«Ақтөбе» — 100!

Бес жылдық той

1929 жылы 7 маусымда «Кедей» газетінің шыға бастағанына 5 жыл толды. Тап осы күні газеттің сол жылғы — 29-ыншы, ал жалпы тарихындағы 233-інші нөмірі жарыққа шығыпты. Газет басқармасы, яғни редакциясы бұл нөмірді газет тойына арнап, бес жылғы жетістіктерді, алдағы жоспарын, сондай-ақ әріптестерінен келген құттықтауларды, оқырмандар мен тілшілер лебізін берген.

Газет таралымының 7 мыңға дейін көтерілуі, 1928 жылдың желтоқсанынан бастап аптасына екі рет шығуы, ауыл тілшілері санының өсуі жақсы жаңалықтар қатарында аталған. Газеттің оқырман қолына тимейтін кездері болатыны өкінішпен айтылған. Сондай-ақ Орал губерниялық«Қызыл ту», Ақмола губерниялық «Кеңес ауылы», Семей губерниялық «Жаңа ауыл» газеттерінен жолданған құттықтаулар да басылған.

«Кедейдің» бұл кездегі редакторы бұрын «Қазақ», «Бостандық туы» газеттерінде еңбек еткен Жанұзақ Жәнібеков еді.

Біз бүгін оқырмандарымызға тарихымыздың алғашқы белесіне шолужасалған нөмірден алынған жарияланымдарды ұсынғанды жөн көрдік. (Ескеретін жайт: негізінен, сол кездің орфографиясы сақталды).

 БҮГҮН «КЕДЕЙ» БЕС ЖАСТА

 «Кедейдің» маңызын арттыру керек

Бүгүн «Кедей» бесте. Бүгүн «Кедей» туралы газетімізде бірталай сөз басылып отыр. Жалғыз-жарым болмаса, көбі-ақ «Кедейді» мақтай жазыпты. Жақсы дегенді кім жек көреді, сөйтсе де жазушыларымыз кеміс жағын көбірек көрсетіп, содан құтылуға жөн сілтеулері керек еді.

Біз де толып жатқан окріктік мекемелер бар. Осылардың көбі бұйрық, жарлыққа салынып кетті. Біздің мақсат — төменгі орындарға бұйрық беріп ғана істету емес, бұйрық берумен қатар, оларды да, жалпы еңбекшіні де түсіндіріп, олардың сезімін ояту, оларды жұмысқа жапа-тармағай қосу. Біз осылай ете білсек, жұмысымыз жемісті болмақ.

Мұның үшін әр мекеменің жауапты қызметкерлері еңбекшілер арасында істейтін жұмысын күн ілгері газет бетінде түсіндіріп отыру керек болады. Бізде осы жұмыс төрт айағынан ақсаулы. Мәселен, хаттың 95 пүрсенті ауылдан, 5 пүрсенті қаладан. Бүгүн жазушылар осыны көп сөз қылу керек еді.

Мұның үстіне «Кедейде» ішкі, сыртқы хабар, окрікте істеліп жатқан жұмыстар жазылмайды. Өзара сын, өлең, пелетон да сирек. Кеңес жұмысы, мал шаруашылығы да аз басылады. Жазушылардың көбі мақаланы шұбалтып жібереді. Ықшамдасаң, ерін бауырына алады. Мәскеуде шығатын қара шаруа газеті де ұзын мақала баспайды. Мұнан жазушыларымыздың көбінің хабары жоқ. Окрігімізде толып жатқан қабырға газеті шығады. Олардың есебін толық ала алмай отырмыз. Бүгүн осы кемшіліктердің барлығын қалай етіп жою керек, осыны талдау керек еді. Бізде — «бұйрық уақытында жазылды; кіріс, шығыс журналы дұрыс; табыс, расхот орнына жұмсалып отыр; ендігі кінә — төменгі орында, өз басым аман; көйлек көп, тамақ тоқ…» деп, кеңсе мезгілі өтсе жұмсақ төсекте ұйықтайтындар да жеткілікті. Ертең өзің өткізгелі тұрған науқан жайында мақала жазып бере ғой дегенде, «өз жұмысымнан қолым босамай жатыр» дейтіндер де аз емес. Масқара-ай, науқан туралы мақала жазу, қалың шаруаны түсіндіру өз жұмысы болмайды екен?!.

Бүгүн таңда еңбекшілер жұртшылығының алдында ең күрделі жұмыс — 5 жылдық жоспарды жүзеге асыру тұр. Партиа қатарын, кеңес мекемелерін тазалау тұр. Мұны бірталай қиындықтарды бұзып барып орындамақпыз. Бұл жолда талай кісілердің тайғақтауы мүмкін.

Осылардың барлығын қорытып келгенде, бізде қызмет атқарушы көп, әлеуметшілі аз деуге тура келді. Өйткені шын әлеумет қызметкері газетті сүйеді. Газет арқылы қалың еңбекші тұрмысына таныс болады. Оларға мезгілінде ақылын айтады.

Ендігі міндет партиа, кеңес орындары болып осы кемшіліктерді жоюға ат салысу керек.«Кедейді» 7000 кісі алады. 7000 кісі ойыншық емес. 7 мың кісіні ұмытқан кісілерді қолға алу керек. Газет бетінде сын жұмысын күшейтіп, әр кімнің қатесін бадырайтып бетке басу керек.

 5 ЖЫЛҒЫ ІЛГЕРІЛЕУ

 5 жылда тілшілер өсуі:

1925 жыл — 14 тілші

1926 жыл — 48 тілші

1927 жыл — 87 тілші

1928 жыл — 122 тілші

1929 жыл — 144 тілші

Соңғы жылғы 144 тілшінің 3 — жұмысшы, 6 — батырақ, 38 — шаруа, 15 — әйел, 82 — қызметкер, 65 — көменес, 79 — комсомол.

Тілшілерді ауданға бөлгенде:

Ақтөбе қаласында 10, Шалқарда 19, Ақтөбе ауданында 13, Темірде 22, Електе 16, Шыңғырлауда 14, Қобдада 13, Ырғызда 10, Мағажанда 13, Адайдан қосылған аудандарда 7, Қарабұтақта 7 тілші бар.

Әкімшілік ауылдардың 40 пүрсентінде ғана тілші бар.

5 жылда хат өсуі

1925 жыл май айында — 60 хат

1926 жыл — 150 хат

1927 жыл — 248 хат

1928 жыл — 257 хат

1929 жыл — 606 хат

Соңғы жылғы 606 хаттың 155-і басылған, 68-і мекемеге жіберілген, 5-іне басқармадан жауап жазылған, 145-і көнерген, 243 хат маңызы жоқтықтан мүлде тасталған.

Газет тиражы

1925 жыл — 1250 дана

1926 жыл — 1250 дана

1927 жыл — 1800 дана

1928 жыл — 2700 дана

1929 жыл — 7000 дана

5 жылда қаржының өсуі

1926 жыл табысы — 5020 сом, расхот 8217 сом, зыйан 3197 сом;

1927 жыл табысы — 11 292 сом, расхот 13 576 сом, зыйан 2284 сом;

1928 жыл табысы — 10 073 сом 22 тыйын, расхот 10 065 сом 14 тыйын, пайда 7 сом 73 тыйын;

Үстіміздегі жылға 32 015 сом 88 тыйынға смета жасалып отыр.

Қабырға газеттері

Быйыл ғинуарданбастап қабырға газеттеріне қатынас жасала бастады. Басқармамызда қазір 14 қабырға газеті бар. Оларға 23 рет хат жазылды.

«КЕДЕЙГЕ» АТСАЛЫСАМЫЗ

7-нші үйен күні «Кедей» газетінің 5 жылдық мерекесі болатынын естіп, мерекеге шашу ретінде мүшелерімізді «Кедейге» жазып, 19 сом 20 тыйын жібердік.

«Кедейдің» өркендеуіне  ат салысуға уәде береміз.

Ырғыз Тәуіп тұтынушылар кәперетібі.

ҚАЖЫМАЙ ЕҢБЕК ЕТЕМІЗ

 «Кедей» газеті Мағажан ауданына мыңнан аса таралады. Әлі де шаруалар арасында көп тарауға қам етіп жатырмыз. Мұнан былай да тараған үстіне тарата беруге қажымай еңбек сіңіруге ыждағат етеміз.

Сонымен қатар, «Кедейдің» бес жылдығында «Кедей» бетінде ауыл жұмыстарына орын көп беріліп, сол жұмыстарға кезінде нұсқау, басшылық етуін еске саламыз.

Мағажан аудандық партиа камитеті.

ӘЙЕЛДЕР ЖАЗЫЛДЫ

Ақтөбе ауданы 19-ауылдан «Кедей» газетіне оқушылар жинадым. Газеттің маңызын түсіндірдім. Бұрын от басы, ошақ қасынан шықпаған қазақ әйелдерінен 10 әйел газетке жазылып, 24 сом 40 тиын жиылды.

«Газетке жазыламыз, бірақ мезгілімен қолымызға тимейді» деп, газет оқушылары шулайды. Тегінде, пошта бөлімдері мен ауылдық кеңес салақ-ау. Әйтпесе басқармадан түгел шыққан газет неге дұрыс тарамайды? Мұны тиісті орындар қырына алып, салақ пошта бөлімдері мен ауыл кеңестеріне шара қолдану керек.

АЛМА.

 ШАҚЫРАМЫЗ

«Кедей» газетін көркейту үшін, окріктік қосшы камитеті тоғыз аудандық қосшы камитеттерін газетке жазып, ақшасын төлеп отыр. Оларға бір жылға дейін бір данадан газет бос барып тұрады.

Аудандық қосшы камитеттері де баспасөз майданындағы қоғамдық міндетін ақтап, газетке ат салысар деп сенеміз. Төменгі ауылдық қосшы ұйымдарына бір-бір данадан «Кедей» газетін жаздыруға шақырамыз.

ОКРІКТІК ҚОСШЫ К.

 ГАЗЕТ ДҰРЫС ТАРАМАЙДЫ

Темір ауданы 42, 43-ауылдарда газетке жазылған кісілер көп. Бірақ газеті қолына тимейді. Ауыл кеңесі дұрыс тапсырмайды. Бір нөмір, екі нөмір алып, басқалары қолдарына тимей, алақтап отырғандары көп.

№62 ТІЛШІ.

 СЕНЕМІН

 «Кедей» газеті бүгүн 5 жасқа шықты. 5 жасында сан, сапа жағынан да көп ілгері кетті… Окрігіміздегі кедей, қара шаруалардың мұң, мүддесін қалдырмай жұртшылық алдына салып, оларға жол көрсетуімен қатар, артық-кемшілік жақтарын да көрсетіп келеді.

«Кедейдің» бұдан да гөрі көркейіп, санымен бірге сапасының артуына тілектеспін. Бұдан былай да сатсиалдық ұрандарымызды еңбекші елге толық жеткізеді деп сенемін.

Жасасын, «Кедейдің» 5 жылдық тойы!

ТІЛШІ ҚАЗБЕК ӘЗІРМӘМБЕТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button