Мәдениет

«Күйзеу күз тұнжырайды көшедегі…»

Қуандық ШАҢҒЫТБАЕВ

Күйзеу күз тұнжырайды көшедегі,

Көбейді ағаштың да көселері.

Көк бергек, алтын сырға мырза терек

Жайқалып тұрды емес пе кешелері!

 

Сұрланып қара жауын сырғақ келді,

Білдірмей бір жазымды ұрлап келді.

Оқалап ой мен қырды отамалы

Ойбай-ау, кеше ғана тұрмап па еді!

 

Азынап ақ басқын сөр айналаға,

Ақырар ақпан ертең сай, далада.

Қайысар қайың белі қар зілінен:

— Кетті, —деп, — мамыр маусым қайда ғана?

 

Сосын ба?

Жетер сосын сәуір күні.

Қайран кез!

Жер сорғиды, жауын жылы.

Қуандық, күйзелмеші!

Тірі болсаң,

Өтеді бұл күздің де ауырлығы.

 

Жұмекен НӘЖІМЕДЕНОВ

Күз-көңіл

 

Гулеп кетті жел тұрып маңай тағы,

Кәрі қурай ызыңдап ән айтады.

Мойын жүні үрпиіп жетім торғай

аяныш-сезіміңді молайтады.

 

Аспан тұнжыр, жел үні бір сембейді,

кез келген бір қуысқа кірсем дейді.

Алба-жұлба өңірін қаусыра алмай

ыққа айналып бұталар бүрсеңдейді.

 

Кірлеп кетті-ау мына маң, кірлеп кетті,

жылғадағы лай су ірмек бопты.

Кемпір-бұлттар үңіреңдеп ұршық созып,

сұп-суық жаңбыр жібін дірдектетті.

 

Ұлыма боти іздеп дүкенге еніп…

су өтіп табандардан бүкеңдедік.

Тұнжырап кетті маған қабақ біткен —

аспаным бір айықпай бітем бе өліп?!

 

Бір әйел біздің үйге жылап кірді,

бір түйіншек қайғысын лақтырды.

Бір сыншыны тартып ем шапалақпен,

ол мені бір газетке сынаттырды.

Фариза ОҢҒАРСЫНОВА

 

Ағаштардан әр тайып,

Сидаң тартқан жағалай.

Күні жетпей қартайып,

Күйік көрген анадай.

 

Құстар сайрап салмайды ән,

Көктем нұрын сезінбей.

Жапырақтар сарғайған

Жылдар жауған сезімдей.

 

Жерден озған сән, шырай,

Жел үстемдік құрады.

Қасқыр алған аңшыдай

Желпілдейді тұмағы.

 

Аспанда да жоқ тыным:

Бұлт-тасқындар тоғысып,

Түгескендей оттығын

Оқ-қарусыз соғысып.

 

Бұлт аспанда, жел жерде,

Күз. Ызғырық тұр ұлып.

Алдырмайтын сендерге

Тек біздегі жылылық.

 

Есенбай ДҮЙСЕНБАЙҰЛЫ

Сары бояулар

 

Кешқұрым келіншектер құраулаған

Құлын-жаз қоштасқалы тұр-ау, далам!

Сары ағаш сазға біткен сағадағы

Сары тұман сағыныштан бір аумаған.

 

Сары жел сай қуалап қарсы жақтан,

Сары уыз ақ жұмыртқа аршып аққан.

Биыл да сары аязды қыс бола ма,

Сары күз,

Сары жапырақ,

Сары шуақ таң?!

 

Аулақта тостағанын шайқай қалып,

Сабылды сарыала қаз, айхай, нағып —

Аңқылдап біраз жерге ұшып барып,

Қаңқылдап және артына қайта айналып…

 

Дүние аққу-қазды, аруаналы,

Сарнатты сары ала мұң сары даланы.

Күн қазір Алматыда қалай екен?

Кешікпей Ақтөбеде қар жауады.

 

Нармахан БЕГӘЛИЕВ

 

Салқын сабыр — астан-кестен,

Сайтан желдің сыйларымен.

Секіреді сескенбестен

Жаңбыр сидаң сирағымен.

 

Бұлт тұтаса түтіндейді,

Жиегінде жезі қалмай.

Көлшік сөзін бітірмейді,

Сыпсың-сыпсың сөзуардай.

 

Терең түкпір түнектегі —

Жұрт ұмытқан сырқат кісі.

Күзгі бақты әлектеді

Тарпаң тағдыр бұрқап күші.

 

Жапырақ пен бұтақ жыры

Айрылысу азасындай.

Жүдей-жүдей, жұтап нұры,

Жетті халге жаз осындай.

 

Оралмайды өткенге өмір,

Елжірейсің енді несін?

Тәтті шуақ — көктем көңіл,

Күңгірт күзге көндігесің.

 

Жәркен БӨДЕШҰЛЫ

Күзгі кеш

 

Салқын қырау сырғанап,

Боз шалғынды тұздайды.

Қуарған шөп тырмалап,

Жер бауыры сыздайды.

 

Тұман буып айнала,

Сұрғылт аспан сыздайды.

Ой менен қыр, сайда да,

Қаймақшып, су мұздайды.

 

Сиырлардың түздегі

Желіні жер сызбайды.

Қарияның үйдегі

Аяқ-қолы сыздайды.

 

Шұғыласы суырылып,

Күн көзі де қызбайды.

Тек омырау булығып,

Қыз қойнында сыздайды.

 

Қызық қайда, қыз қайда-ау,

Күңгірт көңіл қызбайды.

Ой, сыздайды-ау, сыздайды-ау,

Біздің жүрек сыздайды.

Айсұлу РҮСТЕМ

Көше лайсаң

 

Көше лайсаң,

Көңілім де лайсаң.

Көрер едің

Менше бір сәт ұға алсаң.

Өлең болып

Ақ қағазға түседі

Кеудемдегі ой

Оянады мұңайсам.

 

Мен қайтемін.

Бақтар қалған үндемей,

Ағаштар да

күзде жансыз сүлдедей.

Ойланамын

Осы бақта отырып,

Ортаямын

оралам деп күнге кей.

 

Жуып-шайып

Жатыр барлық кінәсін,

Аспанның да

Көңілі босап жыласын.

Жүрегімде

Жердің жасыл реңі,

Көзім жасы

Көктен медет сұрасын.

Жанна ЕЛЕУСІЗОВА

 

Қаз да қайтты. Қай маңға

қуып кетті құмай күн?..

Қайғысызға саймаңдар,

көп күлсем… көп мұңайдым.

 

Жүректе үміт — бал сезім,

көтере ме желкенін ?..

Жығылсам да қанша өзім —

Әлі күнге еркемін.

 

Қаздар қалқып төбемнен,

шақыра ма… қайтеді?..

Қиял босап көгеннен

аһ ұра ма…

Әй, тегі!..

 

Ойлар жүйрік.

Тізгін бос.

Артым сағым,

алдым да.

Арман дейтін

біздің Дос

аз әуреге салдың ба?

 

Қаздар, қаздар…

қай маңға

қиқу салып кеттіңдер?

Қайра-ан көңіл жайланбай

өтті күндер… көп күндер…

 

Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ

Күз…

 

Мың жапырақ — мың үміт,

Жатыр жерге жығылып.

Жалғыз… жаяу… келеді,

Жапыраққа сүрініп.

 

Күн реңі біртүрлі —

Күңгірт бояу іркілді.

Жағаласып желменен,

Жапырақтар бұлқынды.

 

Қайыңның пәс қабағы,

Қарт теректер қаралы.

Бала шабақ бүрісіп,

Балапандай тоңады.

 

Мұңлы-мұңлы құс әні,

Мұңлық желмен ұшады.

Бет түзейді қай жаққа

Керуені құсалы.

 

Сары, сары, сары күз,

Сары дала, сарын үз…

Жалғыз адам барады

Жерге тастап жарым із…

 

Емен қылар ірілік,

Неткен жаны сірілік…

Жалғыз… жаяу… қалмашы

Жапыраққа жығылып…

 

Светқали НҰРЖАН

Күз

 

Бетегелі бел жүдеп өктем күз кеп,

Құстар қайтып барады көктемді іздеп.

Жапырақтар — жүректер сыбырлайды:

«Сағыныштан сарғайып кеткенбіз» , — деп.

 

Бөгет болмай құстарға тас матаулар,

Көкке қарап кісінеп қасқа ат аунар.

Биіктіктің қызығын көрмегесін

Аласарып қалғандай таспа таулар.

 

Табиғаттың теперіш, тепкісі көп,

Қасқа дала, қайтесің көп кісінеп.

…Ебелектер елпеңдеп жүгіреді,

Құспен бірге ұшып-ақ кеткісі кеп.

 

Естігенде мұңлы әуен — түзден зарық,

Күзден күдер мен де бір үзген ғаріп.

Екі қолды шарасыз жайып көріп,

Құс соңында барамыз біздер қалып.

 

Сайлар қызғылт,

Қыр күрең — күз желі өпкен,

Туған жерде болған күй бізде де өткен.

…Құмыр-ғұмыр құстарда не арман бар,

Тірісінде көктемін іздеп өткен…

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Жымдасты журек озінмен,
    Саргайган дала. Коныр куз.
    Ботасын жоктар бозінген
    Арманды куган тобырмыз.
    Сонынан еріп киялдын,
    Жапырак кетті узіліп.
    Конілге сансыз куяр мун
    Мендегі солган куз-уміт…
    Қуандық Реймов

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button