Басты жаңалықтар

Ауыл

Тілек түлеткен Қоңырсайда

мал да, электр жарығы да, телефон да бар

…Ертеректе қойшыларға қоныс болғаны болмаса, Қоңырсайды бертінге дейін ел жайламайтын. Салқын болса ызғарын бойына жинап, ыстық болса қуаңшылықтың қаһарына ұшырап жататын, «ұшқанда қарға қонбайтын» мидай жазық дала еді. Тоқсан бірдің көктемінде жоғарғы жақтан су көп келіп, сол жылы қар да қалың болып, қырға да, көлге де ылғал әжептәуір жиналды. Сол жылғы тасқын су Атыраудың Миялы жағынан Қоңырсайға дейін созылып жатқан бөгетті жарып кеткен болатын. Содан бері Қоңырсай даласы жәудіреп қараусыз қалған жетім баланың күйін кешкендей болды.

Уақыт өте келе осы бір жапан далаға жан бітті. Көптен бері күңіреніп, көздің тасасында қалып қойған мекен иесін енді тапқандай құлпырып сала берді. Көптоғайдың осы Қоңырсайында қазір «Идеят» шаруа қожалығы қоныс теуіп отыр. Осында қой қоздатып, жылқы жусатып отырған шаруа қожалығының иесі — Тілек Әміров деген шаруа адамы.

Базарлы балалық шағын осы ауылдың құмына аунап өткізіп, 1977 жылы Құрманов атындағы мектептен түледі. Мектеп бітірген соң басқа қатарларынан кем болмайын деп қаладағы оқу орындарының біріне талпынғанымен, оның сәті түспей, 1979 жылы әскер қатарына шақырту қағазын алды. Содан екі жылдай Ресей жеріндегі Мурманск облысында әскери борышын өтеді. Әскерден оралған соң Орал қаласындағы ауыл шаруашылық техникумында, оған жалғас ауыл шаруашылық институтында инженер-механик мамандығы бойынша білім алды. Оқуды тәмамдап, Құрманов кеңшарына техник-механик болып жұмысқа орналасып, кейін бас инженер болып қызмет етті.

2001 жылдан кеңшарда жаппай жекешелендіру белең алды. Сол тұста жеке кәсіп бастауға бел буып, Тілек «Идеят» шаруа қожалығының жұмысын қолға алды. Ең алдымен Қоңырсайдағы су жарып кеткен бөгетті қалпына келтірді. Шаруа қожалығының малшылары мен жұмысшыларына арнап салынған үйдің орталықтағы төрт бөлмелі үлкен үйлерден еш кемдігі болмады. Жанында жаз мезгілінде отыратын сарайы тағы бар. Қыстың қытымыр күндерінде мал қамайтын ескілеу қораның жанынан өткен жылы шатыры шифермен жабылған тағы бір жаңа қора бой көтерді. Дөңгелете салынған қой ауласының көлеміне қарап тұрып, ұсақ жандықтың да аз емес екенін анық аңғаруға болады. Ауыз судан тапшылық жоқ. Үй жанында екі құдық, бір ұңғыма құдығы тағы бар. Жұмысшылар жуынамыз деп жан-жаққа жүгірмес үшін былтырғы жылы дәл үйдің жанынан монша салынды. Миялы жағынан келіп жатқан бағандардың бойынан Тілек қонысына электр желілерін тартты. Жарық бар, жан-жақтағылармен байланысатын телефоны да жалғаулы. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – жапан даладағы жалғыз үйдің жағдайы жақсы. Жағдайдың жақсы екенін «Идеят» шаруа қожалығының жұмысшылары да растап отыр.

2005 жылдан бері осы жерде еңбек етемін. Қасымда бір тракторшы бар еді, жеңіл жұмыс іздеп, көшіп кетті. Ал мен өз жұмысыма да, тапқан табысыма да ризамын. Бастапқыда 10 мың теңге алушы едім, қазір 30 мың теңге жалақым бар. Менің өз ойым, тіршіліктің көзі — ауылда, жұрт көшпесе екен, ауылда еңбек етсе екен, — дейді шаруа қожалығының тракторшысы Нұртай Сәбиев.

Жүргізуші Нұралы Аймұқанов та осы ойды қуаттайды.

Өзімнің жеке «ЗИЛ» автокөлігім бар, мал басын қалаға апарып сатуға көмек беремін. Қыс мезгілінде шаруашылыққа жәрдем жасаймын, үйде қол қусырып қарап отыра алмаймын. Еңбегіме арзан бағасына жем-шөбімді аламын, ал жаздыгүні өз малым осында тегін бағылады, — деп Нұралы да шаруашылықтың жұмысына ат салысып отырғанын айтады.

Ал шаруа қожалықтың қойшысы Сармағамбет Өмірзақов — Хромтау ауданының азаматы. Былтырғы жылдың мамыр айынан бері осы жерде жұмыс жасайды. Ақтөбе қаласында жұмыссыз жүрген кезінде Тілек ағайды кездестіріпті. Қазіргі күніне бұл кісі де дән риза. Қаладағы балаларына етін, сүтін, құрт-майын жіберіп тұрады. Ірі қараның бақташысы Нұрғазы Мұқашев бұрын шаруашылықта шопан болып еңбек еткен.

Шындықты айтайын, кеңшарда жұмыс жасап жүрген кезімде мынадай жағдайым болған жоқ. Табатын табысым отын-суымнан ауыспайтын. Ал бұл жерде мен оларды тегін аламын. Шабындықтың науқаны кезінде тракторшы болып та кетемін. Отбасылы болсам, осы жерде бір отар мал бағып отырамын ба деген ойым да бар. Ауылдан кетіп жатқан жастарды түсінбеймін. Еңбек еткен адамға жұмыс ауылда да табылады, — деп Нұрғазы өз жағдайын сөз етті.

Шаруашылығын жандандыру мақсатында Тілек Әміров Ақтөбе қаласындағы «ҚазАгроқаржы» компаниясынан лизингке жаңа трактор алды. Бастапқыда ұлтарақтай ғана шабындық жері болатын. Дәл қазір «Идеят» шаруа қожалығының 6 мың гектардай жері бар. Ұсақ жандықтың басы биыл 1500-ге жетті. 200-ге тарта ірі қараға да осы жер өріс болып отыр. Онға тарта тақтұяқтысы тағы бар. Осы жылы Тілек Оралдан қазақтың асыл тұқымды ақ бас сиырының еркек тұқымын алып келді.

Ендігі мақсат — мал басын көбейтіп, асылдандыру, — дейді осындағы мал маманы Қуанышбай Әміров, — бұрын кеңшарда ферма зоотехнигі болып жұмыс жасадым. Шаруашылық ашылғалы бері осында жұмыс жасаймын. Барлық зоотехникалық жұмыстың бәрі менің мойнымда.

Тілек Әміров жақын арада «ҚазАгроқаржы» компаниясынан лизингке шөпті рулондап дайындайтын қосымша техника алды.

Елімізде соңғы жылдары ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерге көп көңіл бөлініп, қолдау көрсетіліп жатқаны қуантады. Соның нәтижесінде кәсіпкерлер аналық малға субсидия алып, арзан бағамен жанар-жағармайларын жинап, біраз бойларын тіктеп қалды. Өткен жылдың аяғында Астана қаласында «Парыз-2010» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі конкурсында «Идеят» шаруа қожалығының иесі Тілек Әміров ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықованың қолынан диплом алды.

Кәсіпкерлікке көмек көрсетіліп жатқанына шын көңілмен ризамын. Бұл  ауыл кәсіпкерлеріне ауадай қажет. Осының арқасында халық жігерленіп, шаруашылықтарын жандандыруға оң бағыт-бағдар алады. Алдағы күндері ауылдағы мал шаруашылығының дамитынына мен өз басым кәміл сенемін, — деп шаруа адамы өзінің жүрекжарды лебізін білдірді.

Артур ҚАЛДЫҒҰЛОВ,

Ойыл ауданы.

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы:

ауданның үлесі — 2 жоба

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының (ҮИИД)  аясында  қолға алынған «Индустриаландыру картасы» бойынша біздің облыста 58 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның 2-еуі — Алға ауданының еншісінде.

Стратегиялық маңызы зор бағдарламада көрсетілген міндет — экономиканың басым секторларын дамытудың әлеуметтік тиімділігін күшейту және инвестициялық жобаларды іске асыруда ауданның үлесі қандай? Біз бұл жөнінде нақтырақ білмек ниетпен аудандық экономика, бюджетті жоспарлау және кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Гүлнар Ахметованы сөзге тарқан едік.

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жыл сайын аудан бойынша 2 инвестициялық жобаны пайдалануға беру жоспарланып отыр. Соған байланысты былтыр 2 жоба іске қосылды. Олар: «Париж Коммунасы ХХІ» ЖШС-ның шошқа бағатын мал шаруашылығы кешені және «КазЦКУБ Нитрохим» ЖШС-ның аммонит өндірісі, — дейді Гүлнар Жәуетқызы.

«Парижская коммуна» ЖШС мал өсіру кешені шошқа өнімдерін шығаруға, өңдеуге және сатуға негізделген. Жобаның жалпы құ­ны — 2,4 млрд. теңге. Мұнда 40 мың бас шошқаны бордақылауға мүмкіндік бар. Нәтижесінде, 3 мың тоннадан астам ет өндіру жоспарланып отыр.  Шошқаны азықтан­дыру үшін сағатына 10 тонна

құ­рамажем өндіретін цех, ауысы­мына 150 шошқа сойылатын қасапхана да салынған екен.

Былтыр 327,8 тонна өнім өндірілген. Ал биыл қазанның 1-іне дейін өндірілген өнім —  3219,1 тонна. Оның ішінде Ресейге 1800,0 тонна ет экспортталды.

Өткен жылы пайдалануға берілген екінші жоба — аммонит шығаратын «КазЦКУБ Нитрохим» ЖШС.  Жыл сайын 714 тонна аммонит өндіру жоспарланған. Былтыр 300 тонна аммонит өндіріліпті.

Ал биылғы жоспарланған 2 жобаның бірі пайдалануға беріліп те үлгерген.

Маусымның 9-ы күні тұсауын кескен «Неохим» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде негізінен әктас өндіріледі (қуаттылығы — жыл сайын 10 мың тонна). Қазанның 1-і күнгі мәлімет бойынша, серіктестік 2687 (24,2 млн. теңге) тонна әктас өндірген.

Екінші инвестициялық жоба — «Аққұс» құс фабрикасы. «Көктас-Ақтөбе» ЖШС 3 құс қорасын қайта қалпына келтіріп жатыр. Жобаның құны — 150,0 миллион теңге. Мақсат — толық технологиялық жүйені құрайтын құс өндірісі кәсіпорнын құру. Фабрикадағы ескірген құрал-жабдықтардың барлығы германдық  және голландиялық жоғары технологиялы жабдықтармен ауыстырылған. Қазір 3 құс қораның 2-еуінің құрылысы аяқталды. Қалған 1 құс қорасы қараша айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Жоба желтоқсанның 7-сі күні іске қосылады, — дейді бөлім бастығы.

«Аққұс» құс фабрикасы 2006 жылдан бері жұмыс жасайды. Жыл сайын фабрика құс шаруашылығын дамытып жатыр. Бұл жөнінде Гүлнар Жәуетқызы былай дейді:

Аталған фабрика жалпы 23 құс қорасын салуды жоспарлаған болатын. Қазірдің өзінде 11 құс қорасы бар. Жыл сайын 2-3 құс қорасы пайдалануға беріледі. Жоба толық қуатында жұмыс істегенде жыл сайын 5 мың тонна ет өндіреді. Жоспарланған 23 құс қорасының 18-інде тауық, қалғанында балапан өсіріледі. Фабрика облыс тұрғындарының құс етіне сұранысын толық қанағаттандырып отыр.

Аудан бойынша 2012 жылға Қазақстанның Индустрияландыру картасына 2 жоба ұсынылыпты. Олар —  «Актеп» және  «Жаңа технологиялар «НефтеХиммаш» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жобалары.

—«Актеп» ЖШС-інде етті мал шаруашылығын дамыту мақсатында мүйізді ірі қараны бордақылау кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жобалық қуаты — 500 бас ірі қара. Қазір 180 бас Алакөл тұқымды ірі қара әкелінді. Ал «Жаңа технологиялар «НефтеХиммаш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мұнай-газ және химиялық өнеркәсіпке арналған фильтр өндіретін зауыт салады. Қазір құжаттары әзірленіп жатыр, — дейді Гүлнар Ахметова.

Г. МАХАНОВА,

Алға ауданы.

 

Үлгілі «Техник»

Ембі қаласындағы «Техник» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1996 жылдың тамыз айында құрылған еді. Содан бері мекемені Жайылхан Сәрсенбаев басқарып келеді.

Бастапқыда құрамында жеті адамы ғана бар, ауыл шаруашылығына қажетті техника түрлерін жөндейтін цех болып ашылған мекеме бүгінде айналасатын қызмет аумағын кеңейтіп, 47 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Мекеме ұжымы, атап айтсақ, барлық автокөлікті тасымалдау, құрылыс қондырғылар мен аппаратуралар жөндеу, күнделікті тұрмысқа қажетті темір және пластикалық терезелер, төбеге жайма металл дайындау, жер қазу, электрмен және газбен дәнекерлеу жұмыстары тәрізді тұрғындардан түскен тапсырыстарды ойдағыдай орындап, ембіліктердің ризашылығына бөленіп жүр. Олар «Техник» ЖШС-ның жұмыс сапасына, тапсырыс берушілермен қарым-қатынасына дән риза.

Бүгінде «Техник» ЖШС ұжымы қаладағы, көрші аудандардағы өткізілетін әр түрлі мерекелік шаралардан қалыс қалмайды. Мәселен, Шалқар ауданында Мөңке бидің аруағына арналып, ас берілгенде, киіз үйлерін апарып тігіп, алтыбақан орнатып, арнайы сыйлыққа ие болып қайтты. Ембідегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде болып жатқан жарыстарға, қала мектептеріндегі аз қамтылған отбасы балаларына жасап жатқан демеушілігі өз алдына бір төбе.

Тағы бір айта кетерлігі, аудан көлемінде «Жол картасы» аясында көптеген игі істер жүзеге асырылды. «Техник» ЖШС 2006 жылдан бері осы маңызды іске белсене атсалысып, жұмыссыз жүрген азаматтарға маусымдық әлеуметтік жұмыстар тауып берді. Биыл да мұнда «Жол картасы»  аясында  5 жас маман жастар практикасымен жұмыс істеп жатыр. Бұл — осындай маңызды іске құлықсыздық танытып жүрген басқа мекеме басшыларының қаперіне алатын-ақ жайт.

І.ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

Мұғалжар ауданы.

 

Росс ВАССЕРСТОУМ:

Қазақтың қонақжайлылығы,  ұлттық тағамдары мен музыкасы ұнайды

 

АҚШ-тың Чикаго қаласының тұрғыны Росс Вассерстоум осылай дейді. Ол қазір   №1 Мәртөк орта мектебінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі ретінде жұмыс істейді. «Корпус мира» бағдарламасы бойынша қазақ елінде қызмет етіп жатқан азамат алдымен Алматы қаласына келіп, орыс тілін үйренген. Қазақстанға келген кезде тек «Сәлеметсіз бе?» деген сөзден басқа орысша білмегендігін айтқан Росс Вассерстоум Америкада университетте испан, араб тілдерін үйренгендігін, үш айда орыс тілінде ойын жеткізе алатындай дәрежеге жеткендігін айтады.

Мамыр айында Мәртөк ауданына келген ағылшын тілінің мұғалімінің айтуынша, оның бүгінгі негізгі мақсаты —  балаларға ағылшын тілін жетік үйрете отырып, қазақ елінің құндылықтары мен мәдениетіне терең үңілу екен. Ол біздің ауданымызда екі жыл өмір сүретінін, екі жыл балаларға тіл үйрететінін, бұған қоса қазақтың салт-дәстүрін де бір кісідей білгісі келетінін мақсат етіп қойғандығын айтады.

Әсіресе, қазақтың қара домбырасының үнін ерекше ұнатады екен, қазір домбыра үйірмесіне қатысып, арнайы сабақ алып жүрген көрінеді.

— Домбырамен қазақ күйлерін ойнағым келеді. Музыкалық теориядан хабарым жоқ, сондықтан, домбыра үйрену өте қиын болатын шығар деп ойлаймын. Бірақ  мұғалімдердің табандылығы ұнады, маған үйретпей қоймас… Қазақ тіліндегі сүйікті әндерімнің бірі «Қара жорғаға» билеуді Алматыда жүргенде оқушыларым үйреткен болатын…

Бұған қоса, қазақтың ұлттық тағамдары қатты ұнайды, қазақ қонақжай халық екен. Мен әлемде мұндай қонақжай халық бар деп айта алмаймын. Бұл жердің ауа райы да тамаша, бірақ қыс қатты болады деп естідім, сондықтан қалың киімдерді дайындау керек болар…  Мәртөктің адамдарын айтсаңызшы, сондай ақжарқын, жайдары. Көшеде кетіп бара жатсам, танымайтын адамдар да менімен амандасып жатады, мұндай игі қасиет жер бетіндегі халықтың барлығында бірдей бар деп айта алмаймын.

Маған жұмыс жасауға барлық жағдай жасалып отыр, балалардың да ынтасы өте жоғары. Жалпы, Қазақ елінде білімге құштар жандарға тегін білім алуға мүмкіндік бар екен, бізде  мемлекеттік грантты ұтып алып, ақысыз білім алу — өте сирек кездесетін жайт, — дейді Росс Вассерстоум.

Ол қазір өзге мектептермен де келісімге отырып, Оқушылар үйінде де қосымша сабақтар беру жұмыстарын қолға алып жүр. Бұған қоса  футбол командасын жасақтап, бүлдіршіндерді салауатты өмір салтына дағдыландырғысы келетінін де айтады.

— Маған Қазақстан өте ұнады, —  дейді АҚШ-тың баласы.

Қадыр ағамыздың «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген сөзін Росс білмейтін шығар, бірақ бірнеше тілде еркін сөйлейтін әлем елдерінің волонтерлері, бір жағынан, өз тілін өзгеге үйретіп жатса, екінші жағынан, сол ұлттың тілін, мәдениетін үйреніп жатыр…

Лаура Мырзағалиева,

Мәртөк ауданы.

Екі ғасыр сақталған бойтұмар

Несібелі Ералина Ырғыз ауданына қарасты Жабасақ ауылының қызы екен. Туған ауылына төркіндеп барып, Шиеліге қайтып бара жатқан беті екен.

— Қарағым, мен шежіреші адаммын, әкемнің әкесі Шыналы қалпе атанған әулие кісі болған. Оның әңгімесінің өзі — бір дастан, — деді.

Біз кейуананың мойнына таққан бойтұмарына таңырқай қарап қалдық. Қазіргі бойтұмарлардан мүлде бөлек, түрлі әшекейлер жапсырылыпты. Күршек тәріздес түбі делдиіп, ауыз жағы сүйірлеу келген. Үстіңгі жағында тығыны бар, іші кеуек. Қанша уақыт өтсе де, сынын бермеген, жалт-жұлт етіп тұр.

Біз сұрақ қойып үлгермей-ақ, ол әңгіме тиегін өзі ағытты.

— Бұл бойтұмардың жасалғанына 200 жылдай уақыт өтіпті. Осы екі ғасыр ішінде бұл асыл бұйым сынын да, сырын да жоғалтпай сақталып келген.

Екі ғасыр сақталған жәдігерлік бұйым ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, менің қолыма тиді. Мұны мен еліме төркіндеп барғанда сексен жастағы Ернақып Баялин деген ағамнан алдым. Біздің жақта асылдың көзіндей саналатын қасиетті бұйымдарды алыстан төркіндеп келген қызға ұсынатын салт бар. Осы бойтұмарды тұтынған әулие атам Шыналы: «Менің немерем бе, әлде шөберем бе, әйтеуір бір ұрпағым желдің өтіне, елдің шетіне кетеді», — деп айтып кетіпті. «Сол сен болдың» деп ағам маған өз қолымен табыстап тұрып, таза ұста деп тапсырды. Мен атамның көзіндей болған қасиетті бұйымды қайда барсам да мойнымнан тастамаймын.

Шыналы атам қалпе атанған әулие адам болған. Меккеге жаяу жүріп, үш жыл дегенде барып қайтқан. Осы бойтұмарды мойнына тағып барып, зәмзәм суын құйып әкелген. Осы суды 10 жыл бойы емге пайдаланыпты деседі.

Несібелі апаның бойтұмардан басқа атасының көзіндей сақтаған басқа да көптеген жәдігерлері бар екен. Олар — қазмойынды, құсмұрынды жез құман, үш үзікті қайыс шашақ, тобылғы сапты шыбыртқы, сегіз өрме тобылғы сапты қамшы, қошқар мүйізді оюлы күміс білезік, күміс жүзік… Осы жәдігерлермен қатар жерлесі Темірбек Жүргеновтың немере келіні Күнжанның Несібелінің қызы Өміркүлге сыйлаған ақық тасты алқасы, Т.Жүргеновтың зайыбы Дәмештің студент кезінде сыйға тартқан әсемдік бұйымдар салатын қобдишасы тағы бар. Осының барлығын Несібелі апа сынын кетірмей сақтап отыр екен.

Асыл мұраны қастерлеуші Несібелі апай — екі бала өсірген, ұзақ жыл мектепте ұстаздық еткен, қазір зейнет демалысындағы бақытты ана.

М.ОРАЛБАЕВ,

Ырғыз ауданы.

Ауыл Жандостай ұландарын асыға күтеді

 

«Дипломмен — ауылға» жобасы басталғалы бері Әйтеке би ауданына 128 жас маман келсе, оның 101-і көтермеақыға, ал 27-сі бюджеттік несиеге қол жеткізді. Осының өзі аталған жобаның жастарды қолдауға, олардың ауылда тұрақтап қалуын қамтамасыз етуге арналғанын көрсетіп отыр.

Биылдың өзінде білім беру саласына — 35, денсаулық сақтау саласына — 10, мәдениет, спорт, әлеуметтік қамту салаларына екі-екіден жас мамандар келді. Олардың дені мемлекеттен берілген тиісті көмектерін алып болды.

Солардың қатарында аудандық мәдениет үйінің безендіруші-суретшісі Жандос Серимов бар.

Мектепте жүргенде-ақ сурет салуға икемді ол барлық безендіру жұмыстарын өзі атқара беретін. Оның салған суреттері аудандық байқауларда талай рет жүлделі орындардан көрінді. Аудан орталығындағы М.Жұмабаев атындағы орта мектепті бітірген бойда жүрегіне жақын саланы таңдағандығы да сондықтан еді.

Әрине, қалада безендіру жұмысымен  айналысатындарға жұмыс көп, әрі жалақысы да жоғары. Бірақ, Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті жанындағы көп салалы колледждің дизайнер мамандығын бітірген Жандос көп ойланбастан туған ауылына оралды. Оның қабілет-қарымын білетін аудандық «Целинник» мәдениет үйі оны бірден жұмысқа қабылдады. Қазір Мәдениет үйінде өтетін түрлі шаралар мен концерттердің, «Замандас» халық театры қойған спектакльдердің басты безендірушісі — Жандос.

«Дипломмен — ауылға» бағдарламасы арқылы ауылға жас маман боп келген Жандосқа қаржылай көтермеақы берілді. Қалаған оқуы оның мұратын бір арнаға түсірді.

— Қазіргі кезде өз өнімдерін көбірек өткізіп, таралуын арттыра түсу үшін жарнаманың атқарар міндеті зор. Ал бұл іс суретшінің еңбегінсіз ілгері жүрмейтіні анық. Безендіру тартымды жасалса, тауардың да тұтынушылары көп болмақ. Жалпы, қылқалам иелеріне тапсырыс көп түседі және қаламақысы да қомақты. Бірге оқыған жолдастарымның дені қалада қалды. Ал мен ауылға қайта бардым. Барлығы ойлағанымнан асып түсті. Ең бастысы,  сұранысқа ие мамандықты бітіріп, кәсіби маман болсаң, мемлекет бар көмегін аямайтынын түсіндім, — дейді Жандос.

«Дипломмен — ауылға» бағдарламасы арқылы Жандос пен оның замандастарының  өз ауылының көркеюіне үлес қосуы кейінгі жас толқынға үлгі боларлықтай. Ауыл да өз ұландарын күтеді…

З.БЕКОВ,

Әйтеке би ауданы.

ұйымдастырған Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button