Басты жаңалықтар

Ақтөбеліктер республикалық акцияға үн қосты

Бүгін «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Ақтөбе қаласында сенбіліктер өтті. Бұл күні мемлекеттік қызметкерлер, «Жасыл ел» жасағының жастары шаhардағы 3 саябаққа жұмылдырылды.

Триатлон саябақта мемлекеттік қызметшілер, белсенді жастар, тұрғындар тазалық жұмыстарын жүргізіп, күл-қоқысты жинады. Оның барысын облыс әкімі Асхат Шахаров бастаған атқарушы билік өкілдері назарға алды.

— Президенттің тапсырмасы бойынша экологиялық акцияға барлық жергілікті атқарушы органдар қатысып жатыр. Мұндағы басты мақсат – тұрғындар арасында экомәдениетті қалыптастыру. Бұл қалалықтарды ғана емес, ауылдағы жұртшылықты да қамту керек. Соның ішінде бұлақтың көзін ашу да бар.
Әр азамат тазалық өзінен басталатынын есте сақтау керек. Соны түсіндіру, тазалық акцияларын көбейту – біздің мұрат.
Қаланың өзінде күніне 500-600 тонна қоқыс шығарылады. Сондықтан әрқайсысымыз сенбілікке бейжай қарамауымыз керек, – деді облыс әкімі Асхат Берлешұлы.
Белсенділер арам шөптер мен қоқыстарды, қурап кеткен ағаш бұтақтарын қапшықтарға жинап, машиналарға тиеп жіберді. Сондай-ақ, тал-теректерді әктеу жұмыстары да жүргізілді.
Айта кетейік, экоакция ҚР Тұңғыш Президенті саябағы мен «Ғашықтар» аллеясында да өтті.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button