Мереке

Алтын қолдың шипасы

Профессор Болат Женалаевтың жоғары оқу орнын бітіріп, адам денсаулығы жолындағы жорықта жүргеніне жарты ғасырдан астам уақыт өтті.

…1948 жылы Батыс Қазақстан облысындағы Зеленов ауданының Асерчево деп аталатын ауылында өмірге келген оның әкесі Қанапия Кенжегерейұлы мен анасы Ұлбике Сисенғалиқызы  талай қиындықты бастан өткерген, соның бәрінде де мойымай, алға ұмтылған қарапайым ауыл адамдары еді. Әкесі Қанапия ерен еңбегінің нәтижесінде фермадағы жай есепші қызметінен аудандық партия комитетінің хатшысы деңгейіне дейін көтерілген.

Ұлы Отан соғысынан кейінгі қиындау замандағы балалықтың бет-әлпеті көпшілікке әдеби кітаптар арқылы таныс болар. Бала Болат 1954 жылы анасының кітап пен нан салуға арнап тігіп берген дорбасын көтеріп, бастауыш мектепке барады. Орта мектепті 1965 жылы үздік бітіріп, дәрігер болсам деген арманын орындауға талап қылады.

1971 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін үздік бітірген Болат Женалаев облыстық балалар ауруханасының жаңадан ашылған хирургиялық бөлімінде ординатор болып еңбек жолын бастады. Әрине, кешегі студентке бұл оңайға түскен жоқ. Бірақ оның үйренуге деген ұмтылысы мен жігерлі қимылы көп қиындықты жеңуге мүмкіндік берді.

Жас дәрігердің жұмысқа, ізденуге деген талабы мен құштарлығын байқаған аурухана басшылары оны қолдап отырады.

Соның әсері болар, 1972 жылы Мәскеудегі дәрігерлердің білім жетілдіру институтына, нақтылап айтсақ, даңқы әлемге танымал профессор Станислав Долецкий басқарған балалар хирургиясы кафедрасына алты айға оқуға жібереді. Бұл үлкен мектеп еді.

1947 жылы 1-ші Мәскеу медицина институтын бітірген тәжірибелі дәрігер Долецкий соғыс жылдарында екінші Беларусь майданында далалық жылжымалы госпитальдің жетекші хирургі болып талай жаралы жауынгерді ажалдан арашалап қалады. Ол елуінші жылдардың аяғында Ленинград педиатрия институтының балалар хирургиясы кафедрасына жетекшілік етіп, ал 1960 жылдан өмірінің соңына дейін Ресей Денсаулық сақтау министрлігінің бас балалар хирургі, Мәскеудегі дәрігерлердің орталық білімін жетілдіру институтының балалар хирургиясы кафедрасының меңгерушісі болып қызмет етеді. Осындай ұлы ұстаз басқаратын ортадан тәлім алып, онымен бірге жазушылығы да бар Станислав Долецкийдің «Балалар хирургиясының ауқымы», «Жол үстіндегі ойлар», «Мен кіммін?», «Бәрі де балалықтан басталады» кітаптарымен танысқан ақтөбелік дәрігер білім мен білікке қоса, азды-көпті тәжірибені де меңгеріп, елге үлкен олжамен оралады.

Балалардың хирургиялық ауруларын анықтау немесе емдеу тәсілдерін көзімен көрген, жадына тоқыған, іздене жүріп үйренген жас маман, оқудан оралғаннан кейін сол жаңа тәсілдерді күнделікті тәжірибелік жұмыста қолдана бастайды. Істеген ісіне тыңғылықты, білім мен игілікті істі меңгеруге ынталы жас дәрігерді байқаған балалар хирургиясы кафедрасының меңгерушісі, доцент Э.П.Рудин 1973 жылы оны ассистенттік қызметке алады. Сол жерде бес жыл қызмет атқарып, хирургияның бағыт-бағдарын ұғына түскен маман 1978 жылы Мәскеудегі Одақтық Медицина Ғылым академиясының Педиатрия ғылыми зерттеу институтына аспирантураға түседі. Тынымсыз еңбектену, ғылыми ізденістер нәтижесінде Одақтың ең беделді балалар хирургі, кейіннен рухани ұстазы болған, Кеңес Одағының ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, профессор А.И.Ленюшкиннің ғылыми жетекшілігімен 1981 жылы медицина ғылымының кандидаттығын қорғады. Осы бағытты одан әрі дамыта жүріп 1996 жылы докторлық диссертациясын жазып шықты.

Сол уақыттан Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының балалар хирургиясы кафедрасының меңгерушісі болған Болат Қанапияұлы 1997-2001 жылдары педиатрия факультетінің деканы қызметін атқарды. 2000 жылы еліміздің ғылым саласындағы Жоғарғы аттестациялау комиссиясы шешімімен оған профессор атағы берілді.

Жалпы, медицина ғылымы саласындағы мамандар оның балалар хирургиясының дамуына елулі  үлес қосқанын ерекше атап көрсетеді. Бұған ғалымның ғылыми-зерттеу жұмыстарын он бес жылдай Мәскеудегі Медицина Ғылым академиясы аясында жүргізгені де себеп болған шығар, бәлкім. Осы уақыт ауқымында ғана Одақтық орталық ғылыми басылымдарда жүзге жуық мақаласы жарияланыпты. Одан беріде көптеген патенті бар өнертапқыштық жаңалықтардың авторы атанды.

Болат Қанапияұлы асқазан-ішек жолдарының туа және жүре пайда болған ауруларына ота жасаудың нәтижелі тәсілдерін, балаларда кездесетін іріңді қабыну ауруларын лимфа тамыры және ультракүлгін сәуле арқылы емдеудің тиімділігін ғылыми тұрғыдан зерттеп, елімізде алғаш тәжірибелік жұмысқа енгізді. 1990 жылдары Қазақстанда балаларға ота жасау үшін заманауи эндовидеохирургия технологиясын пайдалану ең бірінші оның ұсынысымен қолға алынған болатын. Соның нәтижесі деп айтуға болады, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан  медицина университетінің балалар хирургиясы кафедрасы балалар жасындағы эндовидеохирургия саласының қара шаңырағы саналады.

Жоғарғы санатты балалар хирургі Болат Женалаевтың еңбегі лайықты бағаланып, ол «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, Ресей Хирургтар одағының «Н.И.Пирогов атындағы» медалімен, 2015 жылы Қазақстан Республикасының ең үздік дәрігері ретінде «Алтын адам» атағымен марапатталды және Ақтөбе облысының «Жыл адамы» атанды.

Әр жылдары Денсаулық сақтау министрлігі, Ақтөбе облысы мен қала әкімдігінің, қалалық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Зайыбы Тамара екеуі бүгінде ел азаматы болған Дамир мен Талғатты тәрбиелеп-өсірді. Әке жолын қуған Дамир медицина ғылымының докторы. Ол — Астанадағы «University Medical Center» корпоративтік қоры балалар хирургиясы департаментінің директоры. Оның жары Салтанат Мұқанбетпанақызы «Эндохирургия клиникасы» ЖШС бас директоры, Астана қалалық мәслихатының депутаты.

Талғат подполковник дәрежесіндегі әскери дәрігер болып қызмет атқарып, үлкен беделге ие болды.

Бүгінде медицина саласының алдыңғы буыны саналатын тәжірибелі хирург, білікті маман, мол тәжірибе иесі Болат Женалаевтың еңбегі кейінгі жас талап дәрігерлер үшін баға жеткісіз үлгі.

Ең бастысы, ол өзінің адал жүрегімен, алтын қолымен қаншама адамның өмірін ұзарта білді десеңізші!

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button