Спорт

Халықаралық турнирдің жеңімпазы — ирандық Пархам Магсудлоо

Шахмат

Ақтөбеде  «Владимир Дворковичтің мемориалы – Aktobe Open 2024» халықаралық шахмат турнирі өтті. Қаламызда осымен төртінші рет ұйымдастырылып отырған жарысқа әлемнің 20-дан астам елінен мықты шахматшылар қатысты. Оның ішінде 30-дан астам гроссмейстер келді. Ал турнирдің жүлде қоры — 45 миллион теңге.

Жарысты  Туризм және спорт министрлігі және«Freedom Finance» компаниясы қолдауымен Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастырды. Турнирдің  жабылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов жеңімпаздарды құттықтады.

Тоғыз күнге созылған жарыс бүгін мәресіне жетті. Өте тартысты турнирге куә болдық. Әлемнің 21 елінен келген ойыншылар бар күшін салды.  Шахмат ойынында қатысушылар ұлтқа, жасқа бөлінбейді. Қазақтың «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген мақалы осы ойынға арнап айтылғандай. Сондықтан жарысқа  қатысқандардың барлығына алғысымды білдіремін, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Шахмат турнирінің бас жүлдесін  23 жастағы ирандық Пархам Магсудлоожеңіп алды. Супергроссмейстер 9 раундта 7½ ұпай жинап, 9 миллион теңгеге ие болды. Екінші орынды Сербия туының астында өнер көрсеткен бұрынғы ресейлік Александр Предка алды. Жеңімпаз 7 миллион теңгені қанжығасына байлады.  Үшінші орын да осы елдің құрамасындағы Алексей Саранаға бұйырды. Жүлде қоры — 5 миллион теңге.

Үздік үштікке 6½ ұпай жинаған қытайлық Бу Сянчжи мен  армян Шант Саркисян және беларусь Михаил Никитенко шықты.

Ал павлодарлық гроссмейстер Денис Махнев 13-орынға табан тіреді.  Қыркүйек айында өтетін шахмат олимпиадасында Қазақстан құрамасын басқаратын 24 жастағы гроссмейстер үшін бұл — үлкен жетістік.

Үздік отыздыққа  Әлішер Сүлейменов, Алдияр Аңсат, Рамазан Жалмаханов,  Жандос Ағманов және Ед Мадове кірді.

Қазақстандық қатысушылар арасындағы ең үздік екі ойыншы ретінде Денис Махнев пен Әлішер Сүлейменов марапатталып, 1 миллион және 700 мың теңге сыйақы алды. Ал 15 жастағы Алдияр Аңсат қазақ шахматындағы ең жас гроссмейстер атанды.

Ал әйелдер арасында үш үздік нәтижені ресейліктер көрсетті. Бас жүлде және 1,1 миллион теңге халықаралық шебер және әйелдер гроссмейстері Полина Шуваловаға бұйырды. Ольга Баделько мен Екатерина Гольцева екінші және үшінші орынға ие болды. Өкінішке қарай, біздің қыздар бұл жолы үздіктер қатарынан көріне алмады.

Ашық чемпионатта Илья Моисеенко жеңіске жетіп, 1 миллион теңгені қанжығасына байлады.

Сондай-ақ халықаралық шахмат турнирі аясында танымал гроссмейстерлер облыстағы жас шахматшылармен кездесті. Мәселен,  белгілі гроссмейстар Әнуар Исмағамбетов бір мезгілде бірнеше шахматшымен ойнады. Олардың қатарында ителлектуалдық спорт түрінен облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары мен ардагер шахматшылар да бар.  Гроссмейтер он тақтада  7-80 жас аралығындағы шахматшылармен кездесті.

— Гроссмейстермен кездесу — белгілі шахматшы болғысы келетін әр баланың арманы. Осындай іс-шараға қатыстырған спорт мектебіндегі ұстаздарыма рақмет, — дейді ойын сеансының ең жас қатысушысы, Ақтөбедегі Әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған лицейдің 1-сынып оқушысы Қайсар Құдайберген.  Іс-шара аясында Дворковичтің зайыбы Г.Дворкович балаларға сыйлық үлестірді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button