Мәдениет

Ұстаз үлгісі

Адам қанша есейіп кетсе де, бала шақтағы әдемі бір әсерлер көңілінен кетпей тұрып алатыны бар. Сондай ретпен сонау артта қалған мектептегі қайталанбас кезеңдерімізді ойға алғанымызда ұлағаты мол ұстаздарымыздың арасынан Әбдіраш Жұмағалиев ағайымыздың тұлғасы айрықшаланып көрініп тұрады.

Ол кезде, яғни алпысыншы жылдары жан-жақтан жетіжылдықты бітірген түлектер сегізінші сыныпта оқу үшін Шалқар қаласындағы іргелі білім ордасы №1 орта мектепке жиналатын.

Мектептің оқу ісінің меңгерушісі біздің алдымызға орта бойлы, әдеміше келген ұстазды ертіп келді де, «физика-математика пәнінің мұғалімі Әбдіраш ағайларың бүгіннен бастап сынып жетекшілеріңіз болады, сіздердің оқу үлгерімдеріңіз, тәртіп-тәрбиелеріңіз, таланттарыңыз осы ұстаздарыңыз арқылы өрістейді»,— деп таныстырды.

Сол күннен бастап ұстаз бен шәкірттер арасында ерекше сыйласым пайда болды, біз ол кісіні басқаларға қарағанда ерекше жақын тарттық. Әр жерден келген, таным-түсінігі, өмірді қабылдау деңгейі әр қилы он төрт-он бес жасар жасөспірімдер мен қыздардың тіл табысып, бір үйдің баласындай болып ұйыса кетуі оңай емес шығар. Біз бірақ ұстазымыздың бәрімізді бір мүддеге бағындырып, орта мақсат жолына түсіре білуінен тез жақындасып кеттік. Біз үшін сынып намысы басты орынға шықты.

Сол кезде жиырма бес жастағы мұғалімнің бізге өмірдің талай сынағынан өтіп, тәжірибе жинаған, ұлағат үлгісін көрсете білетін үлкен ұстаздардай көрінгендігіне енді таң қала қараймыз.

Ол кезде үздік оқушыларды іріктеп, комсомол қатарына қабылдайды. Ал бұл дегеніңіз — біздер үшін ерекше жетістік. Ағайымыз осы жолда аянбай еңбек етті. Жақсы оқыған, тәртібі үлгілі шәкірттерін ілгері жетелеуден, қиялымызға қанат бітіруден жалықпайтын.

Әбдіраш ағай аудандық партия комитетінің мүшесі ретінде көп игілікті істерге бастамашы бола  білді. Ол кезде біздің мектептің көп оқушылары теміржол интернатында жататын. Ұстазымыз интернаттың санитарлық жағдайы мен тамақтану тәртібін, азық-түлік рационын әлсін-әлсін қадағалап жүретін. Сондағы ойлайтыны — біздің жағдайымыз екен ғой. Ал мектептен бөлек интернатты қарауға аудандық комсомол комитетінің штаттан тыс хатшылығы лауазымы мүмкіндік беретін.

Бірде ол мені ұстаздар бөлмесіне шақырып алып, «Сен сықақ өлең жазады екенсің, мектепте «Крокодил» қабырға газетін шығаратын редактор боласың, ал Тасқан Аяпов суреттерін салады, бұл — екеуіңе комсомолдық тапсырма»,— деді.

Бір қызығы, жағдай ушығып кетеді деп ойлады ма, мұндай қабырға газетін шығаруға мектеп директоры көпке дейін рұқсат бермегенге ұқсайды. Бәрібір Әбдіраш ағай ұстанған мақсатынан қайтпады. Дегенмен, бұл бізге оңайға соқпады. Ара-арасында сын тезіне алынған тентектерден таяқ жеуге тура келді. Бірақ аудандық оқу бөлімінен алғыс алғанымыз және бар.

Сынып жетекшіміз спорт мәселесіне де қатты көңіл бөлді. Соның нәтижесі болар, арамыздан Ерболат Шектібаев, Күләш Нашанова, Тұрсын Іздібаева секілді желаяқтар шықты, олар мектептегі сайыстарда ылғи топ жаратын.

1965 жылы мектеп бітіргенімізде біздің достарымыз Иманияз Ерішов алтын, ал Әбуғали Жұмағұлов пен Мәрия Қосмәмбетова күміс медаль алып, мерейімізді асқақтатты. Осының қай-қайсысында да Әбдіраш ағайымыздың үлесі аз болмайтын.

Ол біздің алтын ұямыздан сәт сапар тілеп, үлкен өмір жолына шығарып салды. Біз де ұстаз үмітін ақтауға тырыстық. Сол жылы Ленинград, Саратов, Алматы, Ташкент, Орал, Ақтөбе секілді арман қалаларда көбіміз студенттік өмірді бастап кеттік. Егер оқу орнына түсудің сол уақыттағы қиындығын ескерсек, бұл да — ұстаз еңбегінің жемісі екендігінде дау бар ма?!

Біздер, бір жылдың түлектері кейін де есейіп, бас қосқанымызда ұстазымыздың тәлім-тәрбиесін,  өнегелі істерін еске алып, оны алдымыздағы бағдаршамдай сезініп жүрдік. Балалық шақта мән береміз бе, кейінірек ол кісінің өзімен әңгімелесіп, сұхбаттасқанымызда ағайымыздың өмір жолын тереңірек білгендей болдық.

Әбдіраш аға 1959 жылы Орал қаласындағы А. С. Пушкин атындағы педагогикалық институттың математика факультетін бітірген соң еңбек жолын Шалқар қаласындағы мектеп-интернатта бастапты. Одан кейін осы өңірдегі білімнің қара шаңырағы аталатын №1 мектепке математика және физика пәндерінен сабақ береді.

Көп ұзамай оған әр түрлі басшылық қызметтер ұсыныла бастайды. Сөйтіп, Жангелдин атындағы мектеп директорының орынбасары, одан кейін Ақтоғай орта мектебінің директоры қызметтерін атқарады. 1988 жылы Дамбар орта мектебін басқаруға жіберіледі.

Ұстаз шәкіртімен мақтанады ғой. Кейіннен еліміздің өнер саласындағы белгілі тұлғаларының біріне айналған Байеділ Наурызовтың мектептегі сәттерін ағайымыз әлі күнге дейін айтып отырады. «Ол мектепте көркемөнерпаздар секторын басқарды, қандай да сауық кештерін жоғары деңгейде жүргізетін»,— деп сүйсіне әңгімелейтіні бар. Сондай-ақ ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен Темірболат Бітегенов деген шәкірті мектеп комсомол ұйымының хатшысы болып сайланғанда үлкен үміт артып еді, ол көп ұзамай ұстазының шын мәніндегі оң қолына айналды.

Ағайымыздың тағы бір ерекшелігі, аптаның әр күнін белгілі бір шараларға ыңғайлап қоятын. Мәселен, дүйсенбіде үлкен үзілісте алдыңғы апта қорытындыланады. Онда оқушылардың жалпы оқу үлгерімі сарапталады. «Ең таза күнделік», «Саналы оқушы» номинациялары бойынша оқушылар іріктеледі. Ал сейсенбіде «Мен уақытымды қалай пайдаланамын?» деген тақырып қозғалады. Оқушылар өз ойларын-пікірлерін білдіреді, талас-тартысқа түседі.

Сәрсенбі — музыка күні. Мектепте домбыра, жас таланттар, көркемөнерпаздар үйірмесі жұмыс істейді. Осы үйірмелер арқылы жас буынның музыкаға бейімділігін арттыру көзделеді.

Бейсенбі — нақыл сөздер күні. Бұл күні оқушылардың мақал-мәтелдерді қаншалықты білетіндігі сынға түседі, балалар өзара сайысқа түседі. Оның соңы тіл байытуға арналған танымдық кештерге ұласады.

Апталықтың жұмасы әзіл-сықаққа арналады. Ал сенбіде көңілді кештер ұйымдастырылады.

Мұндай апталықтар өтіп жатқан уақытта мектеп өмірінен мол мағлұмат беретін әсем безендірілген стенділер, қабырға газеттері жар салып тұрады. Әр түрлі тақырыптағы фотомонтаждар жұртшылық назарын аударады.

Мен кейде ойлаймын, осы Әбдіраш ағамыз сынды осындай тамаша да тағылымды шаралар ұйымдастыратын тапқыр мұғалімдер қазір бар ма екен деп.

… Қазір біздер, Әбекеңнің шәкірттерінің өзі ақсақалдық жасқа жетіп қалдық. Бірақ ұстаздың алдында әлі де баламыз. «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері», басқа да атаулы марапаттардың иесі болып, бүгінде қадірлі қарттықты бастан кешіп отырған Әбдіраш Жұмағалиев аға өмірлік қосағы Қойжан апайымызбен бақытты тірлік кешуде. Бес баланы қанаттандырып, олардан біраз немере сүйіп отыр. Қойжан апа — қалаға қарасты Қарғалы селосындағы «Геолог» мәдениет үйіндегі «Асыл әжелер» халықтық ансамбілінің ең жасы үлкен мүшесі. Баланың үлкені Оралбек Мәскеу қаласындағы  «Mary kay» бизнес орталығында қызмет етеді. Қалғандары да сол ізбен бүгінгі уақыт талабына сай еңбек етуде.

«Балаларым да, немерелерім де темекі деген пәлені ауыздарына алған емес»,— деп Әбдіраш аға кейде айналасындағыларға салауатты өмір салтын нақты мысалмен насихаттап отыратыны сондай жарасымды.

Бұл да — ұстаздықтың бір үлгісі. Иә, шынында да нағыз ұстаз өмір бойы сол ұстанымында қала береді екен ғой.

Кенжемұрат НҰРМАНҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button