Басты жаңалықтар

Еділ мен Жайық бойындағы ерекше шақ

Кіші Аралда Бөкей хан кесенесі ашылды

Сапарға үйренген адамдармыз ғой. Бірақ бұл жүріс, жұртты қайдам, маған алда бір баталы да, тарихи бағдарлы да оқиға күтіп тұрғандай әсер еткені анық еді. Өйткені аты бұрын Гурьев, кейін Атырау болған, негізі қазақтың қара шаңырағының бірінен (батыстағы) баяғы Астраханға жол тартып барамыз. Баталы да бағдарлы дейтінім — күні кеше ғана иісі қазақ марқайып қалған үлкен рәсім — Бөкей хан бабамызға кесене салынып, оның бержағында Бөкейдің өзі әулие, пір тұтқан, «мені осы Сейіт бабаның (шын аты — Сайд Бин Кулвай Гали) аяқ жағына жерлеңдер» деп өсиет қалдырған киелі де қасиетті топыраққа бара жатырмыз. Сумаңдаған жеңіл көліктер қойсын ба, ойлы-қырлы дала жолымен бір зымырап, бір ыңыранып келеді. Алдымызда, жолбасшымыз — ҚР Мемлекеттік қызмет Агенттігінің Атырау облысы бойынша басқармасының бастығы Мұхит Ізбанов. Бұл азамат негізі Ақтөбе облысы, Орқаш ауылының тумасы екен. Ақтөбе облысында біраз қызмет еткен, бұрынғы республикалық дәрежедегі депутат, сондықтан оны егжей-тегжейлі таныстырудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Ең бастысы — қаным, тарихым деп тұрған азамат екен.

Ғасырлар қойнауында ата-бабаларымыздан қаншама із қалды. Соның бірі — Ішкі Орданың негізін қалаған дара тұлға, Нұралы ханның ұлы, кейінгі Жәңгір ханның әкесі Бөкей ханға байланысты. Бұл кісі шамамен 1747 жылы дүниеге келген деседі, оның кемеңгерлігі — ешқандай оқ шығармай бейбіт жолмен мыңдаған қазақты 2 миллион бас малымен Астрахан аумағына қоныстандырғаны.

 

Тарих айтады

Бөкей 1801 жылы Ресей үкіметінен, соның ішінде Павел І патшадан рұқсат алып Кіші жүз қазақтарын Еділ мен Жайық арасына қоныстандырған. 1801 жылғы 11 наурызда Павел І мынадай билік шығарып қол қояды:

«Я царь Павел I председательствующего в Ханском совете Киргиз-Кайсацской Малый орды Букея Султана сына Нуралы-ханов принимаю к Себе охотно, позволяю кочевать там, где пожелают, и в знак моего благоволенья назначаю Я ему медаль золотую с моим портретом, которую носит на шее на черной ленте; Астраханского же казачьего войска командиру  Покову пожаловал Я чин генерал-майора…»

Сонымен Ішкі қазақ ордасы (Бөкей ордасы) — Ресей империясының вассалы ретінде Еділ мен Жайық аралығында 1801 жылы құрылған. Бұл қазақтардың және әлемдегі ең соңғы Шыңғысхан ұрпақтарымен көтерілген мемлекеттік құрылым болып табылады. Хандықты бастапқыда 5 мың отбасы құрап, 300 мың адам тұрған. Ол солтүстікте Самар губерниясы, шығыста Орал облысы, оңтүстікте Каспий теңізі батысымен, одан әрі Астрахан губерниясының Царев, Еношаев, Красногор уездерімен шектеседі.

 

Хан кесенесі

Құрылыс Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасымен және Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиевтің тікелей бақылауымен небары үш ай ішінде салынып біткен. Әрине, Астрахан облысының губернаторы Александр Жилкиннің де ықыласты қолдауы болғанын да жұртшылық ризашылықпен айтып жүр. Ал күн демей, түн демей құрылыстың басы-қасында болған азамат, жоғарыда атап өткен Мұхит Ізбанов. Кесене Краснояр ауданының Кіші Арал елі мекенінде. Мұхит Ізбанов құрылысқа Атырау облысының да, Астрахан облысының да қазақтары үлкен ынта-ықылас танытып, еңбек сіңіргенін айтады. Бұл, әсіресе, Қазақстан мен Ресей арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайта түскені айтылады. Мұхит Кәрімұлының айтуына қарағанда, бұған үлес қосқандар негізінен материалдық жағынан қолдау көрсетіп, құрылыс материалдарын жеткізген. Себебі осындай ұйғарым болған. Ақша жүрген жерде, әңгіме жүреді, менің берген ақшам дұрыс жұмсалды ма деген сөз болады. Әсіресе, алматылық кәсіпкер азамат Оразалы Іздібаевтың арнайы келіп, құрылыс басында жүргені, кесененің табантасын өзі салдырғаны, мол материалдық көмек бергені айтылады. Сол сияқты атыраулық кәсіпкерлер Аманкелді Барақатов, Әбдібек Бисенов, Орынғали Әлдекенов, Аманжан Рысқали, Әділ Жұбанов бастаған көптеген азаматтар лайықты үлес қосқан. Бұның бәрі — реті келген соң айтылып отырған әңгіме.

Сонымен Кіші Аралға табан тірегенімізде, қандастарымыз емен-жарқын қарсы алып, біраз әңгіме дүкен құрдық. Осы маңнан, Атырау мен Астраханнан ағылған халықта есеп жоқ. Кесененің төменгі жағында — Сейіт бабаның қабірі, айналасында — осы әулиеге, Бөкей бабаға тағзым етіп, сыйынатын, түнемелік үй, тұрмыстық нысандар. Бәрі әсем безендірілген. Құран бағышталып, бата беріліп жатыр. Бұған да Бекет атаға барған сияқты жер-жерден науқасы бар, Алладан медет тілеген адамдар келіп түнейді екен. Қонақ үй, асхананы, тас жолды салдырған Астрахан облысының бұрынғы губернаторы А.Гужвин деседі. Жаңағы Сейіт бабаның басына барған адам ерекше бір жеңіл, жайлы жағдайды сезінетін құдірет бар дегенді естігенбіз. Ертеде өмір сүрген адам ғой. Сондықтан оның ұлтын тап басып айтатын адам жоқ. Біреулер қожа десе, енді біреулер ноғай дейді.

Ал Бөкей хан кесенесі биік жерге салынған. Ені — 12, ұзындығы — 15, биіктігі — 21 метр. Үлгісі Қожа Ахмет Иассауи мазарына ұқсастырылған. Алматыдан архитектор шақыртылып, жобасы сыздырылған. Орны — Қазақстан шекарасынан небары 500 метр. Ресей жағына өтіп кеткен. Құрылысын Маңғыстаудың жігіттері келісті етіп салған. Есігін Мұхит Ізбановтың өзі Хиуаға барып, жаңғақ ағашынан жасатып әкеліпті. Осы аумақты ресми түрде Астрахан облысының Сейіт баба және Бөкей хан қоғамдық қайырымдылық қоры деп атайды екен. Кіре берісте Бөкей ханның кезінде ұлы Жәңгірхан салдырған бұрынғы темір қоршауы тұр. Ал жаңа кесененің сол жағында — Бөкейдің әйелі Атан анамыздың бейіті.

Кесененің ашылуына келген ресейлік және қазақстандық делегациялар өкілдері алдымен Сейіт бабаның басына құран бағыштады. Осы бабаның ұрпағы Диляра Жамалова былай дейді: «Бөкей хан атамыз көзі тірісінде Сейіт бабамен өте сыйлас, жақын болып кеткен. Сондықтан көз жұмар алдында өзі баба қасына жерлеуді аманаттапты. Ондағы ойы Сейіт бабаға келіп зиярат еткендер маған да соғып кетсін дегені болса керек». Шынында баба басына келген шетелдіктердің барлығы хан бабамыз жөнінде де сұрап, біліп жатады екен.

 

Салтанатты сәттер

Ашылу сәті шынында думанды шаққа айналды. Осы рәсімге арнайы Қазақстанның Ресейдегі елшісі Зауытбек Тұрысбеков, елшілік қызметкері, филология ғылымының докторы Серікқали Байменше келген еді.

— Құрметті қандастар, ресейлік бауырлар, — деді Зауытбек Тұрысбеков. — Бұл оқиғаны үлкен мереке деуге болады. Бұл кесенені ешқандай байлар, қалталылар салған жоқ. Бұның авторы — қаным, халқым дегенде ішер асын жерге қоятын қарапайым азаматтар. Мен соларға бас иемін. Бөкей хан бабамыз бір оқ шығындамай, осы жаннат жерге мыңдаған қазақты әкеліп қоныстандырды. Сол елді жоғары мәдениетке, өркениетке жетеледі. Қазақтың талай жастарын Санкт-Петербургтің жоғары оқу орындарына оқытты. Соның ішінде өзінің ұлы Жәңгір де бар еді. Бұл кесене, бір жағынан, екі ел арасындағы ұлы достыққа жол ашады. Екі ел Президенті осыны қалап отыр. Осы салтанатты сәтте мен Астрахан облысының губернаторы Александр Александрович Жилкинге алғыс айтар едім. Құрылыс басталғанда осы араға келіп, қолына күрек ұстаған адамның бірі болды. Келесі жылы 1 қаңтардан бастап бұл жерде енді шекара болмайды.

Астрахан облысының губернаторы А.А.Жилкин:

— Бүгін шығыстық классикалық үлгідегі маңызды құрылысты ашып отырмыз. Біздің аймақ үшін бұның тағылымы мол болады деп ойлаймын. Кесене құрылысын қаражатпен қазақ елі, соның ішінде Атырау облысының жомарт жүрек азаматтары қамтамасыз етті. Астрахан облысының қазақтары осы аумақты абаттандыруға үлес қосты. Бұл екі ел арасындағы түсіністік пен сыйластықты тағы бір дәлелдеген қадам болды. Бөкей хан үлкен тарихи тұлға болғандықтан, мен осы кесененің салынуына қолдау көрсеттім. Бұл жердің әрбір жетінші тұрғыны — қазақ. Облыста қазақтардың рухани да мәдени дамуына барлық жағдай бар. Мектептерде қазақ тілі оқытылады. Ұлттық өнер ұжымдары бар. Дәстүр сақталған. Бөкей хан қазақ ұрпақтарын орыстармен біріктіріп, бізге дейін ізгілікті іс тындырған. Біз соны жалғастыруымыз керек. Қазақстанның Ресейдегі елшісіне алғыс айтқым келеді. Одан кейін губернатор ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша басқармасының бастығы Мұхит Ізбановқа Алғыс хат тапсырды.

Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиев:

— Бөкей хан — Қазақстан мен Ресейдің тарихында ұмытылмас із қалдырған белгілі қайраткер. Оның бастамасымен ХІХ ғасырдың басында құрылған Ішкі Орда хандығы қазақ мемлекеттігінің қалыптасуындағы маңызды кезең болды. Осы ретте мен Астрахан облысының губернаторы Александр Жилкинге кесене салуға рұқсат бергені және қолдағаны үшін алғыс айтқым келеді.

Бөкей хан өзінің табандылығымен І Павел императордан Еділ мен Жайық арасында қазақтар үшін дара басқарылатын аймақ құруға рұқсат алды. Хандық өмір сүрген кезде жергілікті қазақтар үшін оң өзгерістерге қол жетті, егіншілікті үйреніп, отырықшылыққа дағдыланды. Ішкі Орда Ресей мен қазақ жерінде маңызды сауда орталығына айналды. Жаңа үрдіс бой алып, басқару жүйесі жетілді. Жергілікті халықтың білім алуына жағдай жасалды. Мысалы, 1841 жылы ашылған мектеп күллі қазақ жеріндегі алғашқы оқу орны еді. Атырау мен Астрахан — қай кезде де мәдени, экономикалық байланыс орнатқан аймақ. Оған қоса ортақ тарихымыз бар. Атырау болса бай тарихымен, дәстүрімен ерекшеленетін, ғасырлық жетістіктері бар өңір. Өркениеттерді байланыстырған керуен жолдары өткен. Көптеген астрахандықтар біздің облыстың кәсіпорындарында жұмыс жасайды. Атыраулық жастар Астраханның оқу орындарында білім алып жүр. Біздің қатынастарымыз өмірдің барлық саласын қамтып отыр деуге әбден болады. Бұрыннан біздің достық байланыстарымызды нығайтуға, Бөкей хан кесенесін жаңғыртуға кезінде үлкен еңбек сіңірген марқұм Гужвин Анатолий Петровичті де ілтипатпен еске алғанымыз жөн.

Одан кейін Астрахан қазақтарының атынан кіші аралдық Никита Искаков сөз алып, Қазақстанның Президенті Н.Назарбаевқа, осы іске үлес қосқан барлық қазақстандықтарға алғыс сезімін жеткізді.

Сонымен ұлттық намысымызды бір көтеріп тастаған шуақты сәттер аяқталды. Астрахан облысында 170 мыңнан астам қандастарымыз тұрады екен. Жаңадан салынған хан кесенесі олардың рухын бұрынғыдан да жоғарылататыны сөзсіз деп ойлаймыз.

— Ресей жерінде тұрып жатқанмен, қандастарымызға бүйрегіміз бұрып, қазақ елінің әрбір жетістігіне қуанып жүреміз. Тұрақты қарым-қатынас орнатқан атыраулықтарға шын көңілден ризамыз. Біз өзімізді бұл араға жатпыз деп санамаймыз. Өйткені бұл арада ежелден ата-бабаларымыз тұрған, сүйектері де осында жатыр. Сондықтан өзіміздің ата қонысымыз осында, — дейді Қызылжар ауданының тұрғыны Кендебай Матбеков.

Мыңдаған түтіні, миллиондаған малы бар ауылын Ішкі Ордаға көшірген ханның сұңғыла қайраткерлігі, табандылығы мен ерлігі тарихта сақталатыны сөзсіз.

Санкт-Петербург және Ленинград облысының «Атамекен» қазақ қоғамының Президенті Сәрсенғали Құспанов ақсақал арнайы ат терлетіп келіп аталы сөздерін айтты.

Бұл киелі жердің бір жақсысы — екі бірдей бабамыздың қатар жатып келушілердің зиярат етуіне қолайлылығы. Осы арадан таяқ тастам жерде теміржол өтіп жатыр. Өткен-кеткен жолаушылар төбе басында аспанмен таласып тұрған кесенеге еріксіз көз тастайтыны анық. Кесене рухымыздың асқақтығын, халықтар достығын паш етіп тұрғандай. Не болғанда да, бұл — көппен бітетін іс. Азаматтар бас біріктіріп көптігін білдірген. Бірақ сол көптің де бас көтерер, істің тетігін білдіретін азаматы болады. Осы тұрғыдан алғанда атыраулықтар да, астрахандықтар да Мұхит Ізбановты жиі ауызға алады. Мұхит Кәрімұлы 500 шақырымға жуық аралықты екі күннің бірінде жол қылып бастан-аяқ көшбасшылық жасаған, облыс әкімі Бергей Рысқалиев та осыны атап айтып, оған алғыс білдіріп жатты. Тіпті ерінбей-жалықпай өзі Хиуа асып, кесененің есіктерін жасатып әкелгенін айтады. Бұл кісі өзінен гөрі өзгенің тындырған шаруаларын айтып, ризалық білдіреді. Бірқатар демеушілермен бірге «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалының директоры Фердинат Маманов су жүйесі жұмыстарына көмектессе, Құрманғазы ауданының тұрғындары әр демалыс күндері сенбіліктер ұйымдастырып, тегін жұмыс жасағанын айтады.

Алғашында кесененің жобасы байқауына бес жоба ұсынылған. Содан таңдалып алынған жоба Батыс өңірінде кездеспейді екен. Құрылыс басталғанда хан жатқан жерді қозғамай екі метр тереңдікте ор қазылған. Іргетасын бетон мен арматурадан қалаған. Кесенеден Сейіт баба бейітіне дейін қиыршақ тас төселген. Барлық кірпіш тастарды жеткізуге атыраулық демеушілер көмек көрсеткен. Бір сөзбен айтқанда, атыраулық ағайындар осы сауапты іс барысында елдіктің, ұйымшылдықтың үлгісін көрсеткен. Сөйтіп Астраханның Кіші Арал жерінде — киелі орында болған бір түн, бір күн қандастарымызбен еркін әңгіме дүкен құрумен өте шықты. Алладан, әулиелерден медет тілеп кейін қарай жолға шықтық.

Аманкелді СМАҒҰЛОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button