Мәдениет

Екі ел — бір тағдыр

«Азери» ұлттық-мәдени бірлестігі өзінің онжылдық мерейтойын атап өтті. Бастапқыда «Дослуг» ұлттық-мәдени орталығы болып құрылған бірлестік 2006 жылы өз атауын «Азери» етіп өзгертті де, 2008 жылдан бері республикалық «Әзербайжан ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы болып құрылды.

Мерекелік жиынға шақырылған құрметті қонақтардың ішінде еліміздегі Әзербайжан республикасы Бас консулдығының жетекшісі Рашад Маммадов, консул Эльхан Зейналов және әзербайжандық «Ватан», «Алтын көпір»  журналдарының қызметкерлері болды.

Мереке ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналды. Кеште Әзербайжан республикасының тарихы мен байлығы, бүгінгі жетістігі, сондай-ақ облыстағы азербайжан диаспорасының жағдайы, жексенбілік мектеп пен «Азери» ансамблінің жұмысы  суреттелген арнайы бейнематериал көрсетілді.

Облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова жиналғандарды мерекемен құттықтап, «Азери» ұлттық-мәдени бірлестігінің жетекшісі Шахбаз Джамаловты екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесі үшін Алғыс хатпен марапаттады.

Бас консул Рашад Маммадовтың айтуынша, қазір елімізде ресми деректер бойынша 150 мыңға жуық әзербайжан ұлтының өкілдері тұрады. Барлық облыстарда әзербайжан ұлттық-мәдени орталықтары жұмыс жасайды. Олар отандастарымен өзара тығыз байланыс орнатқан.

Мерекелік шарада Рашад Маммадов «Екі ел — бір тағдыр» кітабының тұсауын кесті. Кітапта қазақ және әзербайжан халықтарының тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрінің ұқсастықтары мен ерекшеліктері жайында жазылған.

Қазақстан және Әзербайжан республикасы Президенттерінің сындарлы саясатының арқасында бүгінде екі ел арасында берік достық пен ынтымақтастық орнады, — деді Рашад Маммадов.

Салтанатты жиынға қатысушылар әзербайжандық өнерпаздардың ән-биін тамашалады.

Гүлсім НАЗАРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button