Басты жаңалықтарЖастар

Еңбек маусымы басталды

Жасыл ел

Биылғы жазғы еңбек маусымы сәуір айында басталды. Қазір Ақтөбе қаласы бойынша «Жасыл ел» жасағында 282 жас еңбек етіп жатыр. Олар қаланы тазарту, абаттандыру, сондай-ақ құрылыс жұмыстарына жұмылдырылған.

«Жасыл елдің» XX маусымы

«Атамекен» студенттік құрылыс отрядтары және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары штабының маманы Артур Азиевтің айтуынша, еңбек маусымы аясында 2000-нан астам жас еңбекке тартылады. Жұмыс жылдағыдай үш бағытта (құрылыс, абаттандыру және көгалдандыру) жүргізіліп жатыр.

—  Көктемгі су тасқынына байланысты биыл еңбек жасағының жұмысы сәуір айында басталды. Ақтөбе қаласы бойынша — 269, Қобда ауданынан  — 3, Шалқар ауданынан 10 адам «Жасыл ел» жасағында жұмыс істеп жатыр. Еңбек жасағы 11 мердігер компаниямен жұмыс жасап, көшелерді көркейту, абаттандыру жұмыстарына жұмылдырыладытұрғын үйлердің кіреберісін әктеп, тазартадыгүл егіп, суарады. «Жасыл елге» 16-дан 35 жасқа дейінгі кез келген жас қатыса алады. Ал құрылыс отрядтарына 18 жасқа толғандар ғана жіберіледі. Жұмысқа қабылданған жастардың әрқайсысымен жеке еңбек шарты жасалып, ай сайынғы жалақылары банк карталарына аударылады, — дейді А.Азиев.

Оның айтуынша, «Жасыл ел» еңбек жасағының жастары экологиялық акцияларға да белсенді қатысып жатыр. Жуырда олар «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Маржанбұлақ ауылындағы «Асыл су» бұлағында «Бұлақ көрсең, көзін аш» атты экологиялық акциясына атсалысты.

Дәстүрлі акцияның мақсаты — өлкенің экологиялық жағдайын жақсарту, бұлақтарды қорғау мақсатында сол маңға тазалық жұмыстарын жүргізу, тұрғындарды табиғи ресурстарды аялауға үндеу. Акция аясында белсенді жастар бұлақ айналасын тұрмыстық қалдықтардан, қоқыстардан тазартып, қоршауларды, орындықтарды сырлап, ағаштарды әктеді. Тазалық жұмыстарына белсенді қатысқан 15 сарбаз Ақтөбе облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары штабының Алғыс хаттарымен марапатталды, — дейді ол.

Оның айтуынша, тұрғындарының кейбірі жеке тұрғын үйлерінің аулаларын уақтылы тазартпайды. Соның салдарынан арықтар қоқыстармен бітеліп қалады.

— Алдағы уақытта Сазды, Қарғалы су қоймалары мен арықтарды күл-қоқыстан тазартуды жоспарлап отырмыз. Еңбек маусымы аяқталғанша «Таза қала — таза жағалау», «Бұлақ көрсең, көзін аш» секілді акцияларды ұйымдастырмақпыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елді мекендер мен қоғамдық демалыс орындарын күтіп-баптау әкімдер қызметін бағалаудың тағы бір өлшемі болмақ. Тек жастар ғана емес, барша қала тұрғындарын тазалық жұмыстарына белсенді қатысуға шақырамын, — дейді ол.

Артур Азиевтің айтуынша, «Жасыл ел» жасағында жұмыс істеп жатқан жастардың бір бөлігі жеке аумақтарға, яғни басқару компанияларына бөлінген. Олар көп қабатты үйлердің аумағын тазартып, абаттандырады.

Жұмыс жасағысы келетін жастар көп. Биыл «Жасыл ел» жасағында еңбек еткендерге берілетін еңбекақының мөлшері өсті. Қазір студенттер ай сайын 130-160  мың теңге көлемінде еңбекақы алады. Онымен қоса ай сайын жұмыс формаларын, апта сайын жұмыс қолғаптарын алады. Аптасына бес күн жұмыс істеп, екі күн (сенбі, жексенбі) демалады. Жұмыс кестеге сай таңертең 8.00-ден кешкі 17.00-ге дейін жалғасады. «Жасыл ел» жасағының жастары бос уақытында қайырымдылық акцияларын өткізеді. Мәселен, еңбек жасағының жастары сәуір айында су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде ұйымдастырылған «Ардагерлерді ардақтайық!» акциясына атсалысты. Олар Ақжар елді мекені мен Тұрғындар қалашығы маңындағы бау-бақша ұжымдарында тұратын ерлі-зайыпты ардагерлердің үйіне барып, олардың аулаларын, бау-бақшаларын тазартып, көмектесті, — дейді А.Азиев.

Артур Азиевтің айтуынша, маусым-шілде айларында «Жасыл ел» жасағының жауынгерлері үшін футбол мен волейболдан жарыс ұйымдастырылмақ. Биыл жазғы еңбек маусымы тамыз айының аяғында аяқталады. Еңбек маусымының жабылуы қарашада өтеді және үздік жауынгерлерге облыс әкімінің арнайы сертификаттары, сыйлықтары табысталады.

—  2005 жылы республика бойынша алғаш рет «Жасыл ел» жобасы елімізде қолға алынған-ды. Аталған жоба бүгінде сәтті жүзеге асырылып келе жатыр. Жастар жаз бойы абаттандыру жұмыстарына қатысып, шаһарды көркейтуге өз үлестерін қосып келеді.  Бұл, бір жағынан, жастарды еңбекке баулу, екінші жағынан, оларға  әлеуметтік көмек беру мақсатында қолға алынған бастама.

Біз ынталандыру үшін ай сайын «Жасыл ел» жасағында белсенді жұмыс істеген студенттерді «Ең үздік жауынгер», «Ең үздік командир», «Ең үздік жасақ», тағы басқа номинациялармен марапаттаймыз. Бұл жастарды еңбекке құлшындырады, олардың белсенділігін арттырады. Ал күзде жылдың қорытындысы кезінде ең үздік 100 жауынгер марапатталатын болады, — дейді ол.

Жауынгерлер не дейді?

Дана ТӘЖІҒҰЛОВА, экогвардия командирі:

— Жоғары гуманитарлық колледжінде оқимын. Еңбек жасағында 16 жасымнан бері еңбек етіп келемін. Бүгінде Ақтөбе орман шаруашылығына қарасты «Мағаджан» тәлімбағында көгалдандыру бағыты бойынша жұмыс істеп жатырмын. «Жасыл ел» талай жастың жаз айларында жұмыс жасап, ақша табуына септігін тигізді. Соның арқасында дос таптық, марапатқа ие болдық. Барлығымыз қатарлас болғандықтан уақыттың қалай тез өтіп кеткенін байқамай қаламыз. Аптасына бес күн таңертеңгі сағат 8.00-ден кешкі 17.00-ге дейін жұмыс істеп, екі күн демаламыз. Қаламызды көркейту мақсатында «Таза қала — таза жағалау», «Бұлақ көрсең, көзін аш», «Туған қалаңа ағаш сыйла!», «Ардагерлерді ардақтайық!» секілді акцияларға қатыстық. «Жасыл елдің» жастары өздеріне міндеттелген жұмыстарды істеп қана қоймай, бос уақытында қаламызда өтетін экологиялық акцияларға да атсалысады. Өткен жылы «Jasyl Cross» атты экологиялық марафонға қатысып, арнайы Алғыс хатқа ие болдым. Сүйікті қаламызды таза ұстау баршамызға ортақ іс, жас буынға үлгі-өнеге.

Нұрай СЕЙІЛХАНОВА,

экогвардия командирі:

— «Алтын құм» мердігер компаниясында жұмыс істеп жатырмын. Ақшамызды тауып, ата-анамызға көмектесіп жатырмын. Ай сайын уақытымен еңбекақымызды алып тұрамыз. Түскі үзілісте табиғат аясында тамақтанамыз. «Жасыл ел» жасағында еңбек етіп жатқаныма қуаныштымын. Бұл жерде бәрі көңілді, қызықты өтіп жатыр. Жасақ сарбаздары «Ардагерлерді ардақтайық!» акциясына қатысып, үлкен кісілердің батасын алды. Мұндай акциялар үлкендерімізді құрметтеуге, оларды қартайған шағында жалғыз қалдырмауға үндейді. Барлығымыздың ата-әжеміз, ата-анамыз бар. Қарияларға құрмет көрсетіп, қол ұшын созу әрқайсысымыздың міндетіміз деп білемін. Ал «Жасыл ел» сондай ұйымшыл жастардың басын қосып, игі іс жасауына сеп болып отыр.

Бекнұр ОРЫНБАСАРОВ,

экогвардия командирі:

«Жасыл ел» еңбек жасағында екі жыл қатарынан еңбек етіп келемін. Былтырғы еңбек маусымында тал егіп, абаттандыру жұмыстарына атсалыстым. Биылғы еңбек маусымына Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінен 30-ға жуық жас қатысып отыр. Олар «KMD group» және «SAMGAU-2030» мердігер компаниясында жұмыс істеп жүр. Одан бөлек бос уақытымызда колледж ұжымымен бірлесе тазалық жұмыстарын жүргіземіз. Тазалық мәдениеті өзімізден басталады. «Еңбектің наны тәтті» дегендей, адал еңбек етіп, табысқа жету — менің алға қойған мақсатым. Ал «Жасыл елде» арманды ақиқатқа айналдыруға мүмкіндік бар. Мұнда белсенді жастарға марапат беріп қана қоймай, еліміздің бас қаласы Астанаға жолдама береді. Сондықтан ата-анамның үмітін ақтап, қатарымның алды болғым келеді.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button