Басты жаңалықтар

Ветеринарлық пункттерге 39 автокөлік табысталды

Жаңа көлік

Биыл облыстағы ветеринарлық станцияларға жалпы құны 303 млн теңгеге 39 автокөлік сатып алынған болатын. Сейсенбі күні облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев жаңа көліктердің кілтін аудандардан келген ветеринарларға салтанатты түрде табыс етті.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Асылбек Есенбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында өңірлерде ауыл шаруашылығы және ветеринария саласын жаңғыртуда маңызды міндеттер жүктегенін, бүгінде мал шаруашылығының дамуын ветеринария саласынсыз елестету мүмкін еместігін жеткізді.

Қазіргі таңда өңірдің эпизоотиялық ахуалын сақтауда және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ветеринарлық ұйымдардың еңбегі зор. Облысымызда ветеринария саласында атқарылып жатқан игі істер жетерлік. Өздеріңіз білетіндей, жыл сайын осы салаға бөлінетін қаржы мөлшері артып келеді. Мысалы, өткен жылмен салыстырғанда биыл қаржы мөлшері 12 пайызға өсіп отыр. Сала мамандарының жалақысы да артып, еңбек демалысына шыққанда екі айлық сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене бастады. Біз бұл салаға толыққанды көңіл бөлуді жалғастыра береміз,— деді Асылбек Есенбаев.

Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Айбек Сембайдың айтуынша, бүгінде Ақтөбе қаласында және 12 ауданда 13 ветеринарлық станция бар. Сондай-ақ облыстағы елді мекендерде жалпы саны 142 ветеринарлық пункт жұмыс істейді. Олардағы мамандардың жалпы саны — 754.

— 2022-2023 жылдары облыстағы ветеринарлық станциялар 55 автокөлікпен қамтылды. Биыл қолданысқа беріліп жатқан көліктер елді мекендердегі ветеринарлық пункттерге жеткізіледі. Бүгінде мұндай пункттердің 70 пайызға жуығы автокөлікпен қамтылып отыр. Бұл да мамандарға жасалып жатқан қамқорлық деуге болады. Өйткені қазір ауылдағы автокөліктердің көбі тозған, ақауы көп. 

Былтыр біз ветеринар мамандарды 160 компьютер және 142 планшетпен қамтыдық. Бұл олардың есеп жүргізуіне аса қажет. Қазіргі таңда ветеринар мамандардың басты міндеті — жұқпалы аурудың 17 түріне қарсы вакцина салу, қан алып, талдау жасау, төлдерді сырғалау және оларды есепке алу, — дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, аталған автокөліктер отандық компания «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-нан сатып алынған. Бір автокөліктің құны — 8 миллион теңге.

Салтанатты іс-шарада жаңа автокөлікке ие болған аудандардың бірі — Қобда ауданы.

Аудандағы ветеринарлық пункттерге 4 автокөлік бөлініп отыр.

Қобда аудандық малдәрігерлік-ветеринарлық станцияның директоры Тимур Құлметеновтің айтуынша, бүгінде аудандағы 16 округтің әрқайсысында ветеринарлық пункт бар. Оларда жалпы саны90 адам жұмыс істейді.

— Биылғы су тасқыны кезінде аудандағы шаруашылықтардың көбі зардап шекті. 909 мал суға кетті. Дегенмен мемлекет тарапынан шаруаларға малы үшін өтемақы беріліп жатыр. Тасқын кезінде аудан аумағындағы мал көметін жерлерге су келген жоқ, себебі олар жоғарыда орналасқан. Ешқандай қауіп жоқ.

Кадр мәселесіне келсек, бұрын ветеринар мамандарға тапшылық болды, қазір бұл мәселе шешілді. Ауданымызға «Дипломмен — ауылға» бағдарламасымен келіп, жұмыс істеп жатқан жас мамандар жетерлік, — дейді  Тимур Құлметенов.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button