Мереке

Тәртіп пен тәрбие ошағы

Полиция күні

Полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында мерекелік іс-шара өтті.Оған институт ардагерлері мен ұжымы қатысты.

Жиында М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының бастығы полиция полковнигі Нұркен Мұхаметқалиев институт ұжымын мерекемен құттықтады.

Біздің ең қымбат құндылығымыз — мемлекетіміздің тыныштығы мен халқымыздың бейбіт өмірі. Басты мақсатымыз — халықтың сенімін ақтау. Осы ретте оқу орны ұстаздарының еңбегі орасан зор. Білім мен ақпарат ғасырында еліміздің ішкі істер саласының өркендеуіне ауқымды үлес қосып келеді. Сіздер жастарға білім мен тәрбие беріп, білікті жас полицейлерді даярлап, адал еңбек етіп жүрсіздер.  Бүгінгі мереке құтты болсын! Еңбекте табысқа жете беріңіздер,— деді институт бастығы.

Сондай-ақ іс-шарада институттың қалыптасуы мен дамуына, жас қызметкерлерді тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін бірқатар ардагер марапатталды.Ардагерлер кеңесінің төрағасы  Валерий Сюняков, оқу орнының имидждік жұмыс және ішкі коммуникациялар бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Жайнагүл Жукаева жиналғандарды мерекемен құттықтады. Бұдан бөлек бірнеше қызметкер Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің Дипломына ие болды.

Бүгін министрлік пен  сапаны бақылау комитеті тарапынан қауымдастырылған профессор атағын алып отырмын. Кәсіби мерекемізбен  тұспа-тұс келгендіктен, қуанышымды еселей түсті. Жалпы, бұл мерекенің біз  үшін орны бөлек. Себебі еліміздің мемлекет болып қалыптасуына, дамуына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуде полиция қызметкерлерінің еңбегі ұшан-теңіз.  Полиция — халықтың қорғаны. Осы сәтті пайдаланып, барлық әріптестерімді мерекемен құттықтағым келеді, — деді жалпы заң пәндері кафедрасының бастығы, полиция полковнигі Айгүл Ибраева.

Сондай-ақ салтанатты іс-шараға қатысқан «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин институт ұжымын мерекемен құттықтап, биылшыға бастағанына 100 жыл толған «Ақтөбе» облыстық газетінің атынан естелік сыйлық табыс етті.

Аталған институт қаладағы мектеп оқушыларына да патриоттық тәрбие беріп, жас кадеттерді оқытады. Іс-шарада М.Дулатов атындағы №63 мектеп-лицейінің кадеті Мөлдір Болат «Полициялар күні» атты өз өлеңін оқып берді. Ал Ф.Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназияның кадеті Мирас Ержамит «Мен қазақтың ұлымын» әнін шырқады. Салтанатты іс-шараның соңы концертке ұласты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button