«Ақтөбе» — 100!

Ерғараұлы Қонысбай

Ақтөбе облыстық «Социалистік жол» газеті редакторының орынбасары Қонысбай Ерғараұлы (Ерғарин)  (1911-1941) Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майдан даласында қаза тапты.

Шалқар  ауданында дүниеге келген Қонысбай кәсіби еңбек жолын газетші болып бастады. 1929 жылы Ақтөбедегі партия қызметкерлерін даярлайтын үш жылдық мектепке түсіп, оны  1931 жылдың соңына таман аяқтаған  соң, 1932 жылдың басында жаңадан ұйымдастырылып жатқан облыстық «Социалистік жол» газетінің алғашқы қызметкерлерінің бірі болып жұмысқа қабылданды. Қонысбайдың шығармашылық қолтаңбасы да, журналистік өмірбаяны да осы газетпен бірге қалыптасты.

Қаламы төселгенҚонысбай біршама уақыт «Aqtөbe kәmsamоlь» («Ақтөбе комсомолы»)  газетінің редакторы да болды («Aqtөbe kәmsamоlь»— отызыншы жылдары (екі жылдай) аптасына бір рет, екі мың данаға жуық таралыммен шығып тұрған,облыстық және қалалық комсомол комитеттерінің төрт беттік газеті).

Қонысбай Ерғарин  есімді ерен азаматтың, орда бұзар отызында өмірден өткен танымал журналистің қысқа да болса нұсқа өмір жолымен бүгінгі ұрпақ жете таныс емес; оның  журналистік, жауынгерлік өмірбаяны толық тиянақталмаған, артында қалған ұрпақтары  туралы да мәлімет аз.

«Социалистік жол» газетінің 1932 жылдан бастап, 1941 жылдың орта шеніне дейінгі бүкіл нөмірі — Қонысбайдың журналистік өмірі деугеболады. Ол заманының талабы менүстем партияның идеологиясын басшылыққа ала отырып, тақырып таңдамастан, жанры мен көлеміне қарамастан, газет үшін керек деген мәселенің бәріне қалам тербеді. Газеттің   осы жылдардағы нөмірлерінен оның «Қонысбай», «Қоныс», «Қ.Е», «Қ.Ерғараұлы», «Қ.Ерғарин» деп қол қойған жүздеген мақаласын көруге болады.

Әзірге белгілі болып отырған «Отырықшыландыру жұмысына  жаппай әзірлік керек», «Жастар ұйымының  жұмысы жолға қойылсын», «Арал ауданында комсомол билетін алмастыру науқанына дайындық жоқтың қасы», «Ақтөбе ауданында  мәдени ағарту ісі ойдағыдай емес», «Жас буындарға коммунистік тәрбие беру керек», «Саяси сауатты және мәдениетті газет керек», «Аудан орталығы мәдениетті болсын», «Құмсай» қалқозындағы митинг», «Ақтөбенің демалыс үйі», «Председательдің қолы тимейді», «Аудан басшылығы жоқ жерде», «Мансапқорларды аяусыз әшкерелеу керек», «Армияға шақырылғандардың қалалық  слеті», «Су шаруашылығын бәлшевикше ұйымдастырайық», «Табын МТС-нің партия ұйымы», «Барды оңдыра алмаған басқарма», «Ауқатты және мәдениетті қалқозда», «Пленум қаулысын талқылады» сияқты т.б. газеттік мақалалары кезеңдік шындықты бейнелесе де,кезінде өз оқырманының замани талап-тілегін тұжырымдай алғаны сөзсіз.Жас коммунист Қонысбай Ерғарин қызмет бабында да жақсы көтерілді. Ол «Социалистік жол» газетінің әр кездегі жауапты редакторлары Меңетай Жақсылықовтың, Мұхсин Қордабаевтың орынбасары болып істеді. Біраз уақыт газеттің уақытша жауапты редакторы міндетін де атқарды.

Қонысбай Ерғариннің баспасөздегі һәм өмірдегі жол-сапары айнадай жарқырап жатты  деуге болмайды. Олда «отыз жетінің» отынакүйе жаздады;журналистік өзіндік ой-пікірінің үстем қоғамның әміршіл үнімен үндеспеуі салдарынан партиялық жаза алып, лауазымнан шеттетілген кезі де болды. Бірақ, соның бәріне қарамастан,Қонысбай өзіне  деген сенімінен айырылмай, кәсібіне адалдығынан айнымай, қаламын қаруға айырбастағанша, журнализмнің ақ жолымен  жүріп өтті.

…Жаппай «халық жауларын» әшкерелеу науқаны қызып тұрған шақта облыстық «Социалистік жол» газетінде «Новоресейдің аудандық партия комитеті буржуазияшыл ұлтшылдарды қалай бүркеп келді?» (1937) деген авторсыз мақала жарияланды.

Бұл сол кездің сәні еді: «халық жауларын әшкерелеу» науқаны кезінде заманның ауанынан асып шықпағангазеттерредакцияға әртүрлі жолмен түсетін бұл секілді жазбаларды жариялаудан бас тарта алмады,  ал кейде өз бастамасымен жарияланымдар ұйымдастырып, көзге түсіп жүрді. Осынау сынамды шақтан «Социалистік жол» газеті де сырт тұрған жоқ. (Бүгінгі тілмен айтқанда, тапсырыспен, авторсыз жазылған мұндай мақалалардың соңы қайырлы болмады; мақала мазмұны өзара сын деңгейінен аспай тұрса да, кейіпкері кейіннен«НКВД»-ның  құрығына бірінші болып ілінді).

Жоғарыдағы мақала солай туды. Газет Новоресей аудандық партия комитеті «халық жауларын, бужуазияшыл ұлтшылдарды,  басқа да жат элементтерді әшкерелеп, партия, совет аппаратынан аластатуда мардымды жұмыс істей алмады. Бірақ бұған таңғалуға болмайды. Өйткені алдымен райкомның өз аппараты саяси  күдікті адамдардан сау емес»  деп жазды. Одан әрі аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Мешітбай Байдәулетовті «патша заманындағы атақты саудагердің баласы, саудамен еңбекшілерді қанаған жексұрын әкесінің атынан безіп, Байдәулетов болып жүр»; аупартком басшылығы «жергілікті жердің адамы деген сеніммен аудан көлеміндегі кадрды іріктеу мәселесін  Байдәулетовтің қолына беріп қойды. Байдәулетов бұл праваны өз мүддесіне пайдаланды. Аудандық мекемелерге «өз» адамдарын тарта бастады» деп сынады.

Осы мақалаға байланысты Қонысбай Ерғариннің Ақтөбе облыстық партия комитетінің бюросына, қалалық партия комитетінің бюросына және «Социалистік жол» газеті жанындағы бастауыш партия ұйымына мәлімдеме жасауына тура келді.Өйткені сол кездегі қызметкерлердің «қылмысын» «халық жауы» деңгейіне жеткізе алмаған кезде «халық жауымен байланысып шырмалған» деп бұра салатын айыптаудың бір ұшы Қонысбайғатигелі тұрған-ды. Себебі Қонысбай мен Мешітбай  бірге оқыған еді.

«Мен Байдәулетов Мешітбаймен Ақтөбе қаласындағы партия қызметшілерін дайындайтын мектепте… бірге оқыдым. Оқуды бітіріп шыққаннан кейін Мешітбай Шалқар ауданына партия қызметіне кетті. Мен облыстық «Социалистік жол» редакциясында қызметте қалдым. Редакцияның, облыстық партия комитетінің, 1934 жылы облыстық комсомол комитетінің қызмет бабында жіберген командировкесімен Шалқарға барғанымда оның үйіне барып әрдайым қонып жүрдім. Мен оны бірге оқыған жолдас есебінде көрдім. Мешітбай қызмет бабында Ақтөбеге келе қалса, менің үйіме де келіп қонып жүрді. Мен өткен 1936 жылы октәбір айында демалысқа шыққанымда  Новоресейде оның үйінде үш-төрт күн жаттым…» деп жазған Қонысбай Мешітбайдың інісі Кенжебайдың Ақтөбеде №6мектепте оқып жүргенде, өз үйінде бір айдай жатқанын хабарлап өтеді. Бұдан әрі Мешітбаймен бірге үш мәрте (1931, 1932 және 1935 жылдары) суретке түскенін, бұл суреттердің бір данасы М.Байдәулетовте де бар екенін ескертеді.

Қонысбайдың сөз соңын «Мен Байдәулетовтің шыққан ататегінің кім екендігін газетке мақала шыққанша тіпті білгенім жоқ. Ол 1932 жылы партияға мүшелікке өтерде ататегін жасырды» деп  түйіндеуіне қарағанда, бірге оқыған досы туралы сол кезде осылай жазуға тура келген секілді.

Аталмыш мақалада «Кәзірде Новоресей орта мектебінде оқытушы болып жүрген Орынбасаров — Мейірхан Байдәулетовтің жақын адамы. Оны… бұл қызметке  орналастырған да Байдәулетов. Мейірхан кім? Ол — қазақ халқының жауы Құлымбетовтің өмірлік досы…» деп, бұдан әрі оның ұлы  Нұрғожаға тиісіп,  «Байдәулетов осы Нұрғожаны да өгіздей өрге сүйреді» деп шаншып өтеді.

Қонысбай Ерғарин жоғарыдағы мәлімдемесінде « Нұрғожаны менің алғашқы көргенім — 1934 жылдың  сентәбір айы. Нұрғожа 1934 жылдың аяғында шешесімен екеуі Ақтөбеге келіп, өзі облыстық жинақ кассасының аппаратында қызмет істеді.

…Нұрғожа шешесімен екеуі менің квәртирімнің  (Фрунзе көшесі, 41-үй) бір бөлмесінде 2 айдай бірге тұрды. Артынан пәтер тауып, бөлек шығып кетті… Ал «Социалистік жол» газетінде жазылған оның әкесі жөніндегі мәліметті мен білгенім жоқ. Әкесі Мейірханды бірнеше рет көрдім. Новоресейге барғанда Мейірханның үйінде болып, бір рет шай іштім… Нұрғожамен, оның әкесі Мейірханмен менің қатынасым, міне, осылар» деп жазды.  Сөзінің соңында осы мәлімдемесін қаперге алуды сұрайды.

Мақалада бұдан басқа да көптеген адамның аты-жөні аталып, оларға  әртүрлі айып (табы жат, байдың баласы, тәркіленген феодалдың тұқымы, буржуазияшыл ұлтшыл, әшкереленген жау, маскүнем, т.б.) тағылды,осының бәрі екінші хатшы М.Байдәулетов жүргізген кадр саясатының кесірі дегенге әкеліп тірелді. (М.Байдәулетов 1937 жылғы 13 желтоқсанда тұтқынға алынып, кейін елге  мәлім болған «58-бап» бойынша «халық жауы» деген айыппен 10 жылға еңбекпен түзеу лагеріне айдалды; оның кейінгі тағдыры белгісіз).

Осы кезде облыстық газет редакторының орынбасары Қонысбай Ерғариннің Мешітбай Байдәулетовпен достық-жолдастыққатынасын ушықтыруға, «халық жауымен» байланыстырып айыпты етуге тырысқан әлдебір әрекеттер болуы мүмкін еді. Аталмыш мәлімдемеден 26 жастағы Қонысбайдыңтағдыры қыл ұшында тұрған кездің өзінде қара басын қорғау мақсатын емес, ешкімді қараламай, замандастарымен таныстық-білістіктің, қарым-қатынастың нақты шындығын білдіруді көздегенін аңғарамыз. Әйтпесетіршіліктің кейбір ұсақ-түйегін  теріп жазбауына да болар еді…

Отыз жетінші жылдың соңына таман жауапты редактор Меңетай Жақсылықов орнынан алынған соң, газет шығарудың бүкіл жауапкершілігі оның орынбасары Қонысбай Ерғаринге жүктелді. Ел өміріндегі ең қиын осы 1937-1938 жылдары,кезекті редактор Мұхсин Қордабаев тағайындалғанша, Қонысбай Ерғарин  уақытша  жауапты редактор мәртебесінде газетке қол қойып келді. Кейін кәсіби қызметін бұрынғыша редактордың орынбасары ретінде жалғастырды.

Сондықтан осынау қуғын-сүргін  кезеңінде шыққан газет нөмірлерінің барша жетістік-кемшілігі белгілі бір дәрежеде Қонысбай есімімен де байланысты болатыны белгілі. Мәселен, баспаханадағы техникалық процестер барысындакездесетін шетін мән-жайлар:

Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына кандидаттың өмірбаяны жарияланғанда, ол кезінде кулактардың көтерілісіне басшылық жасады деген жаңсақ пікір  кетіп  қалды…

Газеттің бір сөзі анайылау, бұрмаланып жазылыпты…

Редактордың дұрыстап түзетіп бергенін корректор бетке салмаған, корректорға сеніп, редактор ол түзетуді қайта тексермеген…

«Отыз жетінің» ойраны өшпей тұрған «отыз сегізде» газеттегі  кез келген қате бірден саяси реңк алатын еді.

Оның үстіне  Қонысбай Ерғарин өзі жазған басмақалада Қазақстанды «аграрлық-индустриялық республика» деп атапты, ал газет сөзін қырағы бағып отыратын жоғарыдағы жіті жұрт мұны елеусіз қалдырсын ба…

Облыстық партия комитеті бюросының кезекті отырысының күн тәртібіне «Социалистік жол» газетіндегі өрескел бұрмалаушылықтар мен саяси қателер туралы» деген мәселе шығарылды. Бюро осы мәселелерді зерттеп, кінәлі қызметкерлерді табу үшін үш адамнан тұратын комиссия құрды (Обкомның бөлім меңгерушісі Б.Жантасов басқарған осы  комиссия құрамында газеттің партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі, кейіннен жауапты редактор қызметіне тағайындалатын Құбаш Қожамұратов  та болды).

Осы комиссия қорытындысы тыңдалған кезде, бюрода газет редакторы М.Қордабаев пен оның орынбасары Қ.Ерғариннің жалпы кемшілігі атап көрсетілді.

Әсіресе Қонысбайдың басмақалада Қазақстанды «аграрлық-индустриялық республика» деп атауы партия съезінің «Қазақстан индустриялық-аграрлық республика болып қалыптасты» деп тиянақтаған шешіміне қайшы келетін саяси қате деп бағаланды.

Бір қызығы: комиссияның талқылауында да, обкомның  бюро отырысында да  Қонысбай Ерғарин «Қазақстан ең әуелі аграрлық ел, содан кейін индустриялы болды», демек, дұрысы, «аграрлық-индустриялық» болып жазылуы керек» деген пікірінен қайтпайды.

Бюро мұны «Ерғарин жолдас өз қателігін мойындаудың орнына, Қазақстанның екінші бесжылдық жылдарындағы индустриялық-аграрлық республикаға айналған зор индустриялық жетістіктерін  көмескілеп, Қазақстан аграрлық республика деген саяси тұрғыдан теріс айқындамасын екінші рет тықпалап, қорғап қалуға тырысты» деп қаттады.

Осынау өзіндік пікірі үшін «халық жауы» атанған  зиялы көптің басына түскен  нәубеттің бәрі көз алдында әлі күнге өшпей тұрған шақта  Қонысбай Ерғариннің  журналистік ұстанымынан айнымауы ерлік не өнеге деп  бағаланса, екеуі де кем соқпас еді. Ол осы табандылығы үшін обком өзін құр жібермейтінін, «саяси тұрғыдан теріс қатенің» зардабы зор болатынын жақсы сезінген болуы керек. Соған қарамастан, тәуекелге бас тіккен тәрізді.  Әрине, нәтижесі өзі күткендей болып шықты: Қонысбай  Ерғарин редактордың орынбасары қызметінен босатылды.

Лауазымы өзгерсе де, газетшілік қабілет-қасиеті өзгермеген Қонысбайнақ осы жылдары өндірте жазды, соғысқа аттанғанша қаламын қолынан түсірмеді. Бұған 1938-1941 жылдардың  жарияланымдары куә.

Қонысбай Ерғарин әскери міндеттілігі бойынша 1939 жылдан запастағы «политрук» еді;  1941 жылы соғыс басталғанда, осындай әскери атағы бар ол алғашқылардың бірі болып шақырылды, 312-атқыштар дивизиясының 1083- атқыштар полкінде рота  командирінің  саяси жұмыс жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.

1941 жылғы шілде-тамыз айларында алғаш Ақтөбеде құрылған 312-атқыштар дивизиясының құрамына бұдан басқа, 1079,1081-атқыштар полкі, 859-зеңбірекшілер полкі және басқа да әскери құрылымдар кірді. Екі апта ішінде құрылып, бірден соғысқа аттанған дивизия сапындағы 6654 ақтөбеліктің бірі — политрук Қонысбай Ерғарин еді. Ал Ақтөбеден аттанған жалпы саны он мыңнан астам  адамды жасақтаған 312-атқыштар дивизиясы 1941 жылғы 23 тамызда  Новгород облысының Валдай станциясына келіп тоқтады. Дивизия  резервтегі 52-дербес  армия құрамына кірді. Екі күннен соң  Солтүстік батыс майданында  қорғаныс жұмыстарына кірісті. Дивизия қазан айының бас кезінде эшелонмен Калуга облысының Малоярославец қаласы  маңына жеткізілді.

312-атқыштар дивизиясының қаһармандық жолы 1941 жылдың тамыз айынан басталып, желтоқсан айына дейінгі аралықты, соғыстың аса қатерлі, қауіпті және ауыр кезеңін  қамтиды. Соғыстың алғашқы кезіндегі өте қатты ұрыстарды басынан өткеріп, Калуга жағынан Мәскеуді қорғауға қатысқан дивизия жауынгерлері қантөгіс шайқастарда қоршауға да түсті, қоршауды бұза шегініп, қолдан-қолға өткен әрбір елді мекен үшін жан аямай  шайқасты.

1941 жылғы қазан айындағы сондай қанды шайқастыңбірі Калуга облысындағы Малоярославец қаласы түбінде болды. Алғашқы кезде қаланы күші басым жау басып алғанмен, көп ұзамай кеңес әскерлері қарсы шабуыл ұйымдастыра отырып, Малоярославецті азат етті. Саяси жетекші, лейтенант Қонысбай Ерғариносы шешуші шептегі шайқастарда ерлікпен қаза тапты (Қонысбайдың қайда жерленгені белгісіз; соғыс құжаттарында ол «1941 жылғы қазан айында хабарсыз кеткен» деп көрсетіледі). Қонысбай сынды мыңдаған жауынгер жан-тәнімен қорғап қалған осы майдан шебінен сол жылғы желтоқсан айында кеңес әскерлерінің қарсы шабуылы  басталды.

1941 жылдың күзіндегі күші басым жауға қарсы қорғаныс ұрыстары дивизия құрамын  қатты сиретіп кетті, полктар орны толмас орасан шығынға ұшырады. Кейін аман қалған жауынгерлерді жинап, 312-дивизияны қайта жасақтаған кезде оған 53-дербес дивизия деген жаңа атау берілді. Осы дивизияның 12-атқыштар полкін тағы да Қонысбай Ерғарин сияқты ержүрек қазақстандықтар құрады.

Жалпы, 1941-1945 жылдардағы соғыс кезінде «Социалистік жол» газетінің төрт қызметкері от ортасынан оралмады. Олар — газет  редакторының бұрынғы орынбасары Қонысбай Ерғариннен басқа, бөлім меңгерушілері — талантты журналистер, ақын Ақымет Ескендіров пен фельетон жазудың шебері атанған Абдолла Есназаров және корректор Төлеп Омаров болатын. Қонысбай мен Төлеп 1941 жылы Мәскеуді қорғау жолындағы қантөгісте, Абдолла 1942 жылы Калуга түбінде, ал  Ақымет 1944 жылы Чехия-Словакия жерінде қаза тапты.

Газеттің жетпісінші жылдардағы мәдениет бөлімінің меңгерушісі, қазақтың көрнекті ақыны Есенбай Дүйсенбайұлы осыдан тура жарты ғасыр бұрын өжет рухты осынау ағалары жайында:

Қара дауыл қаптай соғып қайдан да,

Сұм фашизм түнек-торын жайғанда.

Винтовкамен теңестіріп қаламды,

Төрт журналист қаза тапты майданда…

 

Кешір, елім, жалғандық жоқ үнімде,

Анық-қанық білмей келем бүгінде.

Жатыр ма олар Пискаревте немесе

Волоколам тасжолының түбінде…

 

Теңдігімді қорғай жүріп тепкіден,

Әттеген-ай, ерте үзіліп кетті дем.

Жауды соққан семсермен де, сөзбен де,

Мен оларды даңқ жолы деп білем.. —

деп толғанған еді.

Ақтөбеде Қонысбай Ерғарин да сапында болған 312-атқыштар дивизиясының құрметіне қойылған үлкен көше бар.  Осы көшені кесіп өткенде не оны бойлай жүріп келе жатқанда,  атауымен-ақ сексен жыл бұрынғы ел басына күн туған сыни шақты еске салатын кең даңғыл:  батальон командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары, лейтенант  Қонысбай Ерғаринмен бірге қан майданда қаза тапқан басқа да «ақтөбелік»жауынгер-журналистердің есімінжаңғыртып тұрса;облыстық Журналистер одағы отаншылдық рухта жазылған, қаһармандық тақырыбына арналған журналистік материалдар үшін отыз-ақ жыл өмір сүрген офицерҚонысбай Ерғарин атында дәстүрлі жүлдебелгілесе;оның  Шалқар топырағынан шыққан алғашқы кәсіби журналистің бірі екендігі де ұмытылмай ұлықталса деген ой келеді.

Өзінің жазуынша, Қонысбай екі рет отбасын құрған. Соңғы қосағы Әмина Ләтіпқызы Ерғарина да облыстық «Социалистік жол» газетінде (қандай лауазымда екені белгісіз)  еңбек еткен, ал соғыс кезінде Ойыл кентінде тұрған (Әминаның кейінгі тағдыры белгісіз).

Серікқали БАЙМЕНШЕ,

филология ғылымының докторы,

Қазақстанның құрметті журналисі.

 

* Суретте: Қонысбай Ерғарин. Автордың жеке  архивінен  бірінші рет жарияланып отыр.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button