Тағзым

Ұлағаты мол аға еді…

Ұлтымыздың рухани құндылықтарын сақтау, дəріптеу мəселелеріне қатысты ел алдында өз пікірін айтқан, кезінде тер төгіп қызмет еткен абзал азаматтар, алдымыздағы абзал ағаларымыз дүниеден өтті дегенде, бұл өмірдің жалған екені еске түседі. Сондай жақсылардың бірі абыз ақсақал Орынбасар Оразов еді. Ол да осы жылдың сәуір айында мəңгілік мекеніне аттанды.

Орынбасар аға 1934 жылдың 1 тамызында Шалқар ауданындағы Алақозы ауылында дүниеге келген.Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі және әдебиеті факультетін 1962 жылы бітіріп, еңбек жолын Шалқар ауданының Аяққұм мектебінде қазақ  тілі мен əдебиетінен сабақ беруден бастады. Одан кейін Аяққұм және Дамбар мектептерінде директор қызметін атқарды.

Ол өте қарапайым адам болатын. Өзін ешқашан жоғары бағаламайтын. Бүгінгі жаһандық дəуірде жас ұрпақты тәрбиелеуде, елдің шежіресі мен тарихын дәріптеуде үлкен еңбек сіңірді. Орынбасар ағамыз әрқашан осы азамат ертең ел алдында сөйлеп, өз пікірін айтады деген жастарды көп ішінен іздеп тауып, жанына жақын санап, тәрбиелеп, сырласып, сыйласып жүретін. Қай уақытта да көңіл  жарастығы, іштей түсіністігі сезіліп тұратын. Біз үшін Орынбасар аға ілгері буын арасындағы сондай қимас та қадірліадамдардың бірі болды.

Ел тарихын жақсы білетін Орынбасар аға жас жағынан арамызда алшақтық болғанымен, ізін басып келе жатқан інісі есебінде, ағалық қымбат мінезін сездіріп, қамқорлап жүретін әрқашан сезетінмін. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымында 2003 жылдан 2014 жыл аралығында бастапқыда жауапты хатшы, кейін төрағаның орынбасары қызметтерін атқарды.Мемлекеттің тіл саясаты Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделетіндігін түсіндіріп, ел тарихындағы,білім, бұқаралық ақпарат, мәдениет, өнер, экономика, ғылым,саясат, қорғаныс салаларында  мемлекеттік тіліміздің өрісінің кеңеюі жолында жұмыс жасады.

Ең бастысы, қаламыздағы және облыстағы  ана тіліміз төңірегіндегі көптеген шешуін күткен проблемалардың түйінін табуда өзінің азаматтық ұстанымын көрсете білді және ана тілімізге деген көзқарастар мен  психологиялық ахуалдың  өзгеруіне өлшеусіз үлес қосты.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымының негізін қалап, ұйымдастырған белгілі ғалым, біртуар азамат Мұхтар Арынов болатын. Ал қаламыздағы «Қазақ тілі» қоғамын әр жылдарда Марат Мырзағұлов, Рамазан Нұржанов, Келдібай Еспағамбетов, Ниетжан Беріков, Аманғали Сәтеров, Әбдіраш Есмахан және т.б. ағаларымыз басқарды. «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымының төрағасы болған Кемейдолла Төлеубаевпен бірге осы абзал азаматтардың қатарында Орынбасар Оразов та болды.

Сол кезде мен «Қазақ тілі» қоғамының Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетіндегі бастауыш ұйымының төрағасы едім.Жеке мұрағаттарымды қарап отырсам, қолжазбаларымда көптеген асыл ағаларымыздың сөйлегенсөздерін қағазға түсіріппін.Мемлекеттік тілге қатысты болатын мәжілістерде үлкендердің сөздерін ықыласпен тыңдайтынбыз.

Ол уақыттағы жиындар өзгешелеу өтетін.Қазіргі Amanat партиясы орналасқан ғимараттың екінші қабатында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымы жиналыстарының күн тәртібінен бастап,барлық құжаты дайындалатын.

Орынбасар Оразовкөптеген еңбек жолынан өтіп, ілгерідегі ел басқарған ағалармен иық тірестіріп жұмыс жасады. Ол 1968-1975 жылдары «Шалқар» және «Бершүгір» кеңшарларында партия комитетінің хатшысы, 1976-1979 жылдары — аудандық кино жөніндегі кеңестің төрағасы, 1979-1984 жылдары аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болып қызмет атқарғанда  жинаған мол еңбек тәжірибесі кейін «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының жауапты хатшысы, төраға орынбасары болғанда анық байқалды.

Адамға барлық нәрсе ізденіспен, оқумен, еңбекке деген құштарлықпен келетіндігі белгілі. Əрине, бұның бəрі біржақты қарайтын дүние емес. Бірақ оның түп негізінде қоғамдық қадағалау мен ұлттық тəрбиенің рөлі зор. Сондықтан жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, бүгінгі заманға сай тəрбие мен білім беру басты міндет екенін, халқымыздың ұлттық тəрбиесі қашанда жас ұрпақты жаңашылдыққа, елжандылыққа баулу екенін жақсы түсіне білді.

Ұлағатты ағаның ұстаздық қызметі жөнінде бөлек әңгіме қозғауға болады. Оның М.Оспанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік медицина академиясының аға оқытушысы, Ақтөбе мемлекеттік заң институтының аға оқытушысы,Қазақ-орыс халықаралықуниверситетінің оқу-әдістемелік жұмыстарды мемлекеттік стандартқа келтіру жөніндегі инспекторы болған еңбек жолы кейінгі ұрпаққа үлгі болатындығы сөзсіз және оны мінсіз атқарды десек те артық емес.Осы жұмыстарды атқара жүріп бірнеше әдістемелік және көмекші оқу құралдарын жазды.Олардың қатарында  «Студент лексикасына заң терминдерін енгізу және орыстілді аудиторияларда қазақ тілін оқытудың тиімді жолдары», қазақ тілі мен орыс тілінен сабақ беретін мұғалімдер мен студенттерге арналған оқу құралы, «Межелік тесті бақылауын жүргізудің түрлері мен әдістері», «Қазақ тілін оқытудың жалпы дидактикалық принциптерін пайдалана отырып, құрмалас сөйлем тақырыбын таныту жолдары мен әдістері», тағы да басқа әдістемелік көмекші құралдары бар.

Абзал ағаның тағы бір қыры, кеңестік уақыттың өзінде де, кейін тәуелсіздік алған жылдарда да қоғам өмірінің қалтарыстарын терең біліп, өзі өмір сүріп отырған ортаның жақсы жағымен қатар,келеңсіз тұстарын да елеп-екшеп, өз пікірін білдіріп отыратын. Бірнеше дәуірдің дәмін татқан, сол заманның тәрбиесін көрген азамат ағамыз елдің тарихын, оның ішінде өзі туып-өскен Шалқар өңірінің өткенін жақсы білетін және де оны әдемілеп айтып жеткізіп отыратын. Қашан көрсең де өзіне тән сыпайы мінезімен, сырбаз қалпымен сәл ғана жымиып, бар ықылас-ниетімен кездескен адамына сәлемдесетін еді.

Өзінің жақын тұтатын адамдарымен, інілерімен кездескенде жарасымды, қызық әңгімелерін айтып, еріксіз қасына үйіріп алатын ерекше бір жан еді.Ол кісімен әңгімелесу, дидарласу адамға бір ғанибет әкелетін, күш-қуат беретін, өзінің жайдарылығымен, адамға деген бар ынтасымен, әдемі, әзіл сөздерімен тыңдаушысын баурап алатын. Кейде сол әңгімелерінің ар жағында терең ой, парасатты пайым, мәні мол мағына жататынын аңғаратын едік.

Елдің тарихымен қатар, ата-баба рухын да қастерлеп, ел ішіндегі аңыз әңгімелер мен тарихи оқиғаларды айрықша қастерлеп, оны жинап, кейінгі ұрпаққа мұра қылып жеткізудегі еңбегі орасан зор.«Ақылды адамға иман парыз, иманды адамға ғибадат парыз, бүгінгі парықтау, өз дәуірінің, өзің өмір сүріп жүрген ортаның, уақытының парқы мен нарқын айыра білу һәм оны айшықтай алу — адам үшін парыз.Кешегі — кешегілердің үлесі, ертеңгі — ертеңгілердің үлесі» деп хакім Абай айтқандай, ол мәдени-рухани бағыт-бағдар,ұлттық тәрбиені қазақ жастарының бойына сіңіруде талмай қызмет еткен ұлағатты ұстаз болды.

Кезінде «Қазақстан-Ақтөбе» телекомпаниясын басқарған кезінде Раукен Отыншин абыз ағамызбен көп жүздесіп, әңгімелескенін айта келіп, «Қайырлы таң, Ақтөбе», «Сәті түскен сұхбат» және т.б. сол кездегі телехабарларға қатысқанын еске алады. Осы хабарларда абыз ақсақал екі ғасыр тоғысқан тұстағы қазақ жастарының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі мен мәдениетінен айырылып қалмауды, өзінің табиғи даму үрдісінен ауытқып, дәстүрлі емес жолға түсіп кетпеуді, ана тіліміз бен тарихымызды біліп,оны қастерлеуді жастарға түсіндіріп өтті.

Құндылықтардың қасиетін терең  түсініп, руханиятымызды биікке көтеру ұлттың тамырын тереңге жіберу деп түсінетін ағамыз. Ол осы бағытында жан аямай жұмыстанды. Оның бір тиімді жолы ата-бабамыздың тарихын түбегейлі зерделеу  деп білді.

Ата-бабалардың ардақты есімін ұлықтауға, Шалқар өңірінен шыққан батырлар мен би-мырзалардың, ақын-жыраулардың өмірі мен шығармашылығын тарих қойнауынан бері шығарып, кейінгі ұрпаққа қапысыз жеткізуде ол тынбастан еңбек етті.

Еліне, халқына адал қызмет еткен абзал азаматтың еңбегі жоғары бағаланып,«1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының, облыс әкімінің Алғыс хатымен  бірнеше рет марапатталды. 1967 жылы Қазақ КСР мұғалімдерінің IV съезіне делегат болып қатысты.

Орынбасар ағамыздың ерен еңбегі елдің есінде мәңгі сақталады деген ойдамыз. Қалың көпшіліктің алдында өзіне тән жағымды дауысымен елдің тарихы мен шежіресі, өткен жылдардың өнегесі туралы сөйлей жөнелгенде, бойынан иманы мен нұры қатар төгіліп тұрғандай болатын. Бұл ретте ол еліміздің ұлттық құндылықтарын үнемі алға шығарып дəріптеп, жастарды ұлттық болмысынан айырып алу қаупі басым екенін облыстық, қалалық мәжілістерде сөйлеген сөздерінде түсіндірумен өтті.Осының барлығын іске асыруда қайтарымы мол, тиімділігі жоғары, келешегі кемел мақсат қоя білуіміз маңызды, сондықтан да рухани жаңғыру үрдісін ең алдымен отбасы, бала тəрбиесі мен жастардың рухани өсуінен бастауымыз керек дегенді де баса айтатын.

Қоғам мен халық, тіл мен  мəдениет арасындағы байланысты насихаттауда үзбей атсалысқан, ой толғауы бөлек айтулы абыз ақсақалдың,асыл азаматтыңесімі де,халыққа жасаған қызметі мен сөзі де оны жақсы білетін замандастарының жадында бірге жасай бермек.

 Нұрдәулет АЛДАШЕВ,

филология ғылымының кандидаты, доцент,

халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Ақтөбе қалалық ұйымының төрағасы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button