Басты жаңалықтарЖастар

«Zhas Project»: арманын жүзеге асырғандар

Елімізде жұмыссыз жүрген жастарды қолдау мақсатында көптеген жобалар, бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі — «Zhas Project» жобасы.NEET санатындағы қыз-жігіттерді жұмысқа орналастыру және олардың кәсіпкерлік қабілетін дамытуға арналған жобаның арқасында жуырда ақтөбелік 14 адамәрқайсысы 1 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз гранттың иесі атанды.

«Zhas project» жобасын Мәдениет және ақпарат министрлігі2022 жылдан бастап Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен жүзеге асырып келеді. Байқау түрінде ұйымдастырылатын жоба бірнеше кезеңнен тұрады.

Биыл үміткерлер үшін ақпараттық түсіндіру жұмыстары 19 ақпанда басталып, 24 наурызға дейін жалғасты. Ал 25 наурыз бен 24 сәуір аралығында өтініштер қабылданып, 15 мамырда байқау қорытындысы шықты. Ақтөбе облысы бойынша әлеуметтік жобаға қатысуға 289 адам ниет білдірген. Техникалық іріктеуден оның 74-і өткенімен, комиссия шешімен 14 адамның жобасы үздік танылып, жеңімпаз атанды.

«Zhas project-2024» жобасының Ақтөбе облысы бойынша үйлестірушісі Ләззат Жаманқұлова жоба жеңімпаздарының әрқайсысымен жыл соңына дейін байланыста болатындарын, олардың кәсібін бастауға барынша қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беретіндерін айтты.

Бұл конкурсқа 18 бен 35 жас аралығындағы «уақытша жұмыссыз» деген мәртебесі бар жастар ғана қатыса алады. Әр қатысушының 1 ғана әлеуметтік жоба ұсынуға мүмкіндігі бар. Бұған дейін шағын грант ұтқан жастар өтініш тапсыра алмайды. Талап бойынша жеңімпаз атанғандар 4 айдан аспайтын мерзімде жобаларын іске асыруға тиіс, — деді ол.

Өткен аптада жеңімпаздарға грант сертификаттары салтанатты түрде табысталды. Үш жүзге жуық өтініштің ішінен іріктелген жобалар несімен ерекшеленді? Оқырмандармен бөлісуді жөн санадық.

Облыс бойынша бірегей жоба

Жұмыссыз жастарға берілген мүмкіндікке ие болғандардың бірі — Мәртөк ауылының тұрғыны Диана Дүйсенғалиева. Диана Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Мамандығы — биотехнолог. Бүгінде декреттік демалыста отырған келіншектің жобасы Ақтөбе облысы аумағында бұрын-соңды жүзеге асырылмапты. Ол жоба аясында аудан орталығынан аквапоникалық ферма ашқалы отыр.

— Аквапоника — балық пен өсімдік өсірудің экологиялық ең таза әдісі. Бұл жобаны қолға алмастан бұрын көп іздендім, зерттедім. Пайдасы мен шығынын есептедім. Мұндай фермалар ел аумағында тек Жамбыл, Алматы облыстарында ғана бар екен. Жоспарымыз бойынша «Zhas Project»-тің аясында берілген қаражат жобамызды толық жүзеге асыруға жетеді, — деді Диана.

Жоба жеңімпазы жылы жай жұмысы екі бағытта дамитынын айтты.

Шабақтарды Алматы қаласынан алдырамыз. Әр шабақтың бағасы — 70 теңге. Бастапқы уақытта 70-75 шабақ әкелеміз. Оның толық өсіп, дамуы үшін шамамен 6 айдай уақыт қажет. Содан соң өнімді сатуға шығара аламыз. Ал балық өсіретін құрылғының бетінде аскөк, қияр немесе қызанақ секілді көкөніс түрлері егіледі. Жобаны мен жазып шыққаныммен, жүзеге асыруыма жолдасым көмектеседі, — дейді ол.

Бауыржан дәнекерлеу қызметін ұсынады

Жеңімпаздардың бірі — Мәртөк ауданы Сарыжар ауылының тұрғыны Бауыржан Ерішев. Ол туған ауылынан дәнекерлеу цехын ашуға ниетті.

Бауыржан — жастайынан темірдің «тілін» тапқан жігіт. Оның темірден жасаған бұйымдарына таныстары қызыға қарайды. Ауылда жұмыссыз жүрген шебер әлеуметтік желіден «Zhas Project» жобасы туралы оқиды. Дереу құжаттарын жинақтап, өзінің көптен бері жүзеге асырғысы келіп жүрген шаруасын қағаз бетіне түсіріп, жобаға қатысуға өтініш білдіреді.

— Бұған дейін қаладағы зауыт-цехтарда жұмыс жасадым. Ауылдан сондай бір орталық ашсам деп жүрген едім. «Zhas Project» жобасы — іздегенге сұраған болды. Негізгі бағытым — темір бұйымдарын жасау және дәнекерлеу қызметін ұсыну. Біздің ауылда мұндай орталық жоқ. Сондықтан бұл қызмет түрлеріне сұраныс жоғары болады деген ойдамын, — дейді Бауыржан.

Ол заманауи құралдармен жабдықталған дәнекерлеу цехында барлық қызмет түрін барынша қолжетімді етуге тырысатынын айтты.

— Цехты үйдің қасынан саламын. Әзірге келушілерге інім екеуміз қызмет көрсетеміз. Егер тапсырыс көлемі артып жатса, болашақта қасыма жұмысшылар аламын, — деді жоба жеңімпазы.

Балаңызда болу керек ойыншық

Ақтөбелік Айбат Жақсығұл «Zhas Project»-ке балалардың ойлау және сөйлеу қабілетін дамытуға оң әсер ететін ойыншықтар жасау туралы жобасын ұсынып, жеңімпаз атанды.

Бүгінде балалардың дамуына әсер ететін ойыншықтар көп. Ал Айбат жасаған ойыншықтардың ерекшелігі — баланың бойында ұлттық болмысты қалыптастыруға септігін тигізеді.

Ата-аналар тарапынан «баламның тілі кеш шықты, әлі күнге дейін түстерді ажырата алмайды» деген шағымдарды жиі естіп жатамыз. Кішкентай іні-қарындастарымның сөйлеу, ойлау жүйесін дамыту үшін қазақи нақышта дамытушы ойыншықтар жасауды қолға алдым. Ойыншықтарда жеті қазынаның, ұлттық аспаптар мен тағамдардың суреттері салынған. Біздің өнімдерімізді 1,5 жастағы және одан үлкен балалар ойнай алады. Біреуінің бағасы 3 мың теңгеден басталады, — деді байқау жеңімпазы.

Кейіпкеріміз осы ойыншықтарды жасайтын арнайы цех ашуды жоспарлап отыр.

Бастаған ісі сәтті жүзеге асып жатса, қаладағы балабақшалар мен балаларға арналған орталықтармен байланыс орнатқысы келетінін айтты.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button