Денсаулық

Жанарың — жарық жұлдызың

Көз — көңiлдiң де, өмiрдiң де айнасы. Мына өмiрде бәрiмiз де екi көздi маңдайдағы екi жұлдызға теңейтiнiмiз сондықтан. Ендеше, жанарыңыздың жарық жұлдыздай жарқырап тұруына  көз  дәрiгерлер де тiлектес екенiн естен шығармағаныңыз жөн. Егер адам көзіндегі сұйықтың қалыпты айналу жағдайы бұзылса, көз ішінің қысымы жоғарылайды, глаукома ауруы пайда болады. Соның әсерінен сұйықтық жиналып, көз ішілік қысымның жоғарылауына әкеледі. Глау­кома — көз ауруының ең  қатерлісі, асқынған түрі, қазақы тілмен жеткізсек, жанардың мүлде семуі, яғни суқараңғылық. Глаукома грек тілінен аударғанда «көк түс» деген сөз. Өйткені, бұл аурудан соқыр болған кезде қарашықтың көлемі ұлғайып, оның ортасы көкшіл сары болмаса су  құйылған тәрізді болып көрінеді. Глаукомамен ауыратын науқас көз алдындағы затты анық көре алмайды. Сол себепті көздің бұл ауруын халық арасында «көксу» немесе «суқараңғы» деп айтады. Глаукома тұқым да қуалайды. Демек, ата тегінде көз науқа­сынан зардап көргендер болса, онда олар міндетті түрде дәрігерге тұрақты қаралып отырғаны жөн.  Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының есебi бойынша суқараңғы (глаукома) ауруы жасы қырықтан асқан адамдардың екi пайызында кездеседi екен. Бұл көздің қалыпты жағдайдағы жұмысын төмендетіп, көздің торлы қабығына келетін жүйке тіндерінің жұмысы бұзылады. Егер дер кезінде емделмесе, адамның көру қабілеті нашарлап, тіпті соқырлыққа да әкелуі мүмкін. Суқараңғы 40-50 жастағы адамдар арасында пайда болады, кей жағдайларда жас балаларда (іштен туа біткен) және жасөспірімдерде кездеседі.

Суқараңғының басты белгісі көздің ішкі қысымының өз нормасыннан жоғары (көтеріңкі) болуы. Сау көздің  ішкі қысымы сынап бағанасы бойынша 18 миллиметрден 26 миллиметрге дейінгі шамада болады. Ал суқараңғы ауруы бар көзде оның ішкі қысымы 40-50-60 миллиметрге дейін көтеріледі. Суқараңғымен ауыра бастағанда сырқаттанған адамның өзіне білінетін (субъективті) белгілер мынадай: көздің алдында анда-санда түтін, тұман тұрған сияқты, не көздің үсті мен самай, маңдай аумақтары сырқырап, шаншып әлсін-әлсін ауырады. Осы сәтте адам жанып тұрған отқа не шамға қараса, оның жиегінен жаңбырдан соң болатын кемпірқосақ тәрізді қызыл-жасыл, көк түсті шеңбер көрінеді. Бұл субъективті белгілер кейде көрініп, кейде көрінбей адамның жүйкесіне тиеді. Кейде көз жасаурап, жас аға береді. Сондықтан адам оқығанда не жазғанда көзі тез талып, көруі нашарланған соң көзілдірікті жиі ауыстыра береді. Осылайша жүре келе адам кейде ренжіп-кейігенде не ұзақ уақыт қараңғы жерде кино, теледидар қарағанда болмаса ауыр жұмыс істеп шаршағанда суқараңғының мұндай созылмалы түрі оның кенет ұстамалы сатысына айналуы мүмкін. Бұл жағдайда адам лоқсып құсады.  Аурудың бастапқы кезеңінде көздің алды тұманданып, жарыққа қарағанда, “кемпірқосақты” көргендей белгілер байқалады. Науқас көз алдындағы затты анық көре алмайды. Бұл белгілер әуелі бір көзде байқалады. Әсіресе, таңертеңгілікте 1-3 сағаттай көз, самай және маңдай тұсын бір нәрсе қысып тұрғандай әсер байқалады. Суқараңғы аяқ астынан да дамуы мүмкін. Бұл кезде бір жақ көз, бас қатты ауырады. Науқастың көзі қызарып, қабағы ісінеді, көру қабілеті төмендейді. Кейде адамның жүрегі айнып, құсады. Аурудың алдын алу үшін 40 жастан асқан адамдар жылына 1 рет көз қысымын тексертіп тұруы қажет. Суқараңғы жұқпалы ауру емес, бірақ тұқым қуалауы мүмкін. Емі: көздің қарашығын тарылтатын дәрілерді  дәрігердің тағайындауымен  миотикалық режим бойынша қабылдау керек. Режим (8 сағат түнгі ұйқы, дұрыс тамақтану, оқығанда, жазғанда, теледидар көргенде жарықтың дұрыс түсуі, т.б.) қатаң сақталуы қажет. Дәрі-дәрмекпен емдеу көмектеспесе  хирургиялық  операция жасалады.  Кезiнде анықталып, емделмеген суқараңғы 4-6 жылда соқырлыққа әкелiп соқтырады. Бұл ауру көбiнесе ауырмай басталып, өршидi. Сондықтан бұл аурудың алдын алудың бiрден-бiр нәтижелi шарасы жыл сайын бiр рет көз қысымын өлшету болып табылады. Мұндайда дә­рі­герге көзді қалпына келтіру емес, қал­ған жарықты сақтап қалу мүмкіндігі ғана тиеді екен. Сон­дықтан, кешігуге болмайды.

Г.КУЗДЕУБАЕВА,

көз дәрігері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button