Мәдениет

Кітапхананың қолы ұзарды

Жаңа жүйе

Сазды елді мекеніндегі кітапхана Ақтөбе қаласы бойынша екінші болып модельді кітапхана атанды. Осыған орай жұма күні аталмыш кітапхананың ашылу рәсімі өтті.

Жаңа жүйемен ашылған кітапхана кешіне облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нәзира Табылдинова, «Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ бастығы Маржан Қорғанбаева, БАҚ өкілдері, кітапханашылар мен ауыл тұрғындары қатысты.

Сазды елді мекеніндегі кітапхана 2007 жылы ашылған. Кітапхана қорында қазір 16117 дана кітап бар. Өңірлік «Селолық кітапханаларды жаңғырту» бағдарламасына сәйкес жаңа технологиямен қамтылған кітапхана қызметкерлері оқырмандарын енді электронды каталог арқылы қажетті кітаптармен қамтамасыз ете алады. Осы ретте кітапханаға үш жаңа компьютер, факс телефоны тарту етіліп, «Байнур и П» ЖШС желісі арқылы интернет желісіне қосылды.

— Кітапханамыздың оқырмандары — оқушылар мен зейнеткерлер. Алайда біздің қорымызда қазақ тіліндегі кітаптар саны аз. Кітапханамыздың модульдік мәртебе иеленуі — біз үшін зор қуаныш. Енді біз оқырмандарымызға қажетті мәліметтерді ғаламтор арқылы ала аламыз. Кітапханада электронды каталог жүргізу үшін «Рабис» бағдарламасының «Рабис-каталогизатор», «Рабис-іздеу», «Рабис-тіркеуші» модульдері енгізілді. Жаңа технологияның енуі оқырмандардың аз уақыт ішінде іздеген тақырыбын тез табуына ықпал етеді, — дейді  кітапхана меңгерушісі Нұриля Оразбаева.

Қазір «Селолық кітапханаларды жаңғырту» бағдарламасына, 2011-2015 жылдарға арналған қаланың Стратегиялық даму жоспарына сәйкес елді мекендердегі кітапханалардың деңгейін көтеру үшін арнайы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бағдарлама аясында алдымен Қарғалы селолық округіндегі кітапхана модульдік мәртебе иеленді. Енді өзге елді мекендердегі кітапханалардың жұмыстары реттеледі.

Аймақтық бағдарлама бойынша кітапханаларға жаңа жүйе енгізілуінің басты мақсаты — оқырмандарды заман талабына сай ғаламтормен қамтамасыз ету. Сонымен қатар материалдық-техникалық базаны жаңарту. Қазір қалалық кітапханаларда мемлекеттік тілдегі кітаптар саны аз, әрі кітап қоры ескірген. Кейде оқырмандар іздеген кітаптар табылмай жатады. Осы себепті кітапханаға жаңа технологияның енуі тиімді. Егер кітапхана қорында оқырман іздеген кітап болмаса, кітапханашы интернет арқылы қажетті материалды электронды каталог арқылы таба алады. Бұл кітапханашы үшін де, кітапсүйер қауым үшін де тиімді, — дейді  «Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ бастығы Маржан Қорғанбаева.

Шара барысында облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нәзира Табылдинова құттықтау сөз алып, кітапхана басшысына Алғыс хат табыс етті.

Жиында сөз алған С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры Несібелі Жұмағұлованың айтуынша, республика бойынша модельді кітапхана ашу жағынан Ақтөбе 3-орында тұр екен. Бұл көрсеткіш ақтөбеліктер үшін зор мақтаныш екенін айта отырып, ол Сазды елді мекенінің кітапханашыларына С.Жиенбаевтың отыз тоғыз кітабы мен аудармалары, баспасөзде жарияланған материалдары жинақталған дискі табыс етті. Сонымен қатар «Бір өлке — бір кітап» атты акция негізінде таңдауға түскен Ғалым Ахмедовтің «Жем бойында» кітабының дискісін ұсынды.

Кітапханаға жиналған көрермендерге мектеп оқушылары әдемі мерекелік ән кешін ұсынды.

 

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button