Спорт

Дәрігерлер әріптестерін еске алды

Спартакиада

Облыстық балалар ауруханасы дәрігерлерінің ұйымдастыруымен пандемия кезінде өмірден өткен медицина қызметкерлерін еске алуға арналған спартакиаданың ашылу салтанаты өтті. Спартакиада 2022 жылдан бері жыл сайын мамыр айында дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

Екі апта бойы дәрігерлер, резиденттер және болашақ балалар хирургтері шахмат, дойбы, нарды зияткерлік ойындары бойынша жарысады, үстел теннисінен ептіліктерін сынап, шағын футбол ойнайды.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің балалар хирургиясы кафедрасы жарысқа осымен үшінші жыл қатарынан белсенді түрде қатысып отыр. Бұл жолы олардың қатарына аурухананың медбике бөлімі мен тазалықшылары қосылды.

Балалар ауруханасы дәрігерлері ұйымдастырған спартакиадағақатысушылардан барлығы 60-тан астам өтініш түсті. Ұйымдастыру комитетінің құрамында А.Түсіпқалиев, Е.Андреева, Ж.Баубеков, Қ.Жалмұхамбетов, Д.Ли, А.Батыров, Д.Әмірадинов және А.Мирғазиевтар бар.

Спартакиада басталар алдында жиналғандарға дәстүр бойынша мәжіліс залыныңүлкен экранында пандемия кезінде қайтыс болған дәрігерлердің портреттері көрсетіліп, іс-шараға қатысушылар әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алды. Олардың әрқайсысы туралы жылы естеліктер айтылды.

Балалар хирургиясы кафедрасының профессоры Сағидолла Досмағамбетов:

— Ковид індеті ақ халатты абзал жандардың жадында, тіпті бүкіләлемдік медицинада өшпес із қалдырып кетті. Бар күш-қайратын қауіпті індетпен күресуге жұмсаған түрлі жастағы білікті мамандар дерттің ошағында болып, табанды ерлік пен кәсібіне адалдықтың үлгісін көрсетіп, науқастарды аман алып қалды. Пандемия кезеңінде қайтыс болған дәрігерлердің құрметіне орай бірнеше жылдан бері турнир ұйымдастырыпкелеміз, — дейді.

Іс-шара барысындадәрігерлердің балалар хирургиясы кафедрасының жұмысына сіңірген қызметтері де еске алынды. Олардың бірі — С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің травматология және ортопедия кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Темірболат Сұлтанбаев. Ол 1974 жылдан 1986 жылға дейін Ақтөбе қаласында қызмет етіп, кафедраның бірінші меңгерушісі болған. Сонымен қатар травматология және ортопедия мәселелері бойынша жеті патенттің, бес монографияның авторы ретінде отандық травматологияның дамуына зор үлес қосқан.

Ал кафедра ассистенті, біліктілігі жоғары санатты балалар хирургі Роза Кенжалина қырық жыл уақытын балалар хирургиясы мәселелеріне арнады. Дәрігер түрлі халықаралық конференцияларда М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің және осы оқу орнының ғылыми қауымдастығының мүддесін қорғады.

Қырық жыл анестезиолог дәрігер болған марқұм Қыдырбек Алтаевтың зайыбы кеш ұйымдастырушыларына ризашылығын білдіріп, жас дәрігерлерге аға буын әріптестерінің емдеу ісін адал жалғастыруларына тілектестігін білдірді.

Спорттық жарыстың қорытындысы маусым айында Медицина қызметкерлері күні қарсаңында шығарылады.

Нұргүл АРЫНОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button