Экономика

Қырман көтерілуге жақын

Күзгі науқан

Аудандарда күзгі науқандық жұмыстар бірыңғайланып келеді. Соның ең ауқымдысы да, жауаптысы да егін орағы болғаны даусыз. Қатарынан үш-төрт жылға ұласқан қуаңшылықтан кейін тәуір шыққан егінді жинап алуға бар күш жұмылдырылды.

Егісі ерте пісетін  оңтүстік аудандардың егіншілікпен айналысатын серіктестіктері мен шаруа қожалықтары жаңа егінді жинауға алдын ала қам жасады. Егін орағына қатысатын техника, адам маусым айының басында сақадай сай тұрды. Соның арқасы болар, Қобда ауданы 22,6 мың гектар дәнді дақыл алқабын, Мұғалжар – 16,4 мың гектар, Темір 6,2 мың гектар дәнді дақыл егісін ың-шыңсыз тез жинап алды. Дегенмен, биылғы жылы бұл өңірлерде егіннің шығымы ойдағыдай болмағаны да белгілі. Дәнді дақыл егісінің әр гектарынан 6,5-3,9 центнердің аралығында өнім алынды.

Астықты аудандардың қатарында аталатын Мәртөк, Қарғалы, Алға, Хромтау аудандары биыл да егістің көлемін көп кемітпеген еді.

Бір ғана Қарғалы ауданы дәнді дақыл егісінің көлемін 113,4 мың гектарға жеткізді. Қазір мұнда егін орағы толық аяқталып, әр гектардан орта есеппен 8,6 центнер өнім жиналды.

Мәртөк ауданының  дәнді дақыл алқабы биыл 92 мың гектарға жуықтады. Облыс бойынша астықтың ең тәуір түсімі де осы ауданда болды. Мәртөктік диқандар жинаған өнім — жалпы дәнді дақыл егісінің әр гектарына 10,4 центнерден айналды.

Хромтау мен Алға аудандарының егіс көлемін де биылғыдай жылы олқысынудың жөні жоқ. Бұл аталған аудандарда 85 мың гектардан 64,6 мың гектарға дейін дәнді дақыл егісі салынды. Бырсыпыра аудандармен салыстырып қарағанда, бұл өңірде астықтың түсімі де жоғары болды. Әсіресе, Хромтау ауданында тәуір өнім алынды. Әр гектарға шаққанда орта есеппен 7,3 центнерден келді. Ал алғалық диқандар дәнді дақыл егісінің әр гектарынан 5,7 центнерден астық алды.

Аудандармен бірге, Ақтөбе қаласының диқандары да жылма-жыл егіс салып келеді. Биыл да мұнда 17,6 мың гектар жерге дәнді дақыл егісі егіліп, әр гектардан 6,6 центнерден астық жиналды. Басқа өңірлермен салыстырғанда қалалықтар егін орағын дер кезінде, ұйымшылдықпен аяқтады.

Биылғы егін орағы науқанын астығы кештеу пісетін Әйтеке би ауданы да ыждағатты жүргізді. Бұл өңірде қысқа мерзімнің ішінде 167,9 мың гектар дәнді дақыл егісі жиналды. Облыс бойынша ең көп мөлшердегі егістік алқап та, астық та осы ауданда. Және таза бидай егісі. Бүкіл дәнді дақыл егісінің 3 мың гектардайы ғана — арпа егісі.  Бидай егісінің әр гектарынан аудан бойынша 5,9 центнерден, арпа егісінің әр гектарынан 7,8 центнерден түсім алынды. Егін шықпаған үш жылдан кейінгі қол жеткен өнім болғанмен, мұның өзі облыстың орта көрсеткішінен едәуір төмен.

Биыл облыс диқандары 571,2 мың гектар алқапқа тәп-тәуір дәнді дақыл егісін өсіріп, оның әр гектарынан орта есеппен 7,3 центнерден астық жинады. Арпа егісінің көрсеткіші бұдан да жоғары болып, әр гектарға шаққанда 10 центнерге  жуықтады.

Қазір көп жерде қырман көтеріліп, диқан қауымы техникаларын қаңтарып жатыр. Дегенмен, екі ауданда — Мәртөк пен Алғада егін орағы әлі толық аяқталмағанын да айта кету керек. Әсіресе, алдыңғы ауданда әлі де 9 мың гектардың үстінде орып, бастыратын алқап бар. Екі ауданда да қалған егінді жинап алуға техника, адам күші жетеді. Тек көптен жауын-шашынды болып тұрған ауа райы мүмкіндік бермей келеді.

Биыл Ойылдан өзге аудандардың диқандары тары егісін салып, жақсы өнім алды. Айталық, Хромтау ауданы тары егісінің әр гектарынан 12,5 центнерден, Қарғалы- 12,3, Мәртөк — 7,8,  Алға — 6, Ақтөбе қаласы — 5,9 центнерден астық жинап отыр. Тұтастай алғанда, облыс бойынша тары егісінің әр гектарынан түсім орта есеппен гектарына 7,4 центнерден келді.

Қазір күннің суытып, жерге қырау түсімен байланысты барлық аудандарда дерлік майлы дақылдарды жинау басталды. Біздегі майлы дақылдың түрі — негізінен күнбағыс. Мамандардың бағалауы бойынша, биыл өңірде бұл дақылдың шығымы да тәуір.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button