Спорт

Париждегі Олимпиада: тағы бір лицензия қоржында

Ақтөбелік Екатерина Шабалина Парижде өтетін Олимпиадада өнер көрсетеді. Бұл – Ақтөбе облысы спортшыларының қоржынға салған екінші олимпиадалық лицензиясы. Біріншісін еркін күрестен балуан Юсуп Батырмұрзаев жеңіп алған еді.

Триатлоншы бір жыл бойы спорттық додаларда өнер көрсетіп, рейтингте қарсыластарынан басым түсті. Нәтижесінде, төртжылдықтың басты спорт бәсекесі жазғы Олимпиадаға жолдама жеңіп алды.
«Туған күнімнің қарсаңында керемет сыйлыққа ие болдым…. Олимпиадалық лицензия! Өзімнен артық сенген барлық жақындарыма және жанашырларыма зор алғыс! Сіздердің  қолдауларыңыз бұл күнге жеткізді, мені биік мақсаттарға жетелеп келеді… Бүкіл спорттық өмірімдегі негізгі көздегенім – осы жолдама. Жауапты әрі маңызды кезеңді шынайы ризашылықпен қабылдаймын. Басты спорттық шараға екі ай қалды, дайындықты күшейтеміз. Алға!», – деп жазды Шабалина Instagram желісінде.

Екатерина – 26 жаста. Ол – Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2023 жылы Азия чемпионы атанды, құрлықтық Кубоктардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Спортшының бас бапкері – Максим Крят.

Естеріңізге сала кетейік, Олимпиада ойындары 26 шілдеден 11 тамызға дейін Парижде өтеді.

t.me/aqtobe_oblysy_akimdigi

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button