Денсаулық

Тәуелділіктен құтыл!

26 қазан — Алкогольден бас тарту күні

Ішімдікке тәуелділік жүйке-неврологиялық және басқа да инфекциялық аурулардың өршуіне әкеліп соқтырып,  бауыр циррозы мен қатерлі ісікке шалдықтырады.

Спирт қанға тез сіңеді. Ішімдіктің әсерінен адамның қимыл үйлесімділігі бұзылып, мінез-құлқында әдепсіздік, желікпелік, дөрекілік пайда болады. Адамды ақылынан ғана ажыратып қоймайтын арақ асқазан жолының кілегейлі қабықшасын зақымдап, қарында, ұлтабар ұшында уытты жара, гастриттің туындауына әкеліп соғады. Елімізде жыл сайын тіркелетін кісі өлімінің 11 пайызы осы ішімдіктің әсерінен болады екен.

Облыстық наркологиялық диспансерде 10 422 адам тіркеуде тұр. Оның ішінде қала бойынша — 4447, облыс бойынша 8150 адам ішімдікке тәуелді. Олардың көбі — 18-29 жастағы азаматтар. Ал жасөспірімдерді қарайтын дәрігердің бақылауында кәмелеттік жасқа толмаған 135 бала бар. Мәселен, мамыр айында медициналық куәландыру кабинетіне мас күйінде кәмелеттік жасқа жетпеген 129 бала әкелінген. Олардың барлығы дәрігердің бақылауына алынды.

Жалпы  облыстық наркологиялық диспансерде кәмелетке толмағандардың есірткілік заттардан және алкогольден улану немесе шамадан тыс қолданғандықтан медициналық көмекке жүгінуі немесе улану салдарынан қайтыс болу жағдайлары туралы дерек тіркелген жоқ.

Сондай-ақ ішімдікке әуес  балаларға профилактикалық және диспансерлік бақылау жүргізіледі.  Профилактикалық бақылауда аурулар жыл бойы, ал диспансерлік бақылаудағылар  үш жыл қатарынан дәрігердің қадағалауында болады.

Алайда науқастардың көпшілігі дәрігерге уақытында келмейді. Сондықтан дәрігерлер оларға үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұрады. Ауру қайталанған жағдайда ауруханаға жатып ем қабылдайды. Кейін учаскелік дәрігерде емін  жалғастырады. Егер науқас ауруы асқынып, тума-туыстары тарапынан арыз түсіп, өз еркімен ем қабылдаудан бас тартқан жағдайда, сот шешімі арқылы еркінен тыс емдеу бөліміне жіберіледі.

Балзада МЫРЗАТІЛЕУОВА,

емхана меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button