Мәдениет

Алып еді Алтекең

Алтынбек Әкімжанов.

Бұл есімнің Ақтөбе облысының тарихында өзіндік орны бар. Ол — тарихи тұлғалар тудырған Ырғыз өңірінің төл перзенті.

Облыстың көптеген аудандарында басшылық қызметте болған ол, ең бастысы, адамдармен жұмыс істей білді. Жұртшылықты жігерлендірді, жақсы істерге бастады, алға ұмтылдырды. Екінің біріне беріле бермейтін жоғары атақ — Социалистік Еңбек Ерінің Алтын жұлдызы оның алып кеудесіне ерекше сән беретін.

Ырғыздықтар Алтынбек сынды асыл ағаға құрмет көрсетіп, аудандағы іргелі көшелердің бірін оның есімімен атауға ұйғарыпты. Бұл — алдағы жылы атап өтілетін Алтынбек Әкімжановтың тоқсан жылдығы қарсаңындағы ізгі шара болғалы отыр.

Сонымен, бүгінгі әңгіме арқауы — елдіктің еңсесін биік ұстап өткен дара тұлға туралы.

Алтекең сегіз қырлы, бір сырлы, алды жайқалған кең жайлау, арты толқындаған көк майса, тұла бойғы болмысы адамгершілік пен азаматтыққа тұнып тұрған дарқан жан еді. Ол би еді. Оның билігін ешкім де кесіп өтпеген. Ел өмірінде болатын небір саяси да, дүнияуи да шытырманы мол қалтарыстарда Алтекең салқынқандылықпен өзінің өте орнықты шешімін айтып, тығырықтан талай шығарған. Өзі де шыққан. Оның терең ұғымға толы тегеурінді дәлелдемелерін келтіріп байыптауы кім-кімді де тоқтатқан.

Бірде облыстық партия комитетінің бюросында «Қобда ауданындағы колхоздар мен совхоздардағы экономикалық тиімділік пен еңбек өнімділігін арттырудың жайы туралы» мәселе қаралады. Ол кезде бюроға келген басшылардың өзі абыржып, қымсынып келетін кез ғой. Міне, сонда Алтекең баяндама жасады. Мен ол кезде облыстық партия комитетінің нұсқаушысы ретінде бюроға қатынасатынмын. Ағамыз өзінің назар аудартар маңғаздығымен бюро трибунасынан елдегі тіршіліктің бәрін кесек-кесек қылып баяндай бастады. Аудан шаруашылықтары, шынында да, жақсы жағдайда еді. Баяндама біткеннен кейін бюро мүшелерінің бірі Алтекеңе қайта-қайта сұрақ беріп, «ана дерек анандай», «мына дерек мынандай», — деп қаптаған көрсеткіштер арасынан ілгіш тапқысы келіп ширықтыра берді. Әлгі сұрақ қоюшы: «Соңғы он жылдағы көрсеткіштер секірмелі, бірқалыпты емес. Бұны немен түсіндіруге болады?», — деп баяндамашының пәтін қайырғысы келді. Сонда Алтекең: «Ойыңыз дұрыс болар. Бірақ сұрақтарыңызға келісе алмаймын. Бұнда соңғы он жылдықта Қобда өңірінде ауа райының алты жыл құрғақшылық, төрт жыл ғана қолайлы болғанын ескеруіміз керек. Талдауды деректер заңдылығын табиғат заңдылығымен ұштастыра жүргізген жөн болар еді», — дегенде, залдағы отырғандар да, бюро мүшелері де аңтарылып қалғаны әлі есімде. Ал сұрақ қоюшы бюро мүшесі қызара бөртіп қалды.

Алтекеңнің аудандық партия комитетінің пленумдарын, бюро мәжілістерін жүргізудегі шеберлігі қандай десеңізші. Онда жалпақшешейлік жоқ. «Сол жиындар барынша тиянақты, адам жанына көлеңке салмайтын, бірақ зор жауапкершілік жағдайында өтетін», — деп еске алады Алтекеңмен бірге қызметтес болғандар.

Алтекең төре еді. Басшы адамның өмірінде жиі кездесетін ұсақ та, кейде қиқуы көп кикілжіңде ол маңғаздығын жоймай, аспай-саспай, сол болмысының өзімен-ақ жұртты сабасына салатын заңғар еді ғой.

Алтекеңнің мінезі Сарыарқадай сайын, сырбаз, жан бітімі сұлу, тұла бойы болмысы көрікті, ерекше жаратылған жан еді.

Алтекеңді мен бірінші рет 1960 жылдың шілде айының орта шамасында Байғанин ауданының орталығы Жарқамысқа жұмыс сапарымен барғанымда көрдім. Ол содан бір жыл шамасы, әлде бір жылдан өте уақыт бұрын ба, сол ауданға бірінші хатшы болып келген екен. Ауданның комсомол комитетінің бірінші хатшысы Сүндет Сарыбаевпен бірге Алтекеңе сәлем беруге кабинетіне кірдім. Алтынбек ағамыз ұзын бойлы, бидай өңді, қою қара шашты, бітімінде көрікті болып жаратылған адам екен. Оның бір көрер көрінісінен-ақ байсалдылық, көз жанарының жұмсақтығы, ә дегеннен алдындағы адамды кеңшілікке салып, өзіне тартып тұратындығы байқалды. Мен облыстық комсомол комитетінің нұсқаушысы ретінде аудандағы жастардың мал азығы қорын жасаудағы қарқынды еңбегі, осыған сай, олардың бүкіл облыс жастарына үндеуі жайлы өз ойымды баяндадым. Алтекең оны мақұлдап, тиісті адамдарға тапсырмалар берді. Сөйтіп, ағамыздың алдынан әжептәуір марқайып шықтық.

Өмір жолында Алтекеңмен қауышқан адамдардың барлығы дерлік сол кездердің өзінде-ақ, қазірде де «Шіркін, Алтекең асыл ғой, алтын ғой», — деп тамсанған, оған деген зор құрметті жүрекжарды шынайылығымен айтады. Бұның барлығы да оның кең парасатты ішкі танымын үнемі шыңдап, жетіліп отырғандығының жемісі болса керек деп ойлаймын. Бұл — кемеңгерлік.

Алтекең сонау сұрапыл соғыстан кейін-ақ қара нардың жүгін арқалаған екен. Бүкіл саналы өмірі Шалқар, Жұрын, Байғанин, Қобда, Исатай аудандарында, жалпы Ақтөбе облысының игілігіне қызмет етуге арналған екен. Сөйте тұра ол баз біреулердей «мен бүйттім», «мен өйттім» деп бәлсінуді білмеген таза жанды, таза жүректі, істеген ісі халық мұратына жаратылса болар деген тәубешілдігі мол өмір кешкен екен. Алтекеңді Алтекең еткен осы қарапайымдылығы болар.

Алтынбек Әкімжанов — өз заманының перзенті. Ол балалар үйінің тәрбиешілігінен бастап аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына, облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасына дейінгі дәрежеге жетті. Социалистік Еңбек Ері атанды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшелігіне сайланды.

Алтекең білімділігімен қоса асқан білікті адам еді. Ол жоғары білімді Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жанындағы партия мектебінен, ал білікті ата-баба рухын сақтаған халық университетінен алған. Өз елінің, халқының тарихын жақсы білетін, оны салалап айтып отыруды жақсы көретін.

Алтекеңнің кадрларды іріктеп, орналастыру және тәрбиелеудегі шеберлігі өз алдына жатқан дүние ғой. Оның болмысындағы ерекше бір қасиет — әр адамның бойындағы басқа жарандар сезе бермеген, тіпті сол адамның өзі де қадір-қасиетін байқамаған қабілет-мүмкіндігін көре білуі болатын. Әсіресе, жас кадрлардың тынысын ашып, олардың одан әрі қарыштауына сілтеме берген шебер басшы болды. Сондықтан да олар Алтекеңді «ұстаз» деп құрметтеп, алдынан кесе өтпейтін.

Алтекең — билік пен адамгершілік тізгіндерін азулатпай мәпелеп, баппенен ұстаған білікті адам. Сондықтан да ол — аудан деңгейінен шығып өз биігіне көтерілген ел перзенті. Дінмұхаммед Қонаев та Алтынбектің асылдығын таныған, сыйлаған. XXIV съезд барысында Алтекеңе «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілгенде, «Ә…, Алтынбек, міне батырлықтың биігіне сен де шық!» — деп қолын қысып, құттықтаған екен.

 

Зәкіраддин Байдосов,

профессор, облыстың құрметті азаматы.

Адами асқақ тұлға

 

Мен Алтынбек Әкімжанов туралы ойланғанымда оның өмірінің ең мағыналы сәттері Қобда ауданында өтті ғой деген тұжырымға табан тіреймін. Аудан экономикасында жерді тиімді пайдалану, егіншілікті өрістету, мал шаруашылығын оңтайлы дамыту секілді күрделі міндеттер ерекше орын алатын. Мал тұқымын асылдандыру, өнімділікті арттыру секілді озық технологияға негізделген шаруалар да жетіп артылатын.

1962 жылдың сәуір айында осы өңір тізгінін қолға алғанда Алтынбек Әкімжанов қылшылдаған қырық жаста еді. Ол бірден байыпты басшы екенін көрсетті. Аудан аумағындағы бүкіл шаруаны алға ұмтылдырды. Көп ұзамай егіншілік көрсеткіштері көтеріліп, мал өнімдері молынан тапсырыла бастады.

Оның айналасына білікті кадрлар топтасты. Ең бастысы, кадрлардың біліктілігін арттыру, оларға қатаң талап қоя білу, жұмыстарын жетілдіру бұл азаматтың бойына біткен ерекше қасиетті білдіретін. Сол «бәрін де кадр шешеді» деген принцип біздің ауданда басты орында ұсталды.

Алтынбек Әкімжанұлы еңбек адамдарының арасында жиі болатын. Оны біз малшылар мен механизаторлар, егіншілер арасынан жиі көретінбіз. Өзара түсіністік түпкі нәтижеге тез жеткізетін.

Қазір оның арамыздан кеткеніне де біраз жылдар болып қалыпты. Бірақ біздің аяулы досымыздың жарқын бейнесі, айналасындағыларды ізгілікке шақырып тұратын адами асқақ тұлғасы аласармақ емес.

Федор ЧЕМОДАНОВ,

еңбек ардагері.

 

Есімі ел есінде

 

…Алтынбек Әкімжанұлының Байғанин ауданына басшылыққа барған кезі елдің жоқ-жітік тұсы болатын. Партия қызметінің ерекшелігі — жоғарыдан не айтса да ләббай деп жүгіре жөнелу ғой. Алтекеңде көбіне ойлылық басым болатын.

Елуінші жылдардың аяғы, алпысыншы жылдардың басында жоғарыдан жеке меншіктегі малды азайту жөніндегі шешім шығып, малмен күнелтетін қазақтарға ауыр соқты. Осы кезде Алтынбек не істеу керек деген сұрақтың шешуін іздестірді. Қаулыда әр отбасына рұқсат етілетін малдың саны көрсетілген. Ал ауылда бар малын әкесінің атына жаза салатын әдет бар. Отбасы бала-шағаларына еншіге бөліп, әрқайсысына жеке жаздыруды халыққа үйретіп, Алтекең әр үйдің малының көбін Хрущев апатынан аман алып қалу шарасын алды. Ауылдық кеңестің төрағаларына осылай тапсырма берді. Міне, оның салиқалы осындай шешімдері көп болатын. Адамдарды іскерлікке, ойлы шешімдерге бағыттайтын-ды.

Байғанин ауданында ол екі жыл сегіз айдай ғана басшылықта болды. Өте аз еді. Менің атамекенім Жем-Сағыз өлкесінің халқы Алтынбек Әкімжанұлын туған ұлындай әлпештеді, жақсы ізгі кісі деп қабылдады, үлкен қимастықпен шығарып салды. Бірақ онымен істес, үзеңгілес болғандар әлі де ұмытпайды.

Алтекең кадрларды іріктеу және орналастыру принципінде қатаң ұстанымға ие болды. Көптеген кадрлардың өсуіне қолдау көрсетті. Жаңа құрылған Исатай ауданының басшы кадрларын іріктеуде ұлтымыздың есесі кетпеуін қатты ойластырды. Қолынан іс келетін ұлтының азаматын өзінің төңірегіне топтастырды, қолдау көрсетті. Басқа ұлт өкілдерімен де қоян-қолтық аралас-құралас бола білді. Оларды да шебер пайдаланды.

Алтынбек Әкімжанұлының рухы жастарға сұлу мінез, мәдениетті қасиет, нұрлы жақсылық әкелетініне сеніміміз мол.

Ниетжан Берікұлы,

профессор,

Ақтөбе облысының құрметті азаматы.

 

Өнегесі өрісті еді әкенің…

Алдағы желтоқсанда әкемнің дүниеден өткеніне он бір жыл болғанымен, біздің жүрегімізде оның дидары, нұр бейнесі сол күйінде сақтаулы.

Әкем тіршілікте адамгершілікті, шындықты, бірлікті ту етіп ұстаған, адалдықты ардақтаған адам еді. Бізді, балаларын тұрмыста да, қызметте де осы қасиеттерге үйретіп  кетті.

Жас кезімнен есімде қалғаны, ол бала тәрбиесіне өте көп көңіл бөлді, жұмыстан шаршап келсе де, үйге есіктен кіргеннен бастап біздің көңіл күйімізді, немен айналысып жатқанымызды, оқу үлгерімдерімізді білдіртпей байқап, жетістіктеріміз болса мақтауын аямай және істеген еңбегімізді барлығымызға жариялап, қалғандары содан жақсы үлгі алсын дейтін еді. Мен үйдің үлкені болғандықтан кішкентай кезімнен шаруаға араласып анама көмекші болдым, өзімнен кішілерге  қараймын, үй ішін жинаймын. Сонда кешке жұмыстан келген әкем: «Ләйләш үйді әдемілеп жинапты, біздің Ләйләш жұмысқа жауапты, мамасына көмектеседі», — деп басымнан сипайтын еді. Әкөмнің сол айтқан сөздері осы күнге дейін есімде қалып, келбеті көз алдыма елестейді.

Әкем әр баласын өз алдына аялап, айналып, кеңес беріп, дұрыс жолға бағыттап отыратын. Сол кездегі әкемнің жасын өзімнің, қатарластарымның қазіргі кейпімен салыстырсам, оның ерекше ақылды, парасатты адам болғандығына көзім жетеді.

Кішкентай кезінен бастап үлкен өмірге өз бетімен аттанған, қиыншылықтарды жеңе білген, өз еңбегімен қызмет баспалдағының ең төменінен жоғарысына көтерілген, сүрінбей, шаршамай, ешкімге қиянат, жәбір көрсетпеген, Еңбек Ері атанған әкеміз балаларын да адал еңбек жасауға тәрбиеледі.

Отбасымызда болатын мерекелерде тума-туыстар, қонақтар, балалары әкемнің өз өмірінде болған оқиғалары, ел тарихы, ата-баба, ұрпақтары туралы айтқан әңгімелерін сүйсініп тыңдайтын едік, олардың үлкен тәрбиелік маңызы бар екендігін әлі күнге дейін сезінемін.

Өмірінің соңғы жылдарында осындай отырыстарда әкем бізге төгілтіп батасын беріп, балаларына ризашылығын білдіретін еді.

Әкем мен аяулы анамыз Жұмагүл елу жылдан астам тату сыйлы өмір сүрді, анам әкемнің өмірлік серігі, қажырлы істерінің дем берушісі болды.

Палуан денелі, нұр жүзді, табиғат берген сұлу тұлғаны түзу ұстап, аспай-саспай ақыл беретін әкеміз мәңгілік жүрегімізде тұрады.

Ләйла Алтынбекқызы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button