Басты жаңалықтар

Үй мен түздің тәрбиесі қайткенде түгелденеді?..

Білмейтіні жер астындағы біздің қоғам мектептегі матриархат мәселесінің қашан, қалай басталғанын жатқа соғады. Назарынан еш құбылыс қалтарыста қалмайтын қалың бұқара да, ер мұғалімдердің мөлшері орта білім беру ордаларындағы жалпы педагогтардың 20 пайызына да жетпейтінін есепшотқа салып отырған құзырлы органдар да, түйедейді де, түймедейді де жіліктеп бере салатын әлеуметтанушылар да… бұл түйткілдің түбі қайда соғуы мүмкін екендігін шамамен болжамдайды. Бірақ, мысалы, оқушылардың сабақ үлгерімі қанша пайыз болуы керектігін жіпке тізіп отыратындар және сол дәрежеге рас-өтірігін араластырып болса да жеткізетіндер әлдебір мектептерге немесе мектептердің үстінен қарайтын мекемелерге «ер педагогтар десантын» түсіру туралы бастама көтермейді-ақ.

Бүгінгі һәм ертеңгі, үйдегі һәм түздегі тәрбиеде ер азамат пен әйел атқаратын рольдер туралы бұған дейін де аз айтылып жүрген жоқ-ты. Газетіміздің осы жылғы 20 қазандағы нөмірінде жарияланған Гүлжан Базылқызының «Мектептегі матриархат» деп аталатын мақаласы сол кезекті әңгімелердің бірі еді. Сол мақалаға қатысты айтылып жатқан пікірлердің бір парасын ұсынып отырмыз.

 

«Олар мектепке оралатын болар…»

 

Шолпан  КӨБЕНОВА,

облыстық кадрлар

біліктілігін арттыру және қайта даярлау

институтының директоры:

Материал өте мазмұнды жазылған. Көтерген мәселе де өзекті.

Расында да, ер азаматтардың мектепте көбірек болғаны дұрыс. Бұл жас буынның тәрбиелі болып өсуіне көп ықпал етеді. Мен бұл арқылы әйел мұғалімдердің еңбегін жоққа шығарғым келіп отырған жоқ. Ұрпақ тәрбиесінде әйелдің де үлесі зор екендігі даусыз. Дегенмен, әйел адамның мінезі жұмсақ, кешірімшіл болады. Ал ер адам ішкі сезімін көп білдіртпейді. Қас-қабақпен-ақ көп нәрсені ұғындырады. Бір ауыз сөзбен тәртіпке шақырады. Мектепте ер азаматтардың болғаны қыз балаға да, ер балаға да басқаша әсер етеді. Тіпті мектептегі әйел мұғалімдер үшін де пайдалы. Жинақылыққа үйретеді.

Бұдан жиырма жыл бұрын Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында әдіскер болып жұмыс жасап жүргенімде Ырғыздың бір ауылындағы мектепке бардым. Сол мектептегі мұғалімдердің 90 пайызы ер мұғалім болатын. Сондықтан да мектептегі балалар да басқаша еді. Оқушылардың амандасуынан, сөйлесуінен, өзін-өзі ұстауынан ер адамның тәрбиесінің ықпалы көбірек болғаны байқалып тұрды.

Бұрын мектептерде ер адамдар аздау болғанмен, қазіргіден жағдай жақсы еді. Қазір тіпті азайып кетті ғой. Мұның себебі, әлеуметтік мәселеде екендігі де рас. Отбасында ауыр жүк — ер адамның мойнында. Тұрмысты түзеу, жағдайды жақсарта түсу үшін, әрине, жоғары жалақы керек. Сондықтан ер мұғалімдер еңбекақысы көп жұмысқа ауысуға мәжбүр болды.

Соңғы жылдары мұғалім мәртебесін көтеру үшін мемлекет тарапынан ауқымды жұмыстар қолға алынып жатыр. 2011-2020 жылдарға арналған білім беру бағдарламасының басым бағытының бірі — мұғалім беделін көтеру. Осы кешенді жоба жүзеге асса, ер мұғалімдер мектепке оралатын болар… Әйтпесе, мектептегі жас ұрпақты үздіксіз   әйел адамдар тәрбиелеумен айналысса, расында да, босбелбеу, бойкүйез, морт сынғыш, босалаң ер балалардың саны арта түседі.

Өзім де басшылық қызметтемін ғой. Дегенмен, расын айту керек, қай салада да тізгінді ұстайтын ер азаматтардың көбірек болғаны дұрыс. Бұл менің — жеке пікірім. Себебі, әйел адам  ер азаматтармен бірге жағаласып, билікке жармасу үшін емес,  ер адамның табысын ұқсатып, отбасының ұйытқысы болуы үшін жаратылған. Әйелге үйдің сәнін келтіріп, шаңырағының берекесін сақтаудан артық қандай мәртебе керек.  Соны мансап қуған қыз-келіншектер түсінсе деймін.

Бұрын қазақы тәрбие басқаша болатын. Мысалы, біздің үйде анамыз әкеміздің ісін үнемі үлгі етіп көрсетіп отыратын. Менің жеті інім бар. Анам сол інілерім үйден шықпай бізді үйден шығармайтын… Анам ер азаматты сыйлауды, қадірлеуді, құрметтеуді осылай үйретті…

Сонымен, қорыта айтарым, ер мұғалімдерді мектепке көп тарту керек. Мұны мектеп басшылары басты назарда ұстағандары жөн. Сонымен қатар, қазақтың әр шаңырағында ер азаматтарды дәріптеп, оларды құрметтеу туралы әңгіме көбірек айтылғаны дұрыс.

«9-10 сыныптардың тәрбиешілері — ер мұғалімдер…»

 

Данағали КЕНЖЕБАЕВ,

М.Құсайынов атындағы дарынды

балаларға арналған мамандандырылған

мектеп-интернаттың директоры:

 

Мен мектепке ер мұғалімдерді көбірек тартуға тырысамын. Мұның өзіндік себептері де бар. М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат — жабық мекеме. Сонымен қатар, мектеп Орталық базарға жақын, халық көп жүретін жерде орналасқан. Мектептің маңында «Жарылқасын» деген клуб бар. Сонда кешкілік жаттығуға барған адамдар біздің мектептің ауласы арқылы өтеді. Мас күйінде жүретіндер де бар. Сондықтан, ер мұғалімдерді алуға көбірек көңіл бөлемін.

Мектепте ер мұғалімдердің аз болуының қиындығы жөнінде біздің мектеп туралы жазған естелігінде («Ақтөбе мектеп-интернатына 55 жыл»,118-124 беттер) ардагер ұстаз Торғай Сафина апай былай деп жазған еді: «Қатима Қалбиеваның тұсында,  неге екені белгісіз, ұжымның басым бөлігі әйел адамдар болды. Ол, әсіресе, интернат сияқты бір отбасындай тірлік үшін өте ауыр еді. Әкесіз баланы қалай мүсіркер едік? Үлкен ұжымда бас көтерер бірнеше ер азаматтардың айбат болары, тірек болары өзінен-өзі сұранып тұрмай ма? Оны мен өз басым Қатиманың тұсында табаны күректей 10 жыл класс, кластан тыс ұйымдастыру жұмыстары саласына жауапты болған кезімде байқадым. Ұжымда кейде бір қиналған кездері қол ұшын берер ер азамат табылмайды. Маған көбіне көмекке келетіндер сантехник Талғат Шаригин, физрук Лычак, жайбасар (плотник) Серік, мұғалімдерден баяғы елгезек, барлық жұмысқа араласа кететін, айтқанды екі етпейтін бүгінгі директорымыз — Данағали Кенжебаев, тағы басқалар еді…».

Расында да, мектепте ер адамдардың  аз болуы көп қиындық тудырады. Мектеп білім берумен қатар, тәрбие беретін де орын. Сондықтан, мектепте, әсіресе, мектеп-интернатта отбасыдағы сияқты әйел адаммен қатар ер азамат болуы керек. Мектепке қарағанда, мектеп-интернатта мұғалімдер мен тәрбиешілерге түсер жүк ауыр. Жабық мекеме болғандықтан, баланың өз отбасында жүргендей сезінуі үшін бар жағдайды жасауың қажет. Сонымен қатар әрқайсысымен сырласып, пікірлесу керек. Әсіресе, жоғары сыныпта оқитын ер балаларға ер мұғалімнің тәрбиесі қажет. 11-сыныпта жалпы 57 оқушы бар. Оның 34-і — ер бала.  Ер балалармен әңгімелесу, бірге ойнау үшін әйел адамнан гөрі ер адамның пайдасы көп. Сондықтан 9-11 сыныптарға әдейі ер мұғалімдерді тәрбиеші етіп қойдым.

Біздің мектепте  50 мұғалім бар. Оның 12-сі — ер мұғалім. Олар дене тәрбиесі, алғашқы әскери дайындық, технология, тарих, математика, физика пәндерінен сабақ береді.  3 психологтың біреуі — ер адам.

Мектепте ер адамдардың көбірек болғаны тәртіп қатты болуы үшін керек. Бұл әйел адам баланы дұрыс тәрбиелей алмайды деген сөз емес. Ұрпақ тәрбиесінде әйелдің де үлесі бар. Дегенмен, әйел адам кешірімді келеді. Әрине, әке де кешірімді. Әкелік мейірім бар. Дегенмен, ер азаматтар айбынды. Сондықтан да ер балаларды тәртіпке шақырғанда ер адамның сөзі өтімді.

 

«Әкелердің ықпалы 30 пайыз ғана ма?..»

Марта МАЛАЙДАР, Ақтөбе қаласындағы №32 мектеп-гимназияның директоры:

 

— Ұрпақтың қамын ойлау — бүкіл қоғамға ортақ парыз. Ұрпақты тәрбиемен сусындатар отбасы —  қоғамның ең үлкен қуат тірегі. «Әкенің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы — оны жақсы тәрбиелеу»  деген қанатты сөзде үлкен мән-мағына бар. Ұлы Абайға тәлім-тәрбие берген Құнанбай тағылымы қазір әр отбасына қажет-ақ. «Оның әкесі, атасы жақсы кісі еді, көрегенді, рухы биік, өнегелі жерден шыққан ғой» деген сөздерді өмір тәжірибесінде естіп жүргеніміз ақиқат. Өкінішке орай, соңғы кездері біздің қоғамда ер азаматтың алатын орны төмендеп барады. Яғни, бала тәрбиесіндегі әкенің ықпалы өте саябырлап бара жатқан сияқты. Бұл жағдайды біреу білсе, біреу біле бермейді. Себебі ер адамдардың біразы табыс табу үшін сырт жерде көбірек жүріп қалып, балаларына көп көңіл бөле алмайды. Мұндайда баланы анасы тәрбиелейді. Жүрегі жұмсақ аналар баланы тым еркелетіп жібергенде, әкенің салмақты сөзі ауадай қажет болып жатады.

Біз өз гимназиямыздағы оқушылар арасында сауалнама жүргізген едік. Сауалдар мен жауаптар төмендегідей көріністі аңғартты.

1. Отбасында ата-ананың қайсысының ықпалы күштірек деп ойлайсың (әкенің бе, ананың ба)?

Ана — 70 пайыз, әке — 30 пайыз.

2. Мектепте оқу-тәрбие процесін жақсарту үшін ер мұғалімдердің көп болуы қажет деп ойлайсың ба?

Иә — 39 пайыз, жоқ — 61 пайыз.

3. Егер қиындық бола қалса, ол туралы бірінші кімге айтар едің?

Анама — 84 пайыз, әкеме — 16 пайыз.

Жоғарыдағы сауалнама нәтижесінен байқағанымыздай, отбасында, тәрбие саласында да ер адамның әулет басшысы, отбасының тірегі ретінде және ұрпақ тәрбиесіндегі өнегелі істерінің ықпалы төмен. Бала әкесінен гөрі анасымен сырласып, өз қиыншылығын анасына ғана еркін айта алатындығын айтады.

Ұлылар қадірлеп, құрметтеген әкелеріміздің жолын жалғайтын бүгінгі ұрпағымыздың тәрбиесін тәлімді етейік, ағайын!

 

«Тапшылық теріс әсер етеді…»

Асқар БЛИЕВ,

Алға қаласының тұрғыны:

 

Ұрпақ тәрбиесінде әйел адамның үлесі зор. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Дегенмен, мақалада жазылғандай, расында да, мектептерде ер азаматтардың тапшылығы тәрбиеге теріс әсер етеді. Мектепте мұғалімдермен қатар, психолог, әлеуметтік педагог, полиция қызметкері де жұмыс жасап жүр. Мақсат ортақ — бала тәрбиелеу. Дегенмен, осы мамандардың жұмыстары көрінбейді.

Кеңес үкіметі тұсында мектеп түгілі, ауылда полиция қызметкерлері жоқтың қасы болатын. Ол кездері барлық тәрбие жұмыстары ер мұғалімдерге жүктелетін. Ер балалар ер мұғалімдерге қарап бой түзейтін. Өзім оқыған Байғанин ауданындағы Жарқамыс орта мектебінің мұғалімдері Тапан Жұбаниязов (математика пәнінің мұғалімі), Мұздақбай Ауқатаев (қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі) және басқа мұғалімдер тек қана пән мұғалімдері емес, нағыз ұстаздар еді. Ұстаздарымыздың киім киюі, сөйлеген сөзі, өзін-өзі ұстауы, отбасылық тұрмыстары бала — бізге ғана емес, ауыл-аймаққа үлгі-тін.  Олардың шәкірттерінің арасынан біраз ғалымдар да шықты.  Сонымен қатар, елге танымал, атақты болмағанымен, өз ісінің кәсіби шеберлері, өз мамандығының білгірлері көп.

Мақалада ер мұғалімнің тапшылығының басты себептері әлеуметтік мәселелер екендігі жазылған. Расында да, 90-жылдары қиындық білім саласын да айналып өткен жоқ. 1985-1995 жылдары Алға ауданындағы қазіргі Есет батыр Көкіұлы ауылында математика пәнінен сабақ бердім. Жұмыстан кетуіме, жасыратыны жоқ, ақшаның аздығы себеп болды. Ауылда әр үй мал ұстайды. Мал ұстау қиын болды. Себебі, мал азығын алатын ақша жетіспеді. Себебі, ол кезде жалақының аздығымен қатар, еңбекақы бірнеше ай бойы берілмейтін еді. Содан 1995 жылы Бесқоспа ауылының әкімі болып тағайындалдым. Бірақ әкімнің де жалақысы мардымсыз-тын. Мұғалімдерден ерекшелігі, жалақыны уақытында алатынбыз. Ал жауапкершілік бұрынғыдан да арта түсті… 2005-2007 жылдары Алға аудандық білім бөлімін басқардым. Сонда ер азаматтарды жұмысқа көбірек тартуға тырыстым. 2006 жылдан бастап мұғалімдерді жұмысқа алуды  мектеп директорлары шешетін болды. Сол кезде мектеп басшыларына ер мұғалімдерді көбірек жұмысқа алуды тапсыратынмын.

Мақалада сынып жетекшілері, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, мектеп басшылары негізінен ер мұғалім болғаны жөн екендігі айтылған. Бұл пікір өте дұрыс. Мұны әрбір білім беру мекемесінің басшысы басты назарда ұстағандары жөн.

 

«Басқа салаға кеткен жоқпыз…»

Руслан ҰЗАҚБАЕВ,

Ырғыз гимназиясы директорының

тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

Жалпы, автор қоғамдағы өзекті мәселелердің бірін зерттеп-зерделеу арқылы көпшілікке ой тастай білген…

Мектептерде ер мұғалімдер шын мәнінде аз. Менің ойымша, оған мұғалім жалақысының аздығын желеу ету дұрыс емес. Оған себеп — ел экономикасы мықты. Сондықтан да жыл сайын білім беру қызметкерлеріне мемлекет тарапынан көп көмек, қолдау көрсетіліп жатыр. Осыдан 15-20 жыл бұрынғы кез бен қазіргі жағдайды салыстыруға да келмейді.

Өз басымнан өткен жағдай туралы айтсам, 1997 жылы Ақтөбе гуманитарлық колледжін үздік бітіргеннен кейін  шалғайдағы Жайсаңбай ауылындағы бастауыш сыныпта сабақ берумен еңбек жолымды бастадым. Толық жүктемемен алғанда сондағы айлық жалақымыз 3 700 теңге болатын. Оны да қолымызға 3-4 айдан кейін әзер алатынбыз. Шыдадық, жағдай түзелді. Айлығы аз деп басқа салаға кеткен жоқпыз.

Топтағы 24 қыздың ортасында 3 жігіт бірге бітірдік. Қазір үшеуміз де мұғалімбіз. Солардың бірі — ойылдық Абзал Балпашев қала мектебінің бірінде әлі бастауыш сыныпқа жетекші. Бұл тұрғыда әркімнің таңдаған мамандығына деген адалдығы мен сүйіспеншілігі шынайы болуы керек деп түйіндеймін.

Ал мектептерге ер мұғалімдерді тартуда кадрлық саясатты мектеп басшылары жан-жақты жүргізе білуі керек. Мысалы, қазірде өзіміз жұмыс жасайтын «Ырғыз гимназиясындағы» 55 педагог-мұғалімнің 21-і —  ер адам. Себебі, директорымыз Әмірхан Қайырханұлы өнерлі, спортқа бейімді жастарды үнемі іздеп жүреді, соларды жұмысқа тартуға тырысаады.

Қорыта айтқанда, ұрпақ тәрбиесінде ер азаматтың үлесі зор. Сондықтан олар мектептегі тәрбиеден тыс қалмауы керек.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button