Ыбырай Алтынсарин және қазіргі қоғам
Конференция
Ағартушы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің туғанына 170 жыл толуына орай Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында «Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық мұрасы және қазіргі кездегі этномәдени білім мен тәрбие беру мәселелері» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияға Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетінің профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы Алексей Боровских, Қазақ қыздар мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Сайра Жиенбаева, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Әлия Мұханбетжанова, Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Жанат Сардарова, т.б. қатысты.
Шара барысында мамандар конференцияға қатысқан магистранттар мен студенттерге Ыбырай Алтынсариннің халқына жасаған еңбектері төңірегінде баяндамалар оқыды.
Алдымен сөз алған институт ректоры Ғалымжан Нұрышев:
— Бар өмірін ағартушылық салаға арнаған Ыбырай Алтынсариннің мерейтойы ел Тәуелсіздігімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл — біз үшін үлкен мереке. Ыбырай Алтынсариннің шығармалары оқырман жүрегінен кеңінен жол тапты. Ал оның еңбегі қазақ халқының білім көкжиегінің кеңеюіне, рухани-мәдени жағынан гүлденуіне, экономикалық дамуына игі ықпал етті. Бұл конференцияның ұйымдастырудағы басты мақсатымыз — тұңғыш педагог-ағартушы маманның шығармашылығын, оқу-білім саласындағы жасаған қызметі мен халқына жасаған еңбегін жастарға насихаттау, — деді
Алғашқы болып баяндама оқыған философия ғылымдарының докторы, професор Аманкелді Айталы Ыбырай Алтынсариннің жасаған еңбектеріне тоқталып, шығармашылығына шолу жасады.
— Ыбырай Алтынсарин халықтың келешегі үшін мектеп ашу, бала оқыту, халықтың ой-санасын жаңалыққа қарай бейімдеу жолында орасан зор еңбек етті. Оған оның барлық іс-амалы мен бізге қалдырып кеткен мұралары куә, — деді.
Қазақ даласындағы оқу ағарту мәселесін іс жүзінде тұңғыш рет қолға алған Ыбырай Алтынсариннің еңбектері бүгінгі күнде де өз құндылығын жойған жоқ. Конференция барысында мамандар осы мәселе төңірегінде келелі сөз қозғады. Педагогика ғылымдарының докторы Сайра Жиенбаева бұл турасында былай деді:
— Ыбырай Алтынсарин өз заманында қазақты білім-ғылымға шақырды. Адамның білімсіз күні жоқ екенін айтты. Оның бұл үгіт-насихаты қазіргі заманда да мәнін жойған жоқ. Бір таңқаларлығы, білім саласына қатысты жұмысты қазір көп адам атқарса, Ыбырай өз заманында жалғыз жасады. Екіншіден, Ыбырай сол білімді іске асыратын оқулық мәселесінің мазмұнды болуын қалады. Оқулық мазмұнының бала өмірімен байланысты болу керектігін айтты. Үшіншіден, оның ой-пікірлері мектепті бітіргеннен кейін өмірге жарамды болу керектігі туралы болды. Яғни, оқушы мектепте ұлттық шикізатты іске асырудың технологиясын кәсіби тұрғыда игеруі тиіс. Бұл — қазіргі 12 жылдыққа қатысты кәсіби бағдар берудің құрылымы деп санаймын.
Конференция аясында мамандар Ыбырай Алтынсариннің педагогтік, жазушылық қызметтеріне осылайша жан-жақты талдау жасады. Ағартушы ұстаздың жасаған еңбектері әрқашан кейінгі ұрпақтарға үлгі болып қалатыны тағы да бір нақтыланды.
Айгүл ЖҰБАНЫШ.



