Тағзым

Жақсылардың жалғасы болған…

Бір кездері аудан орталығы болған Жарқамыс өңірінен талай жақсылар түлеп ұшты. Шалғайдағы ауылдың перзенттері түрлі мамандықтарды игеріп, өз мамандықтарының білгірі атанды. «Жарқамыс — жарты Жазушылар одағы» деген теңеудің де тегін шықпағаны аян.

Ел мерейін көтерген сондай танымал азаматтардың бірі Ақмырза Маханов болатын.

Ол ақын Жарасқан Әбдірашев жырлағандай, соғыстан соң туғандар тобына кіреді. 1949 жылы Кемерши ауылында дүние есігін ашқан Ақмырза Жарқамыс орта мектебінде білім алады. Он алты жасында Темір қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түсіп, мамандық алудың алғашқы баспалдағын игереді. Сол уақыттарда мәртебесі жоғары оқу орындарынан кем түспейтін бұл техникум қабырғасында үлкен өмірге енді қанат қаққан бозбала жан-жақты жетіле бастайды. Жаңа дос-жолдас табады, спортпен шұғылданады, мамандықтың қыр-сырына үңіле түседі. Білім жолы одан әрі өзіне тартып, қызықтырған ол енді Ақтөбе педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түседі. Студенттік шақ оның тағы бір қияға көтергендей болады. Көкке көтерілген сайын биіктікті аңсайтын қыран құс секілді ол мұнымен де тоқталмайды. Енді Алматы халық шаруашылығы институтының экономика факультетінде білім алуға бағыт ұстайды.

Оның еңбек кітапшасындағы алғашқы жазулар «Ақжар» совхозының есепшісі» деп басталады. Одан кейін 1971-1981 жылдар аралығында Жарқамыс орта мектебінде физика және дене тәрбиесі пәндерінің мұғалімі болады. Орда бұзар отыз жастың айналасындағы қызулы да жігерлі шағын жас буынға білім мен тәрбие беруге арнаған Ақмырза Отарбайұлы енді шаруашылық жұмысына араласқанды дұрыс көреді. Әуелі «Ақжар» совхозында экономист болған ол көп ұзамай Байғанин атындағы совхоздың бас экономисі қызметіне тағайындалады. Ал нарық талабына сай шаруашылық құрылымдары өзгеріп, бұрынғы совхоздар таратылған, соның ізінде өмірге келген «Байғанин» акционерлік қоғамының президенті болып сайланады. Ол, негізінен, қой шаруашылығы дамыған бұл құрылымды жаңа экономикалық қатынастарға сай ілгерілетуді көздеп, сол кезде тың ізденістерге барғанын, бірқатар жаңашылдық енгізгенін ауыл тұрғындары қазірге дейін айтып отырады. Алайда оның көптеген ой-жоспарлары, ізгі мақсаттары толығымен жүзеге аспай қалды. Оған себеп болған нәрсе жекешелендіруді желеу етіп, әр қилы бағыттардың жұмысқа кедергі келтіруі, басқа да бұрмалаушылық жағдайлары еді. Бұған оның жаны ауырғанын, мүмкіндігі келгенінше шаруашылық негізін сақтап қалғысы келгенін замандастары жақсы сезінді.

Ол 1999-2000 жылдары аудан әкімдігі аппаратының ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Бір кездері үлкен өңірдің берекесін келтірген ақтылы қойдың, басқа да төрт түлік малдың көз алдында қолды болып жатқан күйін көріп, ашынған сәттері де болды…

Амал жоқ, енді басқа салада қызмет жасауына тура келді. Сөйтіп, Ақтөбе қаласындағы локомотив жөндеу депосында, «Ақтөбе жолдары» акционерлік қоғамында экономика және жоспарлау бөлімінің меңгерушісі болып, өзін жаңа қырынан танытты…

Қазақта «Көз көргендер сөйлесін» деген жақсы сөз бар. Біз бұл ретте Ақмырза Отарбайұлы туралы оны жақсы білетін замандасы, құрдасы Жарылғап Қарасаевтың естелігін оқып шыққанбыз. Онда былай делінген екен:

«Мен Жарқамыс орта  мектебіне алғаш мұғалім  болып келген кезде Ақмырза сондағы жас оқытушының бірі екен. Мен оны студент кезінен білетін едім. Жарқамыста көргеніме кәдімгідей қуанып қалдым. Менің білуімде ол — біліктілігі мен эрудициясы мол азамат.

Зайыбы Гүлзайда — бастауыш класс мұғалімі. Бірі біріне тауып қосылған бұл  жұп өте тату тұрды.Үлгілі отбасылардың бірі болды, үйі де жинақы, таза еді.

Ақмырза өз мамандығы физикадан сабақ берді, сонымен бірге дене тәрбиесі пәнін де жүргізді, ер балаларға күрес өнерін үйретті.

Үйінде кітап көп болатын. Кілең бір қазақша, орысша классикалық туындылар шкафтарға сыймайтын еді. Олардан басқа «Огонёк», «Роман-газета», «Знание-Сила», «Наука и жизнь», «Молодая гвардия», «Білім және еңбек», «Мәдениет және тұрмыс», тағы да басқа журналдар көздің жауын алатын. Біз оның оқырманы болдық».

Ақмырза ағаның кітапқұмарлығы балаларына да дарыған. Бұл туралы кіші ұлы Әнуар: «Біз әкеміздің нұсқауымен күніне екі сағаттай уақытымызды әдеби кітаптар оқуға арнайтынбыз. Бұл ретте өзі бағыт-бағдар беріп отыратын. Және, бір қызығы, келесі аптада сол оқыған кітабымыз туралы сұрайтын. Бұл біз үшін кәдімгідей сынақ еді.

Қанша оқығанымызбен біз, балалары, әкеміздің кітапханасын толық игере алмадық. Ол мүмкін де емес еді», — дейді.

Біздің кейіпкеріміздің спортқа құштарлығы да ерекше әңгіме етуге тұрарлық. Темір техникумында басталған құлшыныс кейін де дамып отырған. Ол Ақтөбеде оқыған жылдарында Қазақстан еркін күресінің аңыз адамына айналған Алексей Семкиннің тәрбиесінде болып, шеберлігін дамытқан. Өзі де талай жарыстарға қатысып, көптеген қарсыластарының алдында мерейі үстем болғандығын бүгінде шаңырағында сақтаулы тұрған грамоталар мен дипломдар айғақтайды. Оның 1965-1975 жылдар аралығында еркін күрес, шахмат, шаңғы және ұлттық спорт түрлері бойынша республикалық және облыстық жарыстар мен біріншіліктерде жеңімпаз атанғаны бүгінде немерелері үшін аңыз әңгімедей естіледі.

Ақмырза өзінің өмірлік қосағы, сүйікті жары Гүлзайда Бисембайқызымен бірге дүниеге төрт перзент әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Олардың тұңғышы Арман Қибат әженің бауырында өсіп, ұлтымыздың ұлық дәстүрлерін кішкентайынан бойына сіңіріп өсті. Азамат болып, ат жалын тартып мінген соң Алматы қаласында тұрды, жақсы шаруалармен айналысты. Өкінішке қарай, үш-төрт жыл бұрын өмірден өтіп кетті.

Әділбек Қарағанды құрылыс институтын бітіріп, әскер қатарына барып келген соң өзінің алдағы бағытын ішкі істер органы қызметіне арнады. Бүгінде құрметті зейнет демалысына шығып, банк қауіпсіздігі саласында еңбек етуде.

Әнуар «Қазақтүрікмұнай» мекемесінде қаржыгер болды, облыстық ауыл шаруашылығы, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармаларын басқарды. Қазіргі уақытта асылтұқымды мал өсіру бағытында еңбек етуде, басқа да бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыру қамында.

Жаннұр болса — мемлекеттік кіріс саласының білікті маманы.

Ақмырза аталарының алғы күнге апаратын жақсы жолын немерелері Айбар, Темірлан, Аңсар, Әли, Азамат жалғастыруда.

Кенже қызы Жаннұрдың ұлы Исмайыл қазіргі уақытта қазақ-түрік лицейінде оқиды, нағашы атасынын жолын қуып, физикадан маманданып, облыс, республикада өтетін сайыстарда топ жарып жүр.

Әке — перзенті үшін асқар тау. Асқар таудың айбыны балаларына қуат береді, алға жетелейді, жігерлендіреді.

Бүгінде әке жолын жалғастырып жүрген Әнуар Ақмырзаұлы былай дегені бар-ды:

«Әкем өз жұмысын жақсы көретін, сол кездегі ауыл шаруашылығында болып жатқан аласапыран өзгерістерге қатты алаңдайтын. Мектеп бітірген жылы Түркия еліне оқуға түсерде әкем менімен бірге Алматы қаласына барып, ауыл шаруашылығы экономикасы саласын бірге таңдадық.

Әлі есімде, 1993 жылы ұлттық валютамыз — теңге шыққан кезде әкемнің қатты қуанып, маған бірнеше бет хат жазғаны бар. Мазмұны: тәуелсіздігіміз бар, міне, енді теңге шыққаннан кейін еліміздің өз экономикасы болады, ауыл шаруашылығы саласы да қайта жаңғырады, ауылға да жақсы күндер келеді деген мағынада.

Мен әуелгіде мұнай саласында еңбек етіп, кейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын басқаруға келгенде ойыма әкемнің сол әңгімесі оралды

Міне, қазір әке өсиетін орындау үшін, аманатына адал болу үшін ауыл шаруашылығы саласында еңбек етудемін».

… Ол дүние есігін ашқандағы алғашқы есімі Ақ болған екен. Атасы Махан, әкесі Отарбай бар, ақылдасып отырып «Ақ деген әулиенің аты еді, оны алып жүру балаға оңай соқпас, сірә…» деп Ақмырзаға өзгертіпті.

Бұл есімін де Ақмырза аға өмірде өз деңгейінде көтеріп жүрді.

Атыңа жүріс-тұрысың сай болып, өз биігіңде көрінгенге не жетсін!

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button