Ведомствоаралық комиссиялардың бірлескен отырысы өтті
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиялардың бірлескен отырысы өтті.
💬 Жиында Ақтөбе облысының сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасы мен «Бизнеске жол» жобаларын жүзеге асыру мәселелері, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау аясында атқарылған жұмыстар сөз болды.
💬 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті бастығының бірінші орынбасары Алмат Мырзалиев жергілікті атқарушы органдардың қызметіне жүргізілген сыртқы талдау нәтижелері бойынша баяндама жасап, анықталған тәуекелдерді жоюға қатысты бірқатар ұсынысын айтып өтті. Облыстық спорт және дене шынықтыру, денсаулық сақтау және білім басқармаларына жүргізілген жемқорлық тәуекелдерінің талдау қорытындысындағы ұсынымдарын уақытылы және сапалы орындауды сұрады.
Сондай-ақ, биылғы жылдың басында департамент Ақтөбе облысының аумағында әлеуметтік нысандарды салу мерзімдерін бақылауға алған-ды. Бүгінгі таңда 17 проблемалық нысанның 4-і пайдалануға берілді, қалғандарында аяқталатын өз мерзімі бар. Құрылыс нысандарында бейнекамералар санын әлі де арттыру міндеттелді.
Асхат Шахаров салалық басқармалармен бірге жұмыстарды әрі қарай жалғастырып, тәуекелдер картасына енген салалардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту, жемқорлықтың алдын алу және жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды сапалы жүзеге асыру бойынша хаттамалық тапсырмалар берді.
Отырыста жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатырған шаралар туралы да айтылды.
💬 Құқықбұзушылық профилактикасы жөнінде Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Еркін Өтеген баяндады.
2023 жылы шақыру түймесі бар жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршам нысандары орнатылған. Жалпы саны 206-ны құрайды. Былтыр Ақтөбе қаласы бойынша 450 млн.тг. бөлініп, оған 90 бағдаршам қойылыпты.
2023 жылы 1150 жол белгісін орнату, ауыстыру және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Жол-көлік инспекциясының нұсқамаларына сәйкес жұмыстар орындалуда. Күн сайын апат салдарынан жол белгілерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Автомобиль жолдарының жоғары қарқынды учаскелерінде жарықтандырылған 8 жеке жол белгісі орнатылыпты. Биыл 2600-ге жуық жол белгісін қою жоспарлануда.
Жол сызбаларын сызу, қоршаулар орнату және жолда жасанды соққылар мен жаяу жүргіншілер жолын бояу жұмыстары да жоспарға сәйкес жүргізілуде.
💬 Сонымен қатар, жиында қылмыстық статистика және ақпараттарды есепке алу жөніндегі облыстық департаменттің бастығы Нұрлан Бижанов та сөз сөйледі.
Өңір басшысы қауіпсіз жол инфрақұрылымын құру, қозғалысты реттеудің техникалық құралдарын жаңғырту бойынша бекітілген 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарды орындау қажеттігін жауапты лауазымды тұлғалардың тағы бір есіне салды. Автожолдарды жөндеу, қалпына келтіру, жамау жұмыстары назардан тыс қалмайды.
Д.АЙДАР.