Басты жаңалықтар

Мектептегі матриархат

Елімізде ер мұғалімдер азайып бара жатыр. Олардың үлесі 20 пайызға да (81,3 пайыз — әйел мұғалімдер) жетпейді. Дабыл қағып көтеретін проблемаға айналғаны да содан. Жігіттердің арасында «Мұғалім — әйел адамдардың мамандығы» деген қоғамдық пікір қалыптасқалы қашан. Сол себептен де, педагогикалық мамандықтар даярлайтын жоғары оқу орындарында ер балалар аз.

Мамандардың пікірінше, проблеманың басты себебі екеу: әлеуметтік мәселелердің шешілмеуі және мұғалім мәртебесінің төмендігі. Отбасындағы ауыр жүк ер азаматтардың мойнында болғандықтан, олар жалақысы көп жұмысты таңдауға мәжбүр. Ақыры, мектептерді «апайлардың» ордасына айналдырдық. Психологтардың пайымдауынша, бұл ұлтымыздың ертеңі үшін қауіпті. Ер балалардың жаратылысы өзгереді: «қыз мінезділер» көбейеді. Ұлдарымыз ұсақталып кетеді. Босалаң, босбелбеу, бойкүйездердің саны артады. Мектепте қылмыстың белең алуының да бір себебі, осы — ер мұғалімдердің аздығынан екен. Қысқасы, ер мұғалімдердің тапшылығының салдарынан ұрпақ тәрбиелеуде ұтыларымыз көп.

Мектептерде ер азаматтар неге аз? «Ағайлардың» аздығының  ұрпақ тәрбиесіне  кері әсері және проблеманы шешудің жолдары қандай? Әңгіме өзегі  — осы. Сонымен…

 

Ер мұғалім азайып бара жатыр…

 

90-жылдардың басында еліміз ауыр жағдайды бастан өткерді. Әрине, бұл  білім беру саласын да айналып өткен жоқ. Сөйтіп, мұғалімнің қадірі қашты. Жалақы аз. Бедел жоқ. Сол кезде тұрмысты түзеу үшін мектептердегі ер азаматтардың басым  бөлігі жұмыстан кетуге мәжбүр болды. Бірқатары сауда жасауды жөн көрсе, бірсыпырасы басқа салаға кетті. Содан кейін ер азаматтар мектепке қайта оралған жоқ. Мұғалім болуды мақсат тұтатын жігіттер де азайды.

Еліміз бойынша мектептердегі ер мұғалімдердің саны 18,7 пайыз болса, біздің облыста бұл көрсеткіш — 16,6 пайыз. Яғни, облыстағы 15 987 мұғалімнің 2650-і ғана — ер азаматтар. Бастауыш мектептерде (65) ер мұғалім мүлде жоқ. Олар негізінен орта мектептерде жұмыс істейді. Көпшілігі дене тәрбиесі, алғашқы әскери дайындық, тарих, технология пәндерінен сабақ береді.

Мәліметтерге сүйенсек, бала саны көп кейбір орта мектептердің өзінде ер мұғалім аз. Мысалы, Темір ауданындағы  400-ге жуық бала білім алатын С.Бәйішев атындағы орта мектептегі 43 мұғалімнің 7-8-і ғана — ер мұғалім. Шұбарши орта мектебінде де жағдай осындай: 87 мұғалімнің 10-ы — ер азаматтар. Еңбекші мектеп-бақшасында 3-4 ер мұғалім жұмыс істеп жүр. Ал Сарыкөл мектебінде күні кешеге дейін 1 ер мұғалім ғана қызмет еткен. Ол — мектеп басшысы.

— Осы жақында ғана ауылдағы бір азаматқа өтініш айтып, дене тәрбиесі пәнінен сабақ беруге келісімін алдық.

Менің бұл мектепке жұмысқа ауысқаныма көп уақыт өткен жоқ. Маған дейін де бұл мектепті ер адам басқарды. Ол кісі қазір осы Сарыкөл ауылының әкімі болып қызмет етіп жатыр.

Мектепте 27 мұғалім, 191 бала бар, — дейді Темір ауданындағы Сарыкөл орта мектебінің директоры Нұрлыбек Қалмағамбетов. Оның айтуынша, аталған ауданда ер мұғалімдердің біразы мұнай өндіретін мекемелерде жұмыс істейді. Аудандық әкімдікке ауысқандары да аз емес.

Айта кету керек, Ақтөбе облысындағы мектеп директорларының жартысынан көбі — ер мұғалімдер (56,3 пайыз). Басшылар, әсіресе, ауыл мектептерінде көп. Мысалы, Шалқар ауданында 25 директордың 22-сі, Қобдада 14 директордың 12-сі, Хромтауда 24 директордың16-сы, Алғадағы 19 директордың 13-і — ер азаматтар. Бұл көрсеткіш Ақтөбе қаласында ғана аз. Қала мектептеріндегі 57 басшының 10-ы ғана — ер мұғалімдер. Бұл деректерге қарап, ер мұғалімдердің жалақысы мен жағдайы жақсы жұмыстарды таңдайтынына көз жеткізе түсеміз.

Облыстағы 478 мектепке дейінгі мекемеде 34 240 бүлдіршін тәрбиеленеді.  Оларды да тәрбиелеушілер — әйел адамдар. Облыстағы 1 балабақшаны ғана ер азамат басқарып отыр. Оның өзін құзырлы мекеме басшылары әзер көндіріпті.

Хромтау ауданындағы Дөң елді мекенінде былтыр «Бәйтерек» балабақшасы  ашылған болатын. Сол балабақшаның меңгерушісі — ер адам. Бастапқыда бұл  қызметке біраз уақыт маман табылмады. Ақыры, аудандық білім бөлімі  баспана мәселесін шешіп беруді мойнына алып, жас маманды жұмысқа тартты, — дейді облыстық білім басқармасының бастығы Айгүл Арынғазиева.

Биылғы оқу жылында Ақтөбе облысындағы ауыл мектептеріне «Дипломмен — ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 373 жас жұмысқа орналасыпты. Оның 58-і — жігіттер.

Облыстағы балалар тәрбиелейтін мекемелердегі ер азаматтардың үлесі осындай.

 

Мұғалім қажетсіз мамандық па?

 

Мұғалімдердің еңбекақысы  аз болғандықтан, жігіттердің педагогикалық мамандықтарға барғысы жоқ.  Бұған дәлел — педагог  мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындарында ер балалардың аздығы. Мысалы, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтын биыл 567 түлек бітірген. Олардың 111-і ғана — жігіттер. Институттың статисі Жеңісгүл Тілеулинаның айтуынша, жалпы, аталған білім шаңырағының  күндізгі оқу бөлімінде 3089 студент дәріс алып жүр. Оның 491-і (16 пайыз) ер балалар. Ал сырттай оқу бөлімінде білім алып жатқан 2386 студенттің арасындағы жігіттердің үлесі 472 (20 пайыз). Биыл күндізгі оқу бөліміне  І курсқа 1158 студент қабылданыпты. Оның 256-сы ер балалар екен. Ал сырттай оқу бөліміндегі 626 студенттің 123-і  — жігіттер. Өткен оқу жылындағы көрсеткіш бұдан да аз: күндізгі оқу бөліміне қабылданған 730 студенттің небары  96-сы ғана ер балалар болған. Ер балалардың басым бөлігі кәсіби шығармашылық, тарих  және физика-математика факультеттерінде дәріс алады.

Жігіттердің педагогикалық мамандықтардан сырт айналуының тағы бір себебі  —  мұғалімнің мәртебесі төмен. Жастардың көпшілігі педагогикалық мамандықтарға дипломсыз қалмау үшін, амалдың жоқтығынан ғана құжат тапсырады. Сөйтіп, еш ықыласы жоқтар мұғалім боп мамандықтың қадірін кетірді. Бұл туралы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты ғылыми орталығының жетекшісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы былай дейді:

Білім, ғылым, тәрбие мәселесі аяқ асты болғаннан кейін, екінің бірі мұғалім болатын болды. Жоғары оқу орындары оқудың ақысын төлесе, кез келген студентке кез келген мамандық бойынша дипломды бере салады. Осыдан келіп, саны көп, сапасы жоқ мұғалімдер көбейді. Мұндай біліксіз, сауатсыз мұғалімдер кейбір басшылардың мұғалімдер туралы көзқарасын өзгертті. Олар: «Мұғалімнің беделі жоқ, осыларға жоғары жалақы төлеп, қолдаудың өзі де негізсіз болар» деп ойлауы әбден мүмкін. Сондықтан мұғалімдердің барлығы білімді, оларды мемлекет қолдамай отыр деген түсінік болмауы керек. Бір жағынан, мұғалімдердің өзінде де көп кінә бар. Ең үлкен қателік, білім саласын, әсіресе, мұғалімдерді даярлауды бетімен жіберуден болып отыр. Күні бүгінге дейін конкурстан өте алмаған, білімі төмен балалар амалдың жоқтығынан педагогикалық мамандыққа барып жатыр. Ал біліксіз мұғалім білімді оқушы тәрбиелейді деу қиын.

Педагогикалық мамандыққа құжат тапсырғандардың көпшілігі  мұғалім болуды мақсат, мұраты, арманы болғандықтан емес, амалдың жоқтығынан таңдайтындықтарын,  жоғары оқу орындарында педагогтерді даярлау сапасы сын көтермейтіндігін Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың өзі  де мойындап отыр. Бұл туралы министр тамызда өткен «Отбасы, мектеп, қоғам  — игілікті болашақ үшін бірге!» атты алғашқы республикалық педагогикалық форумда ашық айтты.

Педагогикалық мамандық бойынша мемлекеттік грантқа өту балы  — еліміздегі ең төменгі балл. Заңгер және экономист мамандығын айтпағанның өзінде, ветеринариядан да төмен. Ал шетелде мүлде басқаша.  Мысалы, Оңтүстік Кореяда мектепті  үздік бітірушілердің 5 пайызы, Финляндияда — 10 пайызы, Сингапур мен Гонконгта — 30 пайызы мұғалімдік мамандықты таңдайды, — дейді Б.Жұмағұлов.

Елімізде мектеп түлектерінің ғана емес, педагогикалық жоғары оқу орындарын тәмамдаған дайын мамандардың да мұғалім болуға құлшыныстары аз.  Білім және ғылым министрлігінің деректеріне сүйенсек, Қазақстанда педагогтерді 89 жоғары оқу орны (33 мемлекеттік және 56 жекеменшік) даярлайды. Оларды бітіріп шыққан 34 мыңнан астам түлектің тек 10 мыңы ғана білім беру мекемелерінде қалады екен. Қазір осы 89 жоғары оқу орнының тек 43-іне педагогикалық мамандықтар бойынша кадр даярлауға рұқсат беріліпті. Бақытжан Жұмағұловтың  мәлімдеуінше, енді педагогикалық мамандықтар бойынша оқытудың тұжырымдамасы мен талаптары түбірімен қайта қаралады.

 

Тәрбие  мен тәртіп

 

Мектеп білім беретін ғана мекеме емес, сондай-ақ тәрбие ошағы. Ал әр тәрбие беретін шаңырақта отбасындағы сияқты әйелмен қатар ер-азаматтардың болуы қажет. Бұл жас ұрпақтың білімді болуымен қатар, көргенді, тәрбиелі, әдепті болып өсуіне оң ықпал етеді. Психологтардың пікірінше, гендерлік сәйкессіздік, кәсіп феминизациясы болған жерде қанша дегенмен тәрбие кемшін болады. Соның салдарынан ибалы қыздар мен өр мінезді, намысшыл ұлдардың саны азаяды. Жасөспірімдер қылмысының көбеюіне отбасында дұрыс тәрбие берілмеуімен бірге, мектептерде ер балалар өздеріне үлгі тұтатын ер азаматтардың аздығы да себеп болып отыр. Мысал келтірейік. Мектептерге полиция қызметкерлерін жұмысқа тартқанымызға біраз жыл болды. Сыртта жүрген бұзақылар балаларға дөң-айбат көрсететін болды. Бір-біріне күш көрсететін балалар көбейіп кетті. Жасөспірімдер жанжалының соңы қайғылы жағдайға ұласқан деректер де тіркелді. Сондықтан тәртіпті қадағалау үшін, балаларға сырттан келіп қаскөйлер қысым көрсетпеуі үшін полиция қызметкерлерін көмекке шақыруға тура келді. Бұдан шығатын қорытынды: тәртіптің босаңсып кетуінің бір себебі — мектептердегі ер азаматтардың тым азайып кетуі.

Қазір еліміздегі мектептердің біразында мектеп инспекторлары тапшы. Ақтөбе облысында да солай. Облыс мектептерінде 100  полиция қызметкері еңбек етеді.

— Дегенмен, мұның өзі аздық етеді. Себебі, кейбір көрші мектептердегі тәртіпті  бір инспектор ғана бақылап жүр. Сондықтан полиция қызметкерлері көбірек болса, артық етпейді, — дейді облыстық білім басқармасының бөлім бастығы Алтынгүл Әуесхан.

Қазір Ақтөбе облысындағы 262 оқушы ішкі істер бөлімінің есебінде тұр. Сонымен қатар 626 бала мектепішілік бақылауға алыныпты. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша, мектеп оқушыларының қатысуымен 19 қылмыс жасалған. Былтырғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда қылмыс 54 пайызға (41 қылмыс) төмендеген. Қылмыстың басым бөлігі — ұрлық пен бұзақылық. Құқықбұзушылық дерегі салыстырмалы түрде алғанда Ақтөбе қаласы мен Қарғалы ауданында көп екен.

Өкініштісі, бұрын-соңды жасөспірімдердің қатысуымен аса ауыр қылмыс мүлде болмаған Ойыл, Темір аудандарында қайғылы оқиға тіркелді. Темір ауданындағы Кеңқияқ кентінде былтыр 3 оқушының қатысуымен кісі өлімі болды. Қылмыс жасаған балалардың біреуі шартты мерзімге босатылды, қалған екеуі бас бостандығынан айырылды. Ал биыл жазда Ойыл ауданындағы Құрманов ауылында баланың қатысуымен кісі өлімі болды. Қазір  оқиғаға байланысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, дейді Алтынгүл Әуесхан.

Бұл бір ғана облыстың мысалы.  Қазір балалар мен жасөспірімдер қылмысы еліміздің әр өңірінде, тіпті, ауылдарда көбейіп бара жатыр. Ал біз «бала қылмыскер, кінәлі — кім» деп даурығып жүрміз. Мұғалім ата-ананы кінәлайды. Ата-ана мұғалімге өкпе айтады. Тентектерді тәубесіне келтіріп, қаскөйлерге құрық салады деп көмекке шақырылған мектеп инспекторлары мәселені толық шеше алмай жатыр. Ал психологтар мектепте темірдей тәртіп орнату үшін мынадай ұсыныс айтады: мектептерде өнегелі ұл-қыздардың санын арттыру үшін ұстаздық қызметке, басшылық қызметке ер азаматтарды көбірек тарту керек.

 

Беделдің бағасы

Мектепте ер мұғалімдер неге тапшы? Ер азаматтың аздығының ұрпақ тәрбиесіне әсері қандай? Мәселені шешу үшін не істеу керек? Біз ұрпақ тәрбиесіне қатысты Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты ғылыми орталығының жетекшісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді АЙТАЛЫНЫҢ пікірін білген едік.

 

Баяғы заманда ер азаматтарға бата бергенде: «Молда бол» деген. Яғни, мұғалім бол дегені. Кезінде мұғалім қадірлі мамандық болды.

Мен 18 жасымда педагогикалық училищені бітіріп, ауыл мектебінің мұғалімі болдым. Жастығыма қарамастан, ауылдағы беделді адамдардың және еңбекақысы жоғары мамандардың бірі болдым. Қазір педагогикалық училищені бітіріп, ауылда еңбек етіп, жоғары жалақы алатын әрі беделді болатын жастар аз. Айтайын дегенім, мектепте ер мұғалімдердің аздығы, біріншіден, әлеуметтік себептерге байланысты. Екіншіден, мұғалімнің мәртебесі төмен. Қазір «Мұғалім бол» деп бата берсек, жастар ренжіп қалуы мүмкін. Себебі, жалпы елімізде білімді адам беделге, ең жоғары сыйлыққа, ең жоғары еңбекақыға ие бола алмай отыр. Яғни, біздің елімізде білімді адам қадірлі емес. Өйткені ақша озып алға түскеннен кейін, білім, ғылым, басқа да  құндылықтар екінші, үшінші деңгейде қалды. Ер адамдар мектептерде ғана емес, институт, университеттерде де азайып бара жатыр. Себебі, мектепте, институт пен университетте жұмыс жасап, отбасын асырау қиын. Бір жылы мен Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде философиядан кандидаттық емтихан алатын комиссияның мүшесі болдым. Академик Жабайхан Әбділдин комиссияға төрағалық етті. 200-ден астам адам емтихан тапсырды. Солардың 15-ке жуығы ғана ер адам болатын. Себебі, бүгінгі жастар жоғары оқу орнының оқытушысы, ғалым болса,  қоғамды айтпағанда, тіпті, бала-шағасының алдында да, беделінің төмен болатындығын түсінді. Бұл біздің еліміз үшін өте қауіпті жағдай деп есептеймін. Өйткені, біздің байлығымыз мұнай мен газ,  алтын мен хром емес, біздің байлығымыз білімді, ғылымды, адами құндылықтарды бойына сіңірген адам. Ондай адам елде қадірлі болмаса, оның еңбегі бағаланбаса, тіпті, баспанасы да болмаса, ол адамның елге берері де аз болады. Себебі, отбасын қалай асыраймын, баспананы қалай аламын деп,  ойы онға бөлініп, сан түрлі әлеуметтік мәселемен бас қатырады. Сондықтан жоғары оқу орындарында да, мектепте де кейде жемқорлық қылаң беріп қалады.

Ал біз бұл әлеуметтік мәселеге қалай келдік? Кеңес Одағы ыдыраған соң кеңшарлар мен ұжымдар тарады. Бұдан кейін көп ауылдың берекесі қашты. Балабақшалар жабылды. Мектептердің де мәзі кетті. Тұрғындар ауылдан көше бастаған соң, мектепте оқитын бала азайды. Сөйтіп, мұғалімдерге сұраныс болмады. Мұғалімдердің жағдайы нашарлай түсті. Ақыры олар әлеуметтік мәселелерін шешу үшін сауда жасауға бел буды. Бұл біздің елімізде ғана емес, Кеңес Одағының құрамында болған кейбір мемлекеттерге де тән жағдай. Ауылдық жерлердегі мұғалімдер мен дәрігерлердің тапшылығының тағы бір себебі — экономикалық реформаның салдары. Бүгін жастарды ауылға шақырып, ұран тастап жатырмыз. Шын мәнінде, бұл  жаңалық емес, қателікті түзету. Әрине, жастар әлеуметтік жағдайын уақытша болса да түзетіп алу үшін ауылға оралады. Дегенмен, менің ойымша, олар ауылда тұрақтап қалмайды. Көп дегенде 3 жыл, мүмкін 5 жыл жұмыс істеуі мүмкін. Олар қалаға қайтуды мақсат етеді. Сондықтан бұл жолмен де мәселені толық шеше алмаймыз.

Мұғалім жалақысының аздығы, беделінің жоқтығы салдарынан мектепте ұрпақты әйел адамдар тәрбиелеп жатыр. Ал мектепте ер азаматтың аздығы, сөз жоқ, тәрбиеге кері әсер етеді. Әйел адамдардың көптігімен бірге олардың, әсіресе, қала мектептеріндегілердің күйеуінен ажырасқандары кездесіп қала береді.  Бұған  қала мектептеріндегі оқушылардың бірқатарының әкесі жоқтығын қосыңыз. Яғни, бүгінгі ер балаларымыз үйде де, мектепте де ер азаматтың тәрбиесін  көрмейді. Сондықтан жастардың арасында ер мінезді, турашыл, өзіне жауапкершілік алатын адамдар сирек. Осыдан келіп, тағы да отбасылық тәрбиеге үлкен зиян келіп жатыр.

Қазір байқасаңыз, университет, институттарда да, мектептерде де ер  адамдар жұртты киіміне қарап бағалайтын болды. Бір-бірінің киіміне мақтау айтатынды шығарды. Өсекті де жақсы айтады. Ер адамдар ұсақталып бара жатыр. Ер адамдар кейде тіпті сабақтың кезінде де ұсақ-түйек әңгімеге бой беретін жағдайларды тек қана Астанада емес, Ақтөбеде де байқап жүрмін. Ер мінезді, жастарға үлгі болатындай азаматтар сирек. Ал мұның бәріне мектептерде ер  азаматтардың аздығы себеп болып отыр.

Мектептерде ер мұғалімнің тапшылығы кейбір мемлекеттерде болған. Оларда мектепке ер адамдарды тарту үшін үстемеақы төленді. Ал бізде бұл мәселе қашан шешілетіні белгісіз? Себебі, мұғалімнің жалақысын көтеру мақсатында қолға алынған бастапқы әрекет айтарлықтай ықпал ете алмайды. Яғни, қыркүйекте қосылған үстемеақы  қомақты өсім болмады. Базалық еңбекақы ғана өсті.

Мұғалімнің мәртебесін көтеру үшін жалақыны көбейтумен қатар, оларды аттестациядан өткізу керек. Еңбекақысы жоғары жұмыстарға конкурспен қабылдаса да артық етпейді. Сонда екінің бірі мұғалім болмас еді.

Мұғалімдерді конкурспен қабылдауды гимназия, лицей, дарынды балаларға арналған мектептерден бастап, кейін біртіндеп бұл үрдісті басқа мектептерде де жалғастыру керек. Дегенмен, бұл жерде де жемқорлықтан, тамыр-таныстықтан, рушылдықтан арылмай, кадр мәселесін жоғары деңгейге көтере алмаймыз.

ХХІ ғасыр мұнай мен газдың ғасыры емес, ХХІ ғасыр білім, ғылым, руханият ғасыры. Осы ғасырға біз иманды да, білімді де, ғылымға да бейімді жастарды дайындауымыз керек. Әрине, ол үшін мұғалімнің мәртебесі көтеріліп, жалақысы көп болуы қажет.

 

Психолог пікірі

 

Әйел бәрібір ер азаматтан мықты емес

 

Зәуре КАШКЕНОВА, облыстық кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институты психологиялық қызметті ұйымдастыру және үйлестіру бөлімінің меңгерушісі:

Мектептерде ер мұғалімнің аздығы ұрпақ тәрбиесіне кері әсер етеді. Ер мұғалімдердің тәрбиесі ұлдар үшін ғана емес, қыздар үшін де керек. Себебі, қыз балалар мектептегі ер азаматтарды үлгі тұтады. Дос, болашақ жар таңдағанда да қателеспеуі үшін мектептегі ер мұғалімге ұқсайтын азаматты іздейді. Ер мұғалімдердің көбірек болуының тағы бір пайдасы, қыздарымыз ибалы, қылықты болып өседі. Ұятты, ар-намысты жоғары қоятын қыздар көбейеді. Ал ер балалар ер азаматтарға қарап бой түзейді. Солардай болуға талпынады. Киім киюді, өзін ұстауды, сөйлеу мәдениетін үйренеді. Ер мінезді, өр мінезді, намысшыл боп тәрбиеленеді. Әсіресе, жоғары сыныпта оқитын балаларға ер мұғалімдер көбірек сабақ беруі керек.

Өкінішке орай, соңғы кезде ұл-қыздарымыздың біразы әдепсіз боп бара жатыр. Әсіресе, ер балалар бір-бірімен жиі кикілжіңдесетін болды. Ұсақ-түйекке бола бір-бірінің жағасына жармасып, сәл нәрсеге қызылкеңірдек боп қалады. Еріншек, жалқау, болбыр балалар көбейіп барады. Ал қыздардың жеке өмірі сәтсіз  боп жатады. Қыздар ер балалармен дос болады. Бірақ достық ұзаққа созылмайды. Келісе алмайды. Бірін-бірі түсінбейді. Сезімнің жетегіне еріп, алданып, опық жейтіндер де бар. Өйткені қыздарға жігіттермен достасуда үлгі болатын ер азамат мектепте жоқ. Міне, мектепте ер азаматсыз ұрпақ тәрбиелеудің салдары осы.

Мен бұл арқылы мектептегі әйел мұғалімдердің еңбегін, тәрбиесін жоққа шығарып отырған жоқпын. Айтайын дегенім, әйел қанша мықты болғанымен, ер адамның орнын баса алмайды. Дуализм заңы деген бар. Ақ пен қара, күн мен түн, ыстық пен суық, ер мен әйел… Бұл екі жаратылыс бір-бірін алмастыра алмайды, олар тек бірін-бірі толықтырады. Жалғызбасты аналар балаларына бар жағдайды жасағанымен, бәрібір әкенің әңгімесін айта алмайды, әкенің тәрбиесін бере алмайды. Ер адам аз сөзбен-ақ, қас-қабақпен-ақ көп нәрсені ұғындыра алады.  Бұл, әрине, мектептегі ұрпақ тәрбиесіне де қатысты.

Ер балаларды тәрбиелеудегі ер мұғалімнің ықпалы туралы өз тәжірибемнен мысал айтайын.  Мен бір кезде колледжде жұмыс істедім. Менің тобымда 24 оқушы болды. Ұл-қыздың саны бірдей болатын. Ал екінші топтағы 24 оқушының 23-і ер бала болды. Олардың кураторы ер адам. Сол 23 ер балаға кураторлары көп өнеге көрсетті. Менің тобымның жігіттері де оған ұқсауға тырысты. Бірде тобымдағы оқушыларға сауалнама тараттым. Ондағы: «Проблема болса, кіммен кеңесіп, ақыл сұрар едің?» және «Өзіңе кімді үлгі тұтасың?» деген сауалдарға ер балалардың барлығының жауабы бірдей болды. Бәрі көрші топтың кураторымен кеңесіп, сол кісіні үлгі тұтатындарын жазыпты. Тағы бір мысал, бірде тобымдағы ер балаларға сабаққа галстук тағып, костюм киіп келу керектігін, жалпы киім кию мәдениеті туралы көп әңгіме айттым. Оқушылар менің әңгімемді ұйып тыңдап, ертеңіне ер балалардың бәрі костюм киіп келетіндерін айтып тарады. Бірақ, балалар ертеңіне тағы да әркелкі, ала-құла боп киініп келді. Ал көрші топтағы ер балалардың бәрі бірыңғай костюм киіп алыпты. Мен психолог болсам да, колледждегі киім кию тәртібін оқушыларымның санасына жеткізе алмадым. Ал көрші топтың кураторы ер азамат болғандықтан оқушыларына жігіттерге лайық киінуді үйретті.

Қорыта айтқанда, ұрпақ тәрбиесінде ер азаматтардың да еңбегі өлшеусіз. Сондықтан сынып жетекшілері, директордың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасарлары, мектеп директорлары негізінен ер мұғалім болғаны жөн.

 

Сонымен, әңгіме түйіні қыз ибалы, ұл намысшыл болуы үшін мектептерде ер азаматтың көбірек болғаны дұрыс. Әйтпесе, қоғамдағы келеңсіздіктер бой бермей кетуі ғажап емес. Сондықтан ертең кеш болмауы үшін ер мұғалімдердің, ер азаматтардың мектепке қайта оралуына бар жағдайды бүгін жасаған абзал.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button