Тағзым

Ақжардың Ақмырзасы

Кей адамдармен бір-ақ рет кездескенде оның жан дүниесін түсініп, бірден сырласып кетесің. Соның бірі біз Темір қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумында танысып, табысқан Ақмырза Маханов болатын. Жем өзені бойындағы ауылдардан болғандықтан ба, екеуміз тез жақын тартып кеттік.

Жарқамыс орта мектебінің сегізінші сыныбын бітірген онымен бір мамандықты таңдаған екенбіз.

Сол жылдары Н.Хрущевтің халық шаруашылығындағы, оның ішінде ауыл шаруашылығындағы реформаларына сәйкес Темір қаласы Байғанин, Жұрын, Темір аудандары негізінде біріктіріліп, құрылған өндірістік-аймақтық басқарманың орталығы болған кезі еді. Темір қаласы тарихы бай, халқы санынан облыста Ақтөбе, Шалқар қалаларынан кейінгі үшінші орында болатын, өндірістік басқарма бастығы Жағыпар Әміров, басқарма партия ұйымының хатшысы Нұрғожа Орынбасаров болды.

Біз оқыған Ақтөбе техникумы ауыл шаруашылығының зоотехник, веттехник, экономистер мен бухгалтерлік есеп мамандарын дайындайтын облысымыздағы арнаулы оқу орны еді де, оны бітіргендерге колхоз, совхоз өндірістерінде жолдамамен жұмыс беретін, жақсы көрсеткіштерге жеткендері өндіріс, аудан басшылығына да ұсынылып, халық арасында оқу орны Темір академиясы деген атаққа ие болды.

Жан-жақтан келетін студенттерге Темір қаласына жету, әсіресе қыс айларында өте қиын болатын, себебі теміржолдан — «Темірмост» стансасынан жиырма бес шақырым қашықтыққа студенттер жаяулатып, шаршап-шалдығып жететін. Біз осында оқыған 1963-1964 жылдары белгілі «ақ қоян» жылы өткен-ді, қарлы боран көп болып, әуежайларды қар басып, самолеттер де ұшпай, көліктер де жүрмей қалатын, кешігіп келгендіктен стипендиямыздан да қағылып қалатынбыз.

Біздің тобымызда ақтөбеліктерден басқа, Орынбор, Орал өңірлерінен, тіпті Белоруссиядан да әртүрлі ұлттың жастары оқыды. Осы жылдары техникумның директорлары Шегай, Қазиев, Елеусізовтер, ал ұстаздарымыз, топ жетекшісі Антонина Самойленко, Роза Григорьевна, Нафиса Хасанқызы, Жәңгір Молдақұлов, спорт жетекшілері Михаил Садықов, Клим Иманалиндер болды.

Қазақ мектебін бітірген біз үшін сабақтар орыс тілінде жүргендіктен, алғашқы жылдың бірінші жартысында оқу бағдарламаларын игеруде қиындықтар болғанымен, математика, физика, химия пәндерінен қатарымыздан қалыспайтынбыз.

Батырлар, ақын-жазушылар, ғалым-математиктер елінен шыққан Ақмырза ата-бабаларының, алдыңғы буын ағаларының сол жақсы дәстүрін лайықты жалғастыра білді. Ол аталған пәндерді игеруде өзінің алғырлығымен, зеректігімен, мінезіне сай шапшаңдығымен көзге түсетін. Берілген есептерді шығаруда топтың алды болып, курстастарымыз бен мұғалімдеріміздің ықыласына бөленетін.

Ақмырза техникумда оқи жүріп, Жарқамыс орта мектебінде сырттай білім алуды жалғастырды, емтиханды жедел тапсырып, орта білім аттестатын алып шықты. Одан кейін Ақтөбе педагогикалық институтының математика факультетінде оқыды, сырттай Алматы халық шаруашылығы институтын да бітіріп шықты. Оның тез арада үш дипломға ие болғаны, оқуға деген құлшынысы жолдастарын таңғалдыратын. Ақмырза институтта жүргенде Гүлзиядай өмірлік жарын тауып, балаларын өсіріп, немере сүйіп, олар бақытты ата-ана болды.

Ақмырза мектепте ұстаз болып қызмет жасағанда да, шаруашылықта экономист мамандығы бойынша еңбек еткенде де, кейін Байғанин асылтұқымды қой совхозында директорлық басшылықта болғанда да жақсы көрсеткіштерге жетіп, жемісті де жеңісті жолдардан көрінді.

Біз техникумда оқып жүргенде көптеген спорт секциялары жұмыс істеді, қалалық, аудандық, облыстық деңгейдегі түрлі сайыстар мен жарыстар жиі өтіп тұратын.

Біздің факультеттің құрама командасының мүшелері көбіне қатысып, футболдан екі жыл қатарынан техникумаралық жарыстарда жеңімпаз атандық. Ал Ақмырза болса күрестен қала, аудан, облыс чемпионы атанып, техникум мен ауданның мақтанышы болды.

Әсіресе біздің есімізде қалғаны, 1966 жылдың мамыр айында Шымкент облысының Сарыағаш ауданында Қапланбек ауыл шаруашылығы техникумында болған республикалық жарыстағы Ақмырзаның жеңісі, алған чемпиондық атағы және спорт шеберлігіне үміткерлік атағы еді. Осы жылдың сәуір айында Ташкент шаһарында жойқын зілзала болып, қала толықтай қирап қалды. Ташкент Сарыағаштан алыс емес екен, республиканың арнаулы орта оқу орындарынан біріншілікке келген қатысушыларды әдейі апарып көрсеткенде, Кеңес үкіметінің бүкіл республикаларынан келген құрылысшылар палаткада тұрып, қаланы қалпына келтіруге жәрдемдескендерін көрдік. «Пахтакор» стадионы да қирап, ортасы жарылып тұр екен. Осы жылы өткен Одақтық Жоғарғы Кеңесінің сайлауына депутаттыққа үміткер Қазақ Республикасының Министрлер Кеңесінің төрағасы Мәсімхан Бейсебаевпен де Сарыағаштағы кездесуіне қатысқанбыз.

Біз, 1963-1966 жылдары Ақмырзамен бірге оқыған жолдастары Серік Қарасаев, Қадырғали Асанғалиев (экономика ғылымдарының кандидаты, Алматыда тұрады), Жалғас Назаров (техникум футбол командасының капитаны), Тұраш Сағызбаев, Қаршыға Оралов, Сартбай Мырзағалиев, Орманбай Кенжебаев, оқу бітіргеннен кейін де әр жақта қай қызметте істесек те бір-бірімізбен қатынасымызды үзген жоқпыз, хабарласып, бірқатарымыз Ақтөбеге көшіп келгесін де отбасымызбен араласып, сыйласып тұрдық.

Жастайынан спорт пен біліммен өрлеген қайратты да алғыр, заманына сай лайықты тірлік сүрген, ата-анасы да ұзақ өмір кешкен Ақмырзаны арамыздан тез өтіп кетеді деп кім ойлаған?

Көзі тірі болғанда ол биыл 75 жасқа толатын еді. Артында ізгілікті ізі қалды.

Ол туған жерін үнемі қадір тұтатын. Өзі білім алған Жарқамыс мектебіне үнемі қамқор бола білді. Ұстаздары, кейінгі бірге қызмет істеген әріптестері туралы жылы лебіз білдіріп отыратын. Мұның бәрі оның жүрегінің жылылығын, жанының кеңдігін сездіретін.

Ақмырзаның артында қалған ұрпағы бүгінде оның осы игілікті ісін жалғастырып келеді. Енді соған тәубе етеміз.

Бердіғали ӘЙТПЕМБЕТОВ,

еңбек ардагері.

ЖАРҚАМЫСТЫҢ ҰЛАНЫ

 

Жазылмаған Ақмырза дастан еді,

Жаздай болып жарқылдап жүретұғын.

Жем бойының іздейді аспаны енді,

Игі ісі көп еді, білетінім.

 

Есімінде сынып бар мектебінің,

Түлектермен кейінгісырласатын.

Білдірместен ешкімге өктем үнін,

Табиғатқа ғашық боп қырды асатын.

 

Сегіз қырлы, бір сырлы азаматты

Таныды ел тым қысқа ғұмырында.

Жүрек дерті ертерек мазалапты,

Қалды ол бірақ өзінің тұғырында.

 

Нарқамыстың үндерін ұққан ұлан,

Жарқамыстың бойында өсіп еді.

Жанарлардың мұң сезем шықтарынан,

Неге тағдыр жақсыға өшігеді…

 

Жалған тірлік бейне бір елес пе еді,

Арманды ойың көңілде сақталады.

Жалғасады тірлікке белестерің,

Ұлым бар деп Жем бойы мақтанады.

 

Ағысымен ап кетті жыл өткелі,

Арқа-жарқа ниетпен жүрер ме еді.

Сырласады Жарқамыс түлектері,

Сынып болып соғып тұр жүрек енді.

 

Жақсылық АЙЖАНҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button