БілімБасты жаңалықтар

Соңғы қоңырау: ерекшеліктер мен артықшылықтар

Бүгін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев еліміздегі «Алтын белгі» аттестатына үміткер түлектермен кездеседі. Іс-шара онлайн режимінде өткізіледі.Министрмен кездесуде Мақсот Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Әділжан Бақтыбаев сөз сөйлейді. 

Биыл оқу жылы  25 мамыр күні аяқталады. Осы күні 9236 түлекке арналып  соңғы қоңырау соғылады.  12-15 маусымда аттестаттарды табыстау рәсімі ұйымдастырылады.

Биылғы оқу жылында мемлекеттік және жеке мектептердің табалдырығын аттаған 18 870  балдырған алғаш рет соңғы қоңырау сыңғырына куә болады.

Біз оқу жылының аяқталуы туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуовамен сөйлескен едік. Сонымен…

Қарбаласқа толы кезең

Соңғы қоңырау рәсімі — мектептегі ең жарқын іс-шаралардың бірі. Бұл рәсім әр түлектің өміріндегі ең бір ерекше, ең бір маңызды оқиға ретінде де есте қалады. Қазір өңірдегі 9 мыңнан астам түлектің тірлігі қарбаласқа толы. Олардың бәрі күнделікті сабақты оқумен бірге мектеп бітіруге арналған салтанатты шараға қызу дайындалып жатыр.Жүйелі түрде ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалып, бұл сынақтың маңызды міндет, үлкен жауапкершілік екенін де сезінуде. Біз, педагогтер, түлектеріміздің көңіл толқынысын, ішкі жан тебіренісін жақсы түсінеміз. Олардың болашағы жарқын болуына шынайы тілектеспіз.

25 мамыр күні түлектер үшін оқу жылының аяқталуына арналған «Мектебім, саған мың алғыс!» тақырыбында салтанатты шара өткізіледі, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

Оның айтуынша, 24 мамырда барлық білім беру ұйымында 1-10 сынып оқушыларына «Білімім — Отаныма» атты бірыңғай тәрбие сағаттары ұйымдастырылады. Тәрбие сағаттарында балалардың жыл бойғы білім жетістіктері мен қоғамдық белсенділіктері туралы кеңінен айтылады. Сондай-ақ балалардың Отанға деген құрметін арттыру мақсатында оларға патриоттық тақырыпта шығармалар мен өлеңдер оқу, еліміздің маңызды да көрікті жерлері туралы ақпараттармен бөлісу, тарихи-мәдени ескерткіштер мен қазақтың батырлары туралы әңгіме-аңыздардан үзінділер келтіру ұсынылады. Сонымен қатар осы күні 9, 11-сынып түлектері  «Мен. Мектеп. Ұстаз» тақырыбында эссе жазады. Онда олар өзінің оқып шыққан мектебіне ыстық ықыласын, ұстазға алғысын білдіреді.

Қазір табиғат апатының кесірінен үш аудандағы — Қобдадағы 1 мектеп, Ойылдағы 2 мектеп, Ырғыздағы 4 мектептің оқушылары өзге білім беру ұйымдарында білім алуға мәжбүр болып отыр. Мысалы, М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-лицейінде Ойыл ауданындағы Ш.Берсиев атындағы орта мектебінің 21 баласы білім алып жатыр(Олардың 4-еуі — «Алтын белгі» аттестатынан үміткер). 25 мамыр күні Ш.Берсиеватындағы орта мектебі және Қобда ауданындағы И.Тайманов атындағы гимназияның оқушылары өз мектептерінде өткізілетін соңғы қоңырау рәсіміне қатысатын болады.

Шығанақ Берсиев атындағы мектептің түлектері үшін облыстағы үздік мектептердің бірі — Мақсот Құсайынов атындағы мектеп-лицейде арнайы сынып ашылды. Аталған білім шаңырағының мұғалімдері балаларға көмек ретінде тегін сабақ беріп, тестілеуге дайындап жатыр. Бұл балаларға аталған білім шаңырағының ұстаздарымен бірге үздік оқушылары да  қолдау, көмек көрсетуде. Мысалы, 11-сынып оқушысы, «Алтын белгі» аттестатынан үміткер Әділжан Бақтыбаев дайындаған оқушы Бекнар Қаратай Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті ұйымдастырған пәндік олимпиадада жеңімпаз атанып, екеуі де 1 жылға оқу грантын ұтып алды.

2017 жылы Темір ауданындағы №1Шұбарқұдық мектеп-гимназиясының бастауыш сыныбын бітірген Әділжан сол жылы дарын лицей-интернатының 5-сыныбына қабылданды.  Ол — математика пәнінен облыстық пәндік олимпиаданың жүлдегері,  география пәні бойынша республикалық жасөспірімдер олимпиадасының жеңімпазы. Дебат клубының мүшесі, үздік спикер. Республикалық «ХХІ ғасыр көшбасшысы» интеллектуалдық сайыстың жеңімпазы.  Қаңтар және наурыз айларында ұлттық бірыңғай тестілеуден 131 балл жинады. Арманы — болашақта ақпараттық технологиялар саласының үздік маманы болу.

Бүгін өтетін Ғани Бектайұлымен кездесуде Әділжан сөз сөйлеп, министрмен ой бөлісетін болады, — дейді Нұргүл Лескенқызы.

Оның айтуынша, түлектерге арналған іс-шараларды ұйымдастыру барысында  аниматорларды, агенттіктерді, жеке студияларды тартуға, мерекелік дастарқан ұйымдастыруға, жалға берілетін автокөліктерді пайдаланып, қалада немесе қала сыртында экскурсиялар өткізуге, әкімшілік пен педагогикалық ұжымға сыйлыққа қаражат жинауға рұқсат етілмейді.

Білім сапасы және қорытынды емтихан 

Өңірдегі 429 мектепте179 892 оқушы білім алып жатыр.Оның ішінде 9-сыныпты бітіретін, яғни орталау білім алғандығы жөнінде куәлік берілетін оқушылардың саны — 15 282. 1423 оқушы (9,3 пайыз) — негізгі орта білім туралы үздік аттестатқа үміткер. 11-сыныпта оқитын 681 бала (7,4 пайыз) — орта білім туралы үздік аттестатқа үміткер. «Алтын белгі» аттестатына үміткерлердің саны — 490 түлек (5,3 пайыз).

Өңірде наурыз-сәуір айларында 8 аудан (Алға, Әйтекеби, Темір, Ойыл, Қобда, Хромтау, Мұғалжар, Ырғыз) мен Ақтөбе қаласында су тасқыны болды. Қазір жағдай тұрақталып, оқу процесі негізінен дәстүрлі форматта ұйымдастырылуда. Ақтөбе қаласы  мектептерінің базасында орналасқан барлық 16 пункт басқа орындарға көшіріліп, 17 сәуірден бастап сабақ толығымен дәстүрлі форматқа көшірілді.

Сәуірдің соңына дейін Ойыл бен Ырғыздағы 9 мектепте (2146 оқушы үшін) оқу процесі қашықтан ұйымдастырылды.

Оқу-ағарту министрлігінің қолдауыменОйыл ауданындағы 5-8,10-сыныптағы (109) және 9,11-сынып оқушылары (52), сондай-ақ Ырғыз ауданы бойынша  қашықтан оқытылатын 8 мектептің  5-8 және 10-сынып (855) оқушылары аралық емтиханнан (қазақ тілінен), 9,11-сыныпты бітіруші 280 оқушы қорытынды аттестаттаудан босатылды. Емтиханнан босатылатындар қатарында 15 «Алтын белгі» аттестатының үміткері бар. Олар бекітілген ережеге сәйкес мемлекеттік емтихандарға қатысып, білімдерін дәлелдеуі қажет. Қазір оларды аудан орталығындағы бір мектептің базасында тапсыру мәселелері қарастырылып, ата-аналармен түсінік жұмыстары жүргізілді.

Облыс бойынша 9-сыныптың 15 066 және 11-сыныптың 9113 түлегі мемлекеттік емтихандарды  тапсырады. Оның ішінде су тасқынынан ғимараты зардап шеккен Қобда ауданының Исатай Тайманов атындағы гимназиясының оқушылары (9-сынып— 19, 11-сынып — 22) ауданорталығындағы Қобда қазақ орта мектебіндесынақ тапсыратын болады. Ал Ойыл ауданының Екпетал мектеп-балабақшасының 9-сынып түлектері (7) үшін мемлекеттік емтихан Жақия Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінде өткізіледі, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

Айта кету керек, осы тоқсанда барлық мектепте 2-11 сынып оқушыларына (160 476 оқушы) бөлім бойынша (БЖБ) және тоқсан бойынша (ТЖБ) жиынтық бағалау өткізу тоқтатылды.

ҰБТ: жаңа мүмкіндіктер

Ұлттық бірыңғай тестілеу облыстағы 2 пунктте (Ақтөбе  және Шалқар қалаларындағы USTUDY орталығы базасында) екі кезеңде өтеді. Биылғы негізгі ҰБТ-ға тіркелу 6 мамырда басталды, 20 мамырда аяқталады. Қазіргі уақытта 8342 түлек (90,2 пайыз) тестілеуге тіркелген.

Біздің облыстың түлектері үшін ҰБТ өткізу мерзімі: 25 мамыр — 12 шілде.

Жоғары білім және ғылым министрлігі біздің өңірде болған су тасқыны жағдайын ескере отырып, облыстың түлектеріне тестілеуге дайындалуға көбірек уақыт беру мүмкіндігін қарастырып отыр. Соған байланысты біздің түлектер үшін сынақты жеке кесте бойынша өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ егер талапкерлер осы алдағы мамыр-маусым айларындағы (ереже боынша 16 мамыр – 5 шілде аралығы) ұлттық бірыңғай тестілеуден төмен балл жинаған жағдайда, білім беру грантын беру конкурсын өткізу кезінде қаңтар, наурыз айларындағы (ақылы) сынақ қорытындысы бойынша ең жақсы нәтижесін есепке алу мәселесі пысықталады.

Сонымен қатар батыс өңірлерінің жастары үшін 3200 нысаналы грант жеке жоспарланып отыр, қосымша нысаналы гранттар бөлу мәселесі пысықталуда, — дейді Нұргүл Лескенқызы.

Түлектер ҰБТ-ға қатысу үшін Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайты немесе UTO қосымшасы арқылы тіркеледі. Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайды. Бұл ретте олар екі мүмкіндік үшін бейіндік пәндердің бір ғана комбинациясын белгілейді.

Ұлттық тестілеу орталығының хабарлауынша, оқу жылының басында ҰТО сайтында тест тапсырмалары құрастырылған оқулықтар тізімі мен тест жоспары; Қазақстан тарихы және дүниежүзі тарихы пәндері бойынша 100 тарихи дата тізімі; информатика пәнінен терминдер тізімі; қазақ әдебиеті және орыс әдебиеті бойынша әдеби шығармалар тізімі жарияланды.

Тестілеу форматында өзгерістер жоқ. 2024 жылғы талапкерлер үш міндетті және таңдау бойынша екі пәннен тест тапсырады. Оқу сауаттылығы мен математикалық сауаттылық міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарды. Бұл бейіндік пәндер бойынша сұрақтар санын 40-қа дейін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылды.

Осылайша ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы 120 сұрақ. Оның ішінде қазақстан тарихынан 20 тапсырма, оқу сауаттылығынан — 10 тапсырма, математикалық сауаттылықтан 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма. Жоғары балл — 140, ол да өзгеріссіз қалды.

Тестілеудің жалпы уақыты — 4 сағат (240 минут). Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қосымша 40 минут уақыт беріледі.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button