Басты жаңалықтар

Құрбан айт құтты болсын!

Маусымның 16-18-і аралығында елімізде Құрбан айт мерекесі атап өтіледі. 15 маусым — Арапа күні.

Құрбан шалу кімдерге міндеттелген? Құрбандыққа қандай мал шалынады? Арапада құрбан шалына ма? Айт намазы қай кезде оқылады?

Осы және басқа сауалдар бойынша біз облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрбол Смағұловпен сұхбаттасқан едік…

— Биыл Құрбан айт мерекесінің бірінші күні 16 маусымға сәйкес келіп тұр. Ал жыл басында күнтізбеде бұл мерекенің алғашқы күні ретінде 17 маусым белгіленген еді. Мейрамға аз күн қалғанда, оның мерзімінің бір күнге бері жылжуына не себеп? 

— Исламда күнтізбе, айлардың басталуы қамари жыл санауына, яғни ай фазасының өзгеруіне қарай есептеледі. Жаңа айдың көрінуімен күнтізбедегі келесі ай басталады.Қамари ай кейде 29, кейде 30 күн болады. Мысалы, зулқағда айының 29-ында айды бақылап, егер күн батқан соң, жаңа ай көрінсе, келесі күні зүлхижжа айы басталады. Құрбан айт мерекесі зүлхижжа айының ішінде екені белгілі. Биыл айды бақылау барысында анықталғандай, бұл ай қолданыстағы күнтізбе бойынша 7 маусымда басталды. Сол себепті Құрбан айт мерекесі 16-18 маусым күндері сәйкес келіп тұр.

Атап өтетін жайт, ислам дінінің қасиетті күндері, мерекелері, айлары жыл басында күнтізбеге енгізілгенде, кейіннен нақты уақыты, жаңа айдың көрінуіне байланысты бір күн шегерілуі немесе алға жылжуы мүмкін екені үнемі ескертіледі. Биыл да бұл ескертілген.

Осыған байланысты ата-бабаларымыздың Құрбан айт қарсаңында шектік беретінін еске алайық. Шек деген сөздің өзі «шәк», яғни «күмән» дегенді білдіреді. Жаңа айдың нақты қай күні туғаны күмәнді болған жағдайларда, Құрбан айтты бір күн ерте бастаған. Екінші жағынан, бұл халқымыздың осы мерекеге зор мән бергенін де көрсетеді. Сондай-ақ Ораза айтты да басқалар секілді бір күнмен шектемей, үш күн қатарынан атап өткен. Бүгінгі аға ұрпақтың естеліктері бойынша, кеңестік заманда, яғни ХХ ғасырда қазақтар Құрбан айт пен Ораза айтты 70-жылдарға дейін үзбей тойлап келген.

— Құрбан айтта құрбан шалу барша мұсылманға жүктелген міндет пе?

— Құрбан шалу — уәжіп амал. Ол қаржылай мүмкіндігі бар және жолаушы емес адамға міндеттеледі. Ал шамасы келмейтін адамға бұл міндет жүктелмейді.

Қаржылай мүмкіндігі бар дегенде, күнделікті тұрмыс-тіршілігінен артық дәулетке ие жандар туралы айтылған. Артық дәулетті есептеуге «нисап мөлшері» ұғымының қолданылатыны белгілі. Нисап мөлшері — 85 грамм алтын немесе соның құнына тең ақша.

Сонымен бірге артық дәулеті аталған мөлшерге жетпесе де, басында баспанасы бар, қарызы жоқ, күнкөрісі жақсы болған жағдайда құрбан шалуды ниет еткен кезкелген мұсылманға еш тыйым салынбаған. Ең бастысы, құрбандық малдың етінен жоқ-жітікке үлес берілуі керек. Құрбандыққа шалынған малдың етін ағайын-туысқа, көршілерге, мұқтаж жандарға тарату қоғамдағы береке-бірлікті, жанашырлықты, ынтымақты арттыра түседі. Мұсылман адам бұл мерекенің тәрбиелік мән-мағынасына айрықша көңіл бөліп, мұқтаж жандарға шынайы ниетпен жақсылық жасауғаұмтылуы керек. Мерекенің атауы арабшадан аударғанда «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Құрбан шалудағы басты мақсат — жетім-жесір, жоқ-жітік жандардың алғысын алып, ризашылығына бөлену арқылы Аллаға жақындай түсу.

Ал қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе — жүректеріңізге ұялаған тақуалық (шынайы ниеттерің)», — делінген.

— Құрбан шалудың уақыты мен тәртібі жөнінде айтсаңыз?

— Құрбан айтта алдымен Айт намазы оқылады. Биыл біздің өңірдегі мешіттерде Айт намазы 16 маусымда таңғы сағат 6 жарымда басталады. Құрбан шалу уақыты осы намаздан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшам намазына аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Айт намазына келіп қатыса алмаған адамдардың намаз оқылып болатындай уақыт өткен соң, құрбан шала берулеріне болады. Бұл мәселеде уақытқа мән берілуі керек, өйткені Айт намазы оқылмай тұрып шалынған мал құрбандық болып саналмайды.

Құрбан шалғанда арнайы ниет етіліп, дұға оқылып және барлық шарты, соның ішінде санитарлық талаптар да қатаң сақталуы керек. Бұл мәселе бойынша Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы қасапшыларға арнайы семинарлар ұйымдастырып келеді. Сондай-ақ құрбан шалу үшін арнайы орындар да белгіленеді. Биыл Ақтөбе қаласында құрбандық шалу үшін 5 орын белгіленіп отыр: бұлар — мал базарындағы «Есік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Модабеков» жеке кәсіпкерлігінің; 41-разъездегі «Айбек» ауыл шаруашылығы өндірістік кешенінің; Жаңақоныс ауылындағы «Қасымов және К» жеке кәсіпкерлігінің және Рауан шағын ауданындағы «Жібек жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің аумақтары.

Әрине, жеке үйі бар азаматтар барлық талапты сақтай отырып, өз ауласында да құрбан шала алады.

— Құрбандыққа қандай мал жарамды?

— Құрбандыққа барлық мал жарамды бола бермейді. Ауру-сырқау, өте арық, екі көзі, екі құлағы жоқ малды құрбанға шалуға болмайды. Төрт түліктің ішінде құрбандыққа қой мен ешкі, сиыр, түйе малы шалынады. Құрбан ретінде шалынатын қой мен ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық тоқты бір жасар қой секілді қоңды болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Түз аңдары, құстар, соның ішіндеүй құстары да құрбандыққа жарамайды. Жылқы «соғыс құралы» ретінде саналып, оны құрбандыққа шалуға тыйым салынған, бұл тыйым қолданыстан шыққан жоқ, яғни қазір де жылқы малын құрбандыққа шалуға болмайды.

Қой мен ешкі малын тек бір адам ғана құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені7 адам бірлесіп, ортақ мал ретінде шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған жағдайда әр адамның тек құрбан шалу ниеті болуын ескеру керек. Өйткені бір кісі құрбан үшін, ал екіншісі тек күнделікті етке пайдалану ниетімен ортақтасса, шалынған мал бірлескен адамдардың бәрі үшін де құрбан есебінен шығады.

—Соңғы жылдары елімізде Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы ашқан арнайы сайт арқылы онлайн, яғни тапсырыс беріп құрбан шалу да жолға қойылған. Бұл жоба туралы да айтсаңыз…

— Негізінен, бұл — көптеген мұсылман елінде, әсіресе қала тұрғындарына қолайлы болуы үшін бұрыннан да жолға қойылған іс. Бұл жерде құрбан шалу үшін белгіленген орындарға бір мезгілде өте көп адам жиылып, абыр-сабыр, кептеліс болмауы көзделеді. Бұл істі ұйымдастыру шариғатқа қайшы емес, бұрыннан бар «өкілдік» қағидасы негізге алынады, яғни бір адам белгілі бір істі өз атынан орындауға басқа кісіні уәкіл ете алады.

Құрбанға шалынған мал етін үшке бөліп, бір бөлігін — туған-туыс пен көршілерге, екінші бөлігін мұқтаж жандарға үлестіріп, үшінші бөлігін өз отбасың үшін қалдыруға болатыны белгілі. Ал онлайн тапсырыс арқылы құрбанға шалынған малдың еті түгелдей мұқтаж жандарға беріледі. Тапсырыс беруші осыны ескеруі қажет.

Құрбан шалуға онлайн тапсырыс беру qurban2024.kz сайты арқылы жүзеге асырылады. Бұл сайт тәулік бойы жұмыс істейді, дегенмен тапсырыстар мен өтініштер тек күндіз қаралады.

Барша ақтөбеліктерге Құрбан айт мерекесі құтты болсын, ниеттеріңіз қабыл болғай дегіміз келеді.

Сұхбаттасқан Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button