Мәдениет

Сұңғыла үміт жымитты, жылатпады

Нұрлыхан Нуруллақызы — поэзияға 90-жылдардың ортасында келген буынның өкілі. Қазақ поэзиясының шыңы саналған Қадыр Мырзалиев ағамыздың өзі жұпыны тірлігіне шағынып, «Аш-жалаңаш ақындар» деп мақала жазып жүрген 90-жылдардың ортасында жас ақындарды кім жарылқай қойсын? Сондықтан ба, бұл буын өкілдерінің көпшілігінің кітаптары оқырман қолына кешігіп тиді. «Ештен жақсы», әрине.

Бұрын Нұрлыханның өлеңдері оқырманға облыстық, республикалық басылымдар және «Толқыннан толқын туады» атты жас ақындардың жыр жинағы (1995 жыл) арқылы жеткен болса, ал жуырда тұңғыш кітабы жарыққа шықты. Қазақстан Жазушылар одағы поэзия бөлімінің меңгерушісі, халықарылақ «Алаш» сыйлығының лауреаты Жәркен Бөдешұлы бұл кітапта: «…өлең өнерінің қыр-сырын жақсы меңгерген ақынның ғана қолынан келетін жақсы туындылар баршылық. Ең бастысы, Нұрлыхан — өзіндік ізденіс жолына түскен ақын», — дейді.

Біз Нұрлыхан ақынды тұңғыш кітабымен құттықтап, оның ізденістеріне сәттілік тілейміз.

Ал оқырманға — жақсы жыр…

Бақыт жайлы

 

Бақыттымын, бақыттысың сендер де,

Бақытыңды еш нәрсеге теңгерме.

 

Көп демегін әлдекімнің қайғысы,

Туылған жоқ төрт құбыласы сай кісі.

 

Есеп емес бұл фәнидің шолағы,

Әр жапырақ мезгілінде солады.

 

Мүсіркеме, мүсіркеме ешкімді,

Мейлі, біреу өз бақытын кеш білді.

 

Бақытыңды басқалардан сұрама,

Талайыңды, сарайыңды сыбама.

 

Бақыт сенен  қашып мәңгі кетпейді,

Себебі ол кеуделерде көктейді.

 

Бақыт деген — өз үніңнің құнары,

Әр ісіңді іштен бағып тұрады.

 

Неге, құрбым, сонша күйреп, езілдің?

Өзіңді өзің бақытты деп сезінгін.

 

Бақыттымын, бақыттысың сендер де,

Бақытыңды еш нәрсеге теңгерме.

 

Іздеймін сені

 

Іздеймін сені мазасыз шақтар

сарсаңға салып кеткенде,

Іздеймін сені қиқулап құстар

Төбемнен қалқып өткенде.

Жабығып жаным жүремін жалғыз

жайраңдап, шалқып бір күлмей,

Тілдесе қалсаң, сырымның бәрін

Айтуым қиын іркілмей.

 

Іздеймін сені көңіл айдынын

басқанда  ойдың мұнары,

Іздеймін сені жетелеп қиял

әкеткен кезде тым әрі.

Тұнжырап түндей, талаурап таңдай

Енемін елтіп мың түрге

Жаны бар жақын, жасырын жат үн,

Не дерсің өмір шіркінге?!

 

Іздеймін сені із кесіп сезім,

Дүниемнің тыңдап дүбірін,

Іздеймін сені үп еткен үлбір

Күйіңнің естіп күбірін.

Айтамын арнап сұрыптап жиып

Жырымның сұлу термесін,

Бермекке іркіп, түрмекке түртіп,

Құпия сырдың пердесін.

 

Іздеймін сені, іздеумен, бәлкім,

Шарқ ұрып мәңгі өтем де,

Өңімнің өзге өңірін өлшеп,

Тәтті түс кіріп өтер ме?

Сағыныш — сағым жолымның бағын

Ашардай арбап, алдайды.

Көнеміз үнсіз, себебі сен боп

Сағынтсын, мейлі, бар қайғы.

 

Іздеймін сені, іздеумен мүмкін,

Шалығың тиіп өтем де,

Қияда қымбат алыстан үн қат,

Жаттанам жақын жетем де.

Тартылыс — ағын, сағыныш — сағым

Сиқырлай шырмап, алдайды,

Төземін үнсіз, себебі сен боп

Төрлесін мейлі бар қайғы.

 

Фәнидің бұлақтары

 

Жыл кетті құлап таңы… Жырақ тағы…

Сұңғыла үміт жымитты, жылатпады.

Жан-жүректің әжімін жазады жыр —

Фәнидің бұлақтары!

 

Сусиды өмір, сыр сіңіп топыраққа,

Тылсым. Тұнық. Дүр ойды тоқы жадқа.

Жарық сүйген жанардың шоғына кім

Үңілер оқымаққа?!

 

Әп-сәтті, бір-ақ күнді, бір аптаны,

Саналы сүюге мұң тұрақтады.

Жүректей жанартауда жаңғырық жыр,

Мәнді иіт құлап тағы,

Фәнидің бұлақтары!

 

Диалог

 

— Неге қымбат бұла шақ?

— Көп күнәдан тұр алшақ.

 

— Неге сырлы қара түн?

— Түнде арға өлшем сағатың.

 

— Неге сұсты ну орман?

— Сансыз саулап, суынған.

 

— Ақбас тау неге қарасұр?

— Көпке куә дара сол.

 

— Неліктен бұлақ тұп-тұнық?

— Бастауда жатыр мықтылық.

 

— Алады кімдер дана атын?

— Қияны болса шалатын.

 

— Пір тұтқан неге ақынды?

— Іркілмей айтар қапыңды.

 

— «Тереңдік» деген немене?

— Көкірек көзге кереге.

 

— «Биіктік» деген қай ұғым?

— Жиылған іштен айылың.

 

— «Кеңдікті» қалай түсіндік?

— Шапағаты бар ісіңді ұқ.

 

— Парасат қалай көрінер?

— Ісінен ізі төгілер.

 

— Күн сүйіп тұрып, мұң сүйдім?..

— Шын сүйгін, сонда — шын шүйгін.

Бейтаныс суретші

 

Іздедің нені, сұлулық болса,

Көктемді неге салмайсың?

Күзіне ғашық көктемсіз жүзден

Көзіңді келіп алмайсың.

 

Жүрегімнен жат сансыз ойымды,

Жинақтап, салсаң, көнер ем,

Ақылдан алшақ жүрек тойымды,

Суреттеп берсең, елер ем.

 

Бейнелеп берем ақысыз,— дейсің,

Көргенің — өздік танымың.

Салып бер маған бір нәзік мәнді —

Ажары айдай, жаны — мұң.

 

Ай елі

 

Үн қатпа маған, үн қатпа,

Сәулеңе сырың жұмбақта.

Әңгіме менде, сенде емес,

Мендегі сендік жұрнақта.

 

Көш тарттым жөнің көрмекке,

Жаратқан шуақ — Төр-Мекке.

Әңгіме менде, сенде емес,

Мендегі сендік өрнекте.

 

Ай қызы қалған түнекте,

Сағыныштың өзі — бір өкпе.

Әңгіме бірақ сенде емес,

Ондағы сендік жүректе.

 

***

 

Иірім де көңілде,

Мейірім де көңілде,

Шымқай түсті шытырман

Не болмайды өмірде.

 

Бәле тегі өзіңде,

Сыр сәулесі көзіңде.

Ашылмаған ақиқат —

Айтылмаған сөзіңде.

 

Жастың, мейлі, қарттың да

Қалар өмірі артында.

Тірлік деген — тастақ жол

Аяңдаудан тартынба.

 

Тасырқайсың, тозасың,

Үмітпен озасың.

Шығыршықта тағдыр-жіп

Біткенінше созасың.

Бетті әзірлеген И.ӨТЕМІС.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button