Экономика

«Экономика» газеті қандай басылым?

Жазылым

Қазақстанда халықтың экономикалық ой-түсінігі мен білім-білігінің дамуына қызмет ететін қазақ тіліндегі арнайы басылымдар жоқтың қасында. Тіршіліктің өзі негізінен экономикалық іс-қимыл, әрекеттердің есебінен қамтамасыз етілетін болғанымен, біздің қоғамда көбінесе әлеуметтік-мәдени тақырыптарды көтеру жағы басым.

Ал қазіргідей әлемдік қаржылық қиындық, экономикалық дағдарыс кезінде халықты экономика мәселелеріне қатысты қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету тіпті де қажет. Осы тұрғыдан дәл жаһандық экономикалық дағдарыс тұсында өмірге келген «Экономика» газетінің бүгінгі қазақ қоғамында атқарар қызметі де аса маңызды дер едік.

«Экономика» газеті 2006 жылдың желтоқсан айынан бастап Қазақстандағы тұңғыш апталық экономикалық басылым ретінде қазақ және орыс тілінде жарық көріп келеді. Ол басқа да қажеттіліктермен бірге негізінен қазақ тілді оқырмандардың экономикалық сипаттағы ақпараттарға деген сұранысын қанағаттандыруға бағытталған.

«Экономика» газеті болып «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамында дүниеге келген басылымымыздың бүгінгі күнге дейін 200-ден астам нөмірі жарық көрді. Газет бетінде Үкімет мүшелері, облыс, аудан әкімдері, ірі кәсіпорындардың, оқу орындарының басшыларымен сұхбаттар, еліміздегі индустриялық-инновациялық даму мәселелеріне арналған көлемді мақалалар, отандық экономиканың дамуына өзіндік үлес қосқан азаматтар жайында көркем очерктер жарияланды. Қазіргі нарықтық экономика жағдайында қоғамда жаңа кәсіпкерлік психология, экономикаға деген өзгеше көзқарас пен қызығушылық пайда болып келе жатыр. Қарапайым қатардағы кәсіпкерден бастап ірі бизнес өкілдері тарапынан күнделікті экономикалық жаңалықтар мен ақпараттарға деген қажеттілік пен сұраныс өсіп келеді. Олар өздерінің экономикалық түсініктерін кеңейтіп, білімдерін нығайта түсуге мүдделі. Себебі нарықтық жағдайды естіп, біліп үйрену және өз қажетіне жарату қажеттілігі кәсіпкерлерден осыны талап етеді.

Бір қиындығы, біздің осы күнге дейінгі бүкіл экономикалық ой-пікірлеріміз, түсініктеріміз кешегі кездегі кеңестік білім жүйесі арқылы санамызға сіңді. Соған байланысты экономикалық мәселелерді қазақ тілінде жазып жеткізетін тілшілер мен авторлар қауымы да аз. Тәуелсіздік шарапатымен елімізде ана тілімізге деген қызығушылық артып, алыс-жақын шетелдерден ата-жұртқа миллионнан аса қандастарымыз көшіп-қоныстанғанын, олардың басым көпшілігі кәсіпкерлік саласында екенін ескерсек, төл тілімізде шығатын экономикалық басылымға деген сұраныс пен қажеттілік жеткілікті екенін сеземіз.

«Экономика» газетінің негізгі мақсаты — еліміз аймағында болып жатқан экономикалық жаңалықтарды қазақ тілінде қарапайым да ұғынықты тілмен жеткізу, отандық экономиканың сан-саласы — ауылшаруашылығы, құрылыс, өнеркәсіп, қаржы саласы, тұрғын үй және т.б. секторлардағы түрлі өзгерістер мен түйткілді мәселелер жайында мамандардың, сарапшы ғалымдардың пікірлерін жалпы жұртшылыққа жеткізіп, оларды қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуге, сол арқылы халықтың экономикалық ой-түсінігінің өсуіне қызмет ету. Осы мақсатта газет редакциясы жанынан құрамына белгілі экономист-ғалымдар, қаржыгерлер, заңгерлер кіретін ақылдастар алқасы ұйымдастырылды. Олардың қатарында Ләзизә Айтбаева, Ұзақбай Айтжанов, Серік Ақанов, Рахман Алшанов, Айтқали Нұрсейіт, Тілектес Есполов, Оразалы Сәбден, Әбдісағит Тәтіғұлов, Ерлан Арын, Әли Әбішев, Жексенбек Әділов, Жетпісбай Бекболатұлы, Ғабдығапар Сейітқасымов, Әнуарбек Сұлтанғазин, Жантемір Хамзин сынды белгілі кәсіпкерлер, экономист ғалымдар бар.

Күн өткен сайын қалыптасып, қазақ тіліндегі экономикалық басылым ретінде еліміздің ақпарат кеңістігінен өз орнын табуға ұмтылып келе жатқан «Экономика» газетіне келешекте оның қоғамдық-мемлекеттік маңызын ескере отырып, еліміздің әкімшілік-саяси және кәсіпкерлік ортасында қолдау күшейеді деген сенім мол.

Ақас ТАЖУТОВ,

«Экономика» газетінің бас редакторы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button