Басты жаңалықтарСу тасқыны

Қобдада үй құрылысы қарқын алды

Биыл тасқыннан зардап шеккендер үшін аудан бойынша 150 үй салынады. Соның 17-сі Жарық ауылында бой түземек. Қазір 127 үйдің құрылысы басталып кетті.

Жасы жетпіске таяған Қонысбай Сукулов — тасқыннан зардап шеккендердің бірі. Былтыр топан су ақсақалдың үйінің ауласына ғана кірсе, ал биыл үйін түгел басқан. Саманнан салынған үй тұруға жарамсыз деп танылыпты.Қонысбай ақсақалды құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатқан аймақта кезіктірдік. 

Тиісті төлемдер төленді…

Қонысбай Сукулов, Қобда ауданының тұрғыны, зейнеткер:

—  Мен тұрған ауыл Елек пен Қобда өзендерінің тоғысқан тұсы еді. Қар суының тасуы біз үшін жылдағы үйреншікті жағдай болатын.  Өмір бойы екі судың ортасында өссек те, дәл мұндай жағдайды бірінші рет көруім. ҚазірҚобда ауылының Әлия Молдағұлова көшесіндегі үйлердің бірінде тұрамын. Былтыр ауламызға ғана су кірген. Отбасында төрт адамбыз. 27 наурызда түске таман үйімізді топан су басты. Әуелі аулаға кірді, бірте-бірте судың деңгейі көтеріліп, үйге кірді. Осы кезде арнайы құтқару бөлімінің жігіттері, төтенше жағдайлар қызметінің мамандары бізге үйден шығуға көмектесіп, қауіпсіз жерге көшірді. Қажетті заттарымызды ғана алып үлгердік. Үйімізді су басқан күні қаладағы балам келіп, аулаға сорғылар қойғанбыз. Осылай үш күн күндіз-түні ауладағы суды сорғызғанымызбен, түк нәтиже болмады. Судың мөлшері көбейе берді. Тек төртінші күні ғана судың беті қайтты. Осы аралықта біз екі-үш күн аудан орталығындағы балаларымыздың үйінде болдық. Ауламда бағып отырған жиырма шақты қойды төтенше жағдайлар бөлімінің жігіттері өзімізге жақын жерде тұратын құдамның үйіне апарып тастады. Құстар аулада қалды. Арасында тасқыннан аман қалғандары бар.

2012 жылы саманнансалынған жалпы ауданы 100 шаршы метрден астам үйіміз апатты деп танылды. Эвапунктте жатқанымыз жоқ, берілген гуманитарлық көмектен де бас тарттық. Себебі жататын жеріміз болғасын, бізге ешқандай қажеттілік туындаған жоқ. Сол шақта халыққа жан-жақтан жасалған қолдаулар мен көмектерді көргенде, іштей риза болдық. Қандай жағдай болса да мемлекетіміз халықты далада қалдырмай, барынша қолдау танытып жатыр. Біз де өзімізге тиісті төлемдерді толығымен алдық, ризамыз.

Ауламызға тал-терек егеміз…

Ұзақ жыл ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен ақсақал бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отыр.  Өмірлік серігі Фатима мектепте зертханашы болған. Қариялар аулаға бақша салып, тал-терек өсіреді.

Суға кеткен үйіміздің ауласында өз қолымызбен өсірген оншақты талымыз бар еді. Арасында жеміс ағаштары да болды. Әжептәуір өсіп, өнімін де берді. Биік талдың көлеңкесін саялап отыратын едік. Аудан орталығында бой көтеріп жатқан жаңа үйлер алыстан-ақ айналаға көрік беріп тұр. Құрылыс жүргізіліп жатқан аумақтың өзі теп-тегіс, тыныш жер.  Қаздай тізілген бірыңғай типтегі үйлер әдемі қаланып, шатыры да көтерілді. Болашақта жаңа үйіміздің ауласына тал-терек егетін боламыз, — деді Қонысбай ақсақал.

Фатима Сукулова да табиғи апат кезінде зардап шеккен отбасылар үшін үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер мен қолдаулар үшін алғысын білдірді. Әсіресе жергілікті билік өкілдерінің күндіз-түні хал-жағдайларын біліп, қажет кезінде дереу көмекке келіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізген мамандарға   ризашылығын білдірді.

Екі өзеннің суы

Қанат Мыңбаев, Қобда ауданы әкімінің орынбасары:

— Қарғын су аймаққа 25 наурызда келді. Былтыр жаз, күз айларында тұрғызылған бөгеттер өз қызметін жасады. Ал 27 наурызда судың мөлшері көбейді. Су негізінен Қобда өзенінен келді. Себебі сол күні өзен шекті  деңгейінен асты. Негізі судың көтерілу деңгейі шкала бойынша 7/600 болса, биыл бұл көрсеткіш 8-ге жетті. Жалпы судың көтерілу деңгейінен кейінгі процесс — қауіпті деңгей деп айтылады. Өзен басында арнайы құрылым мамандары болды. Олар бізге екі сағат сайын мәлімет беріп отырды. Сол мәліметтен-ақ су деңгейінің біршама көтерілгені байқалды. Ауданда бірінші болып Құрманов атындағы көше бойындағы үйлер суға кетті. Себебі жасалған бөгетті су шайды. Сол күні таңғы сағат 3-ке дейін Құрманов, Әлия Молдағұлова атындағы көшелерге  су кірді. Шамамен 50-60 үй су астында қалды.  Одан әрі Білтабанов, Әкімжанов көшелерін де, ондағы үйлерді де су басты. Сол кезде Сауқайың өзені арнасынан асқан. Өзен суы бір-біріне параллель жатқан дамба мен жолдан асып түсіп, Қобда селосының ішіне жайылды. Мол су жолды бұза алмады. Өйткені біз ол жерге 22 техника жұмылдырып, жол бойына бөгет салып, суды тоқтаттық. Соның өзінде Сауқайың өзенінен келген су аудан орталығындағы Жаңақоныс тұрғын алабында бой көтерген бірқатар үйге кіріп үлгерді.

— Су деңгейінің көтерілгенін білгенде қандай жұмыстар жүргізілді?

Су тасқынына қарсы іс-шаралар және оған дайындық жұмыстары наурыз айынан басталған болатын. Ол үшін 4 эвапункт дайындалып, 20 мың құм салынған қапшық, қосымша қайықтар мен мотопомпалар, резеңке киімдерге дейін алынып қойылды. Өзімізде 4 қайық болды, оған қосымша 7 қайықты тағы алдық. Сондай-ақ өзімізде 26 мотопомпаға қосымша 4 мотопомпа алдық. Аудан орталығына мол су келген күні қосымша көмектер де келді.

— Еріктілер тарапынан қандай жұмыстар атқарылды?

— Тасқын кезінде өзіміздің еріктілерден құралған төрт топ құрылды. Әрбір топта 12-13 адамнан болды. Барлығы — 50 адам. Ауданымызға су келген күні барлық ерікті аяғынан тік тұрып қызмет жасады. Су тасыған күні халыққа жобамен 600-ге жуық адам көмектесті. Олар құм қаптау, қапталған құмды көлікке тиеу, түсіру сияқты жұмыстарда ерекше белсенділік танытты.

«Халқымыз бұл сынақты да жеңе білді…»

Қанат Мыңбаевтың айтуынша, аудан бойынша 288 үй суға кеткен. Соның 26-сы — аудан орталығынан 45 шақырым жердегі Жарық ауылындағы үйлер.

Алғашқы күні эвапунктке 64 адам жатқызылды.Тасқыннан зардап шеккендерге еліміздің түкпір-түкпірінен гуманитарлық көмектер жеткізілді. Атырау, Қызылорда облыстарынан гуманитарлық көмек тиелген фуралар келді. Ауданда гуманитарлық көмектер екі жерге түсіріліп, жеткізушілер өздері халыққа үлестіріп беріп жатты. Қиындыққа тап болған сәтте бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғанхалқымыз бұл сынақты да жеңе білді, — деді Қ.Мыңбаев.

Бүгінде ауданда 248 отбасына 91 миллион 561 мың теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік төлем төленді.

Тасқыннан зардап шеккендердің барлығы мұндай әлеуметтік қолдауға ие болды. Мүліктік өтемақы төлеу бойынша жұмыстар да  жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда 161 отбасына 107 миллион теңге мөлшерінде мүліктік өтемақы және жөндеу жұмыстарына қаражат төленді, — деді ол.

923 малға өтемақы төленді

Ауданда суға кеткен 288 үйдің 154-і — тұруға жарамсыз. Бұл үйлердің әрқайсысына техникалық қорытынды шығарылған. Ал қалғандары бойынша жөндеу жүргізуге қаражат көзі қарастырылған.

Бүгінде үш отбасына аудан орталығынан баспана сатып алып бердік. Қазір тағы екі үйдің құжаттары тексеріліп жатыр. Бұл — тұрғындардың өз шешімімен, келісімімен жүргізіліп жатқан жұмыс. Дайын үйді Болат Өтемұратов қоры арқылы алып беріп жатырмыз. Әрине, үй сатып алудың өз талабы бар. Сатылатын үй  техникалық байқаудан өткізіліп, бағаланады. Егер бағалаушы компания үйдің құнын қаншаға бағаласа, қор соны ғана өтеп береді. Қор арқылы үй сатып алуда белгіленген шекті баға бар, — деді аудан әкімінің орынбасары.

Оның айтуынша, аудан бойынша 1063 мал шығыны анықталған. Оның ішінде 923 малға 188 миллион 855 мың теңге өтемақы төленіпті. Қалған малдың белгісі болмағандықтан, мал иелері өтемақыдан қағылып отыр.

Қазіргі таңда ауданда 5 жеке адаммал шығынына байланысты жалпы саны 8 миллион 225 мың теңге көлемінде өтемақы алды. Қалғаны — аудандағы 38 шаруа қожалығы иелігіндегі мал, — деді Қ.Мыңбаев.

Жаңа үйлер және жеребе

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, ауданда тасқыннан зардап шеккендерге жалпы саны 150 үйдің құрылысы салынады. Оның 17-сі Жарық ауылында бой көтермек. Құрылысқа 14 компания бекітілген. Соның екеуі Жарық ауылында жұмыс жүргізеді.

Қазір аудан орталығында 127 үйдің құрылысы басталды. Жаңадан бой көтеріп жатқан үйлер қауіпсіз аймақта тұрғызылып жатыр. Ол жер аудан орталығының ең жоғары нүктесі саналады. Типтік үлгіде салынып жатқан үйлер нөмірленген. Барлық үйдің іргетасы қаланғаннан соң үй тұрғындарға жеребе тарту әдісімен беріледі. Мұндай әдіс біздің тәжірибемізде былтыр да болған, — деді Қанат Мыңбаев.

Ол өз сөзінде құрылысқа жергілікті тұрғындардың да тартылып жатқанын айтты. «Үй құрылысын жүргізуге ешқандай кедергі жоқ. Құрылыс материалдары алдын ала әкелінді. Барлық іс құрылыс компаниясының өз жұмыс жоспарына сәйкес жүргізіліп жатыр», — деді аудан әкімінің орынбасары.

Өртке төтеп беретін шатырлар

Қобда ауданы орталығында тасқыннан зардап шеккендер үшін жаңа үйлердің құрылысы қарқын алған. Әзірге аумақ төрт көшеге бөлінген.  Инфрақұрылымы тартылған аймақтың жері теп-тегіс. Біз құрылыс басында учаске басшысы Юрий Андрюшинді кезіктірдік. Бұл жерде жаңадан салынып жатқан үйлердің төбесі жабылып, шатыры да көтерілген.

Бұл жерде екі құрылыс компаниясы  жұмыс жасап жатыр.  Құрылыс жұмыстарын бастағанымызға бір аптадан астам уақыт болды. Ең маңыздысы — құрылыс материалдарының уақытында жеткізілуі. Егер құрылысқа қажетті бір материал болмай қалса, онда жұмыс тұралап қалады. Бұл жағынан ешқандай мәселе жоқ. Құрылыстың сапасына ерекше мән беріп жатырмыз. Жауапты міндетті мойнымызға алғаннан соң, тұрғын үйлерді жоспарға сәйкес уақытында тапсыруымыз керек.

Тұрғын үйлердің барлығы типтік үлгіде салынып жатыр. Үйлердің қабырғалары экоблоктан қаланып, арасына жылытқыш материалды пайдаланып жатырмыз. Экоблок — жергілікті өнім. Мұндай өнімді Ақтөбе және Қандыағаш қалаларында шығарады. Силикат кірпіш те өзімізде өндіріледі. Шатырға пайдаланған ағаш тақтайларды алдымен химиялық  өңдеуден өткіземіз. Ол үшін тақтайларға арнайы сұйықтық жағып, кептіреміз. Кепкен тақтайшалар қызғылт рең береді. Бұл — материалдың өртке төзімділігі үшін қолданылып жатқан әдіс. Химиялық өңдеуден өткен ағаштар ұзақ уақытқа дейін өртенбейді, көп жылға шыдас береді.

Юрий Андрюшиннің айтуынша, екі компанияда шамамен 90-ға тарта құрылысшы жұмыс істеп жатыр. Ол ішкі әрлеу жұмыстарына заманауи үлгідегі материалдардың қолданылатынын айтты.

Құрылыс жұмыстары кезінде үй ішіне коммуникациялық құбырлар бірден тартылып жатыр. Бұл жердегі үйлердің жанына септик орнатылады, — деді учаске басшысы.

Үйі суға кетсе де, салы суға кетпеген

Милла Тончу — Қобда ауданының тұрғыны. Осымен екінші жыл қатарынан үйі суға кетсе де, салы суға кетпеген ол жақында аудан орталығынан баспаналы болды. Жалпы құны 13 миллион теңгеге сатылған баспанаға ол Болат Өтемұратов қоры арқылы жергілікті биліктің көмегімен қол жеткізіпті.

Жолдасым ертеректе қайтыс болды. Үш баламен қалдым. Үйіміз былтыр да су астында қалды. Дегенмен өткен жылы комиссия үйіміздің жөндеуге жарамды екенін айтты. Көрші тұратын қызымның үйі де менің атымда болатын. Ол үй де суға кеткенде, комиссия тарапынан дәл осындай шешім шығарылды. Алайда ұлым үйді сатып, кетіп қалды. Ал мен қызымның қолында қалдым. Биыл ауламызға су келгенде үйде жиен немерем екеуіміз ғана болдық. Төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері мол судың келетінін бізге алдын ала ескерткесін, дайын отырғанбыз. 27 наурызда кешкі сағат 5-тің шамасында ауламызға су кірді. Арада көп уақыт өтпей топан су үйімізге де кіріп болды. Ең бастысы — малымызды қауіпсіз жерге шығарып, өзіміз де дер кезде шығып үлгердік. Биыл топан судың мөлшері былтырға қарағанда едәуір көп болды, — деді Милла.

Оның бұған дейін тұрған үйі 2009 жылы салынған. «Үйіміз суға кеткенде қыздарым інімнің, ал өзім ұлымның үйінде болдым. Қазір менің атыма алынған бұл үйде қыз-күйеубаламмен, жиендерімізбен тұрамыз», — деген Милла жаңадан сатып алған үйінің ауласында монша, қора, асүй мен жазғы үйдің де барын айтады. Ол аз десеңіз, бақша салатын мол жері тағы бар. Ең бастысы,үй мектепке, балабақшаға жақын орналасқан.

Бұл үйге өз қалтамнан бір тиын төлеместен қол жеткізіп отырмын. Барлық құжаты рәсімделді, бес бөлмелі үйіміздің іші жарық әрі кең. Өз көңілімізден шығады. Қазір үйіміздің ішіне әрлеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Баспанасыз қалған біз сияқты жандарға осындай мүмкіндік жасаған мемлекетіміздің қолдауына шынайы ризашылығымды білдіремін, — деді Милла.

P.S. Қазір аудан тұрғындары қалыпты өмір сүріп жатыр. Орталық саябақтағы субұрқақта асыр салып ойнаған балаларды көргенде көктемдегі көрініс көңілден біржола кеткендей болды…

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button