өсті. Сол себепті олармен шалқайып сөйлесетін жағдай жоқ. Көпшілік шаруашылықтар алдындағы жоғары бағаға өткізуге де үлгере алмады. Енді жауын-шашын толастамаса, кейінгі мына бағамен де тапсырудан кешігетін шығар…
Қазір аудандарда жиын-терін аяқтала келді. Ендігі шаруа — осы майлы дақылдарды төкпей-шашпай жинап алу. Оған техника да, адам күші де жетеді. Тек ауа райы мейірленсе болғаны.
— Майлы дақыл еккен шаруашылықтарға республикалық бюджеттен қаржы берілгенін білеміз. Соның мөлшері қанша?
— Егілген майлы дақыл егісінің әрбір гектарына 3800 теңгеден субсидия төленді.
— Біздің шаруашылықтар майлы дақыл егісіне тұқымды қайдан алды?
— Ақтөбе қаласындағы өсімдік майын шығаратын зауыт береді. Олар сырттан, негізінен өзіміздің Өскеменнен сатып әкеледі. Арнайы тұқым өндіретін шаруашылықтар бар. Содан алады. Және сол тұқымды көктемде шаруашылықтарға несиеге беріп, күзде өнім жинап, зауытқа тапсырған кезде ұстап қалады. Екі-үш жылдан бері осылай. Өнімдерін де облыстың барлық шаруашылықтары осы зауытқа өткізеді.
— Бидайға қарағанда майлы дақыл өсірген тиімді ме сонда? Бидайдың бағасы қанша қазір?
— Олай деп айтуға болмайды. Бірақ тап бүгінгі таңда тиімді болып тұр. Қазір бидайдың Үкімет белгілеген бағасы 25-22 мың теңге.
— Майлы дақыл егісі өсіп, есесіне дәнді дақыл егісі кеміді ме?
— Кеміді. Былтыр облыс бойынша 731 мың гектар дәнді дақыл егілді. Ал биыл 505 мың гектар егу көзделген еді. Мұны біздің аймақ үшін министрлік белгіледі. Облыстың 2015 жылға дейінгі экономикалық даму бағдарламасында осы цифр тұр. Алайда көктемгі егіс кезінде 588 мың гектар алқапқа дәнді дақыл егілді. Шаруашылықтар өздері қосымша екті. Алдағы жылда да облыстың межесі жаңағы айтқан көлемде. Бірақ қанша егетінін шаруашылықтар өздері біледі. Майлы дақыл егісін алдағы жылға 25 мың гектар мөлшерінде жоспарға енгіздік. Ал облыс шаруашылықтары 47 мың гектар егетінін мәлімдеген. Қазір шаруаның психологиясы өзгерді. Бізден сұрамайды. Бұрынғыдай жоғарыдан ек дегенге екпейді. Өздерінің бас пайдасына қарай жасайды.
…Маманның осы пікіріне біз де тоқтадық. Өйткені облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының 31 қазандағы майлы дақылдарды жинау туралы мәліметіне көз жүгірткенде, бұған анық көзіміз жетті. Облыс бойынша егіншілікпен 9 аудан мен Ақтөбе қаласы айналысатын болса, Ойыл ауданынан өзгесі биыл түгел майлы дақыл егісін салған. Ол облыс бойынша 53 мың гектардан асып жығылады. Оның ішінде ең көп салған Мәртөк ауданы — 12213 гектар, Хромтау — 11028 гектар, Әйтеке би ауданы — 9484 гектар. Содан кейінгі орындарды Қарғалы мен Алға аудандары басады.
Майлы дақыл жинаудың өзіндік ерекшелігі бар. Бұл өнім көбіне кешең күзде, қазанның қырауы, қарашаның анық салқыны, аязы соққан кезде жиналады. Шаруашылықтар осыны күтеді. Кей жылдары кешең күзде бірден салқын түсіп, шаруаға майлы дақылдарды жинап алуға қолайлы болады. Бірақ биыл олай болмай тұр, жылылық ұзап, арты жауын-шашынға, қарлы жаңбырға ұласуда. Жергілікті жерлердегі жағдайды нақтырақ білу мақсатында іс басындағы адамдармен хабарласқан едік.
Мәртөк ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Шамиль Саринов:
— Облыс бойынша ең көп майлы дақыл егісі бізде. Қазан айының салқын күндерін пайдаланып, жартысынан артығын жинап үлгердік. «Қызылжар» өндірістік кооперативі, басшысы белгілі кәсіпкер Тұрмағанбет Сағызбаев 856 гектар күнбағыс егісінің әр гектарынан 6,7 центнерден өнім жинауда. «Дина», «Радагро» шаруа қожалықтары да тәуір өнім алуда. Алдыңғы шаруашылық биыл майлы дақыл егісін 2 мың гектарға жуықтатты. Соңғы шаруашылық та мың гектардай егіс салды. Орақ барысында аудан бойынша 2,5 мың тоннадай өнім алынып, қаладағы зауытқа өткізілді.
Алайда кейінгі күндері ауа райы қатты қолбайлау болып тұр. Біздегі майлы дақылдардың дені солтүстік беттегі өңірге егілген еді. Қазір мұнда қарлы жаңбыр жауып тұр. Дымқыл егіс комбайндарды жүргізбейді. Болмаса, техникамыз дайын, ауа райы сәл мүмкіндік берсе, майлы дақыл егісін жинауды да аяқтап қаламыз.
Майлы дақылдың бағасы қымбат сияқты көрінгенмен, бидайға қарағанда оны күтіп, баптауға кететін шығын көбірек. Еккеннен кейін егістің аралығын қопсыту, арамшөбін отау, тағы басқа агротехникалық шаралар жүргізілуі керек. Қуаңшылық жылдың өзінде тәуір күнбағыс өсіріп жүрген «Қызылжар» өндірістік кооперативінің мамандары осы талаптарды жақсы сақтайды. Өнімнің жоғары болуы содан. Егін баққа шықпайды, бапқа шығады.
Қарғалы ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Байбосын Ешпанов:
— Дәнді дақылды жауын-шашынға ұрындырмай, дер кезінде жинап алдық. Қазір майлы дақылға орақ түсті. Аудан бойынша салынған майлы дақыл егісінің жартысына жуығы «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі. Ол екі мың гектарға жуықтап қалады. Қазір соның жартысына жақыны жиналды. Бұл дақылды биыл «Қайрақты», «Табиғат+», «Ақжайық», «Саха» шаруашылықтары да жылдағыға қарағанда мол салды. Осылардың ішінде әр гектардан 6 центнерден өнім алып, «Табиғат+» шаруашылығы жоғары көрсеткішке жетіп отыр. Шаруа қожалықтары майлы дақыл егісінің зейнетіне риза. Еккені үшін әр гектарына 3,8 мың теңгеден субсидия алды. Өнімінің әр тоннасын алғашқыда 52, қазір 42 мың теңгеден өсімдік майын шығаратын зауытқа өткізіп жатыр.
Шынын айтсақ, майлы дақылды жинау тап қазір бөгеліп тұр. Егер мына жауын-шашын басылып, бір жеті қолайлы күн болса, бұл шаруа бірыңғайланады. Оратын, бастыратын техника жетеді. Өнімді таситын көліктер де бар. Тек істің сәтін күтіп отырмыз.
P.S. Шаруашылықтардың майлы дақыл өсіруге жаппай бетбұруы және сол көздеген мақсаттарын іске асыруы уақытты ескеріп, әлемдік рынок талабына бейімделгенін көрсетеді. Бүгінгі таңда азық-түлік қауіпсіздігі — қайда да бірінші кезектегі міндет. Тек біздің аймақта ғана емес, майлы дақылдар өсірудің тұтас еліміз бойынша өркендеуі осындай талаппен байланысты. Қазір еліміз өсімдік майымен ішкі рынокты қамтамасыз етіп қана қоймай, осы өнімді экспорттайтын елдермен бәсекелесіп, сыртқа да дайын тағам шығарады. Ал біздің жұртшылығымыз тіпті бертінде болған ел ішіндегі өсімдік майына деген қардарлық пен қымбатшылықты ұмыта қоймаған болуы керек. Аз уақыттың ішіндегі істің нәтижесі осындай.
Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.



